Той – қуаныш па, шығын ба?

Той – қуаныш па, шығын ба? Сурет: Ernur.kz

«Қазақтың тойы бітпесін» дейді халық. Дегенмен, кейінгі жылдары бұл тілек шынайы қуаныштан гөрі шектен тыс шығын мен әлеуметтік қысымға айналып бара жатқандай. Бүгінде айына екі тойға баратын адамның қалтасына едәуір салмақ түсіретіні жасырын емес. Той иесінен бұрын, қонақтың өзі де біраз әуре-сарсаңға түседі: ең әуелі «не ала барамыз» деген мәселе, артынан «не киіп барамыз» деген тағы бір уайым. Осылардың барлығы – босқа шашылудың, мақсатсыз ысыраптың айғағы.

Ауылдағы ағайын тойға шақырту алса, күні бұрын дайындалып, ат арылтып жолға шығады. Жақын маңда болса бір жөн, кейде мыңдаған шақырымды артқа тастап, қалтасы жұқара түсетіні тағы бар.

Ал қалада тұратын қазақ жұмыстан ерте сұранып, кешкі сегіз-тоғызсыз басталмайтын тойға төрт-бесте асығып жетеді. Уақыты да, қаржысы да шығын.

«Той – қазақтың қазынасы» екеніне дау жоқ. Бірақ бұл қазына елді байытудың орнына, көбіне күйзелтетін базынаға айналып кеткендей. Бүгінде той бизнесі – біреулер үшін табыс көзі, енді біреулер үшін несие мен қарыздың бастауы.

 

Идеологиясыз той: бетімен кеткен асаба, мағынасыз ойындар

Қазақы тойлардың ішіндегі ішімдіксіз тойларды ғана жүргізетін асаба Әлібек Серғалиев бұл мәселеге қатысты ойын бөлісті:

«Той – үлкен идеологиялық құрал. Егер оны билік дұрыс қолданса, қазақтың тойын саяси әрі мәдени құралға айналдыруға болады. Қазір біздің тойларымыз арзан күлкі мен у-шуға толы. Біреудің әйелімен біреу билеп, сол жерде домалап, қоғамның деградацияға ұшырауы көз алдымызда болып жатыр».

Оның айтуынша, қазіргі тойлар – берекеден емес, бейберекеттен құралған. Қандай әнші келеді, қандай би қойылады, асаба қандай ойын жүргізеді – ешбір шектеу жоқ. Тіпті қыз ұзату салтанатының өзі клуб музыкасының сүйемелдеуімен өтіп жатқаны – дәстүр мен тәрбиеден алшақтаудың көрінісі. Мұндай еркіндік, асаба сөзімен айтқанда, түбі ысырапқа апарып соқтырады.

 

Ысыраптың басты себебі – бәсеке мен көрсеқызарлық

Той – әр отбасы үшін үлкен мәртебе әрі қуаныш. Бірақ бұл мәртебе бүгінгі таңда өзгелерге есеп берудің, өз «деңгейін» көрсетудің жолына айналғандай.

«Кез келген той иесі той болғанша қатты уайымдап жүреді. Ақшаға қарамай, несие алып, анау әншіні де, мынау бишіні де  шақырта береді. Көбі бір тойға 4-5 әртісті алдыруды аз көреді. Бұл да  – нағыз ысырап», – дейді асаба.

Оның айтуынша, мәнді де мағыналы той өткізу үшін бір-екі өнерпаз жеткілікті. Бірақ олар «көп болса – той сәнді» деген ұғым той иесін артығымен шығынға батырып жатыр.

 

Тамақ пен уақыт – тойдағы екі үлкен ысырап

Бұл мәселеге этнограф Марат Тоқашбаев та назар аударып келеді. Оның айтуынша, тойдағы ең үлкен ысырап – уақыт.

«Кешкі 5-6 кезіне шақырылған тойлар 20:00-21:00-де әрең басталады. Уақтылы барған адам босқа сағаттап күтеді. Ауылдық жерлерде бұл тіптен шегінен шығып, кешкі 22:00-23:00-те ғана басталатын кездер де болады», – дейді ғалым.

Ал дастархан жағына келсек, этнограф былай деп еске алады:

«1932–33 жылғы аштықтан кейін қазақтың дастарханының толған кезі 1970 жылдар еді. Бұрынғы той-томалақтарда ішімдік те болмайтын. Құрт-ірімшік, таба нан, бауырсақ – бәрі мөлшермен қойылатын. Қазір дастарханды қайыстырып қояды. Қабат-қабат салат, бірнеше түрлі ыстық тағам – көбі желінбей, рәсуа болады. Бұл – кеңестен кейін қалыптасқан «ашаршылық синдромының» жалғасы».

 Марат аға Түркиядағы қазақтардың тойын мысалға келтіріп, онда тек желінетін ас қойылатынын, артық ештеңе болмайтынын айтады. «Сол тәжірибені бізге де енгізу керек» дейді ол.

 

Той – тәрбие алаңы болуы тиіс

Қазір «шаршасақ – тойдан шаршайық, шашылсақ – тойға шашылайық» деген ұранмен әсіре сән мен бәсекеге еріп кеткеніміз анық. Музыканың дауысынан бір-бірімізді естімейміз, үлкендер тойдан демалып емес, шаршап қайтады.

Этнограф тағы бір ысыраптың ән-күй мен шоу айналасында болып жатқанын айтып, келелі ой салды:

«Бұрын тойларда келген қонақтардың ішіндегі өнерлілер ортаға шықса, халық өз ортасынан шыққан әзіл-қалжыңға сусындап отыратын. Қазір қонақтар той иесі мен асабаның қала берді әншілердің  концертін көруге келгендей. Музыканың дыбысы 110-120 децибелге дейін жетеді. Ал адамның есту аппараты 80-85 децибел дыбыс қабылдай алады. Бұл – тікелей денсаулыққа зиян. Ал денсаулыққа зиян – ең үлкен ысыраптың бірі».

Тағы бір көңіл аударатын жайт – шақырылатын қонақтардың көптігі. Этнограф бұл тұста мынадай қызықты дерек келтіреді:

«Америкалық зерттеулерге сенсек, кедей елдер – тойшыл келеді. Себебі олар өзін бай етіп көрсетуге тырысады. Бүгінгі таңда той – «статус», «понт» үшін жасалатын дүние».

 

Тойбастар мен ойын кезінде берілетін сыйлықтарда да ысырап бар

Осы күні той соңында берілетін тойбастар да ысырапқа айналып келеді. Қонақтардың арасында тойдан берілген ыдыс-аяқты, арзан тұрмыстық заттарды (шеш кептіретін фен, орамал, т.б.) алғысы келмейтін жағдай жиі кездеседі. Себебі ол – үйіндегі ыдыстарға сай келмейді, қолданылмайды, босқа орын алады. Бұл да болса «ұсақ-түйек емес, кішігірім ысыраптың» нақты мысалы.

Той – бір күндік қуаныш болғанымен, оның әлеуметтік, экономикалық, мәдени салдары ұзаққа созылады. Ысырап пен даңғаза емес, мазмұн мен мағынаға ден қойып, дәстүрімізді тәрбиелік сипатта қайта жаңғырту — ұлт ретінде алға басудың басты шарты.

Мақаланы той ортасында жүрген, қазақы тойдың дамуына үлес қосып жүрген асаба Әлібек Серғалиевтің пікірімен аяқтауды жөн көрдік:

«Той индустриясын белгілі бір жүйеге келтіру – уақыт талабы. Мемлекет араласуы керек. Сонда ғана өгіз де өлмейді, арба да сынбайды».

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
2
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

18:01

17:21

16:28

16:13

15:47

15:23

15:21

14:45

14:21

14:15

14:09

14:01

13:30

13:27

13:24

13:22

13:16

12:58

12:30

11:49

11:48

11:01

09:30

09:22

09:00