«Ақшамның» бүгінгі кейіпкері Нұрғали Мұсырманқұлов – электр саласында табысты еңбек етіп жүрген заманауи кәсіп иесі. Ол жастарға бағыт-бағдар беріп, техникалық мамандықтар бойынша білікті кадрларды даярлауға үлес қосып жүрген азамат. Қазақ жастары техникалық кәсіпке икемсіз деген стереотипке қарсы тұрып, бұл саланың болашағын ісімен дәлелдеп келе жатқан жас кәсіпкер. Біз Нұрғали Пулатұлымен Жұмысшы мамандықтар жылы аясында колледждерді аралау кезінде таныстық. Сол кездесуде ол жастарды оқытудағы тәжірибесі мен әлеуметтік жобалары туралы ойларын айтып, сұхбаттасуға келісімін берген еді. Кәсіби бағыттағы табыс пен қоғамдық құндылықтардың үйлесімін көрсететін, жастарға мотивация беретін әңгіме төмендегідей өрбіді...
ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫ ДА КӘСІБИ ЭЛЕКТРИК БОЛА АЛАДЫ
– Нұрғали, әлеуметтік желідегі парақшаңызда «қазақтардан электрик шықпайды» деген көзқарасты бұзамын депсіз. Мұндай пікір қоғамда қалай пайда болды деп ойлайсыз?
– Өкінішке қарай, мұндай көзқарас бұрыннан бар. Техникалық мамандықтарды құдды бір өзге ұлт өкілдерінің еншісіндей көретіндер арамызда әлі де аз емес. Ал менің мақсатым – осы стереотипті жоққа шығару. Әлеужелідегі парақшамда қазақ жастарының да нағыз маман, кәсіби электрик бола алатынын көрсетіп келемін. Өзімнің де, шәкірттерімнің де жетістігін үлгі етіп, бұл салада абыроймен еңбек етуге болатынын дәлелдеп жүрмін.
– Бұл салаға бет бұруыңызға не себеп болды? Электр саласы сізді несімен баурады?
– Бала кезімнен техникалық дүниелерге деген қызығушылығым ерекше болды. Айналамдағы заттардың қалай жұмыс істейтінін білгім келіп, үнемі зерттеп, қолмен жасап көруге ұмтылатынмын. Токтың қалай жүргізілетінін, жарықтың қалай жанатынын түсінгім келетін. Сол қызығушылық біртіндеп әуестікке, кейін нақты мамандыққа ұласты. Мектеп бітірген соң да осы бағыттан айнымадым. Қолыма құрал алып, түрлі нысандарда жұмыс істеп жүріп, тәжірибе жинадым. Уақыт өте келе өз ісімді бастауға деген сенім пайда болды. Осылайша 2021 жылы JapJARYQ компаниясының негізін қаладық. Бастапқыда қарапайым электромонтаж жұмыстарынан бастадық – пәтерлер мен үйлердің жарығын жүргіздік, қалқандар орнаттық. Қазір бұл жұмыс менің кәсібім ғана емес, бала арманының өмірдегі жалғасына айналды. Өз ісіңмен шұғылданып, елге пайдалы болудан асқан бақыт жоқ деп ойлаймын.
ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН ЖАЙЛЫЛЫҒЫ ҮШІН ЖАУАПТЫМЫЗ
– Қазір компанияңыз нақты қандай қызметтер көрсетеді? Халық көбіне қандай жағдайда жүгінеді?
– Біздің негізгі жұмыс бағытымыз – пәтерлер мен жекеменшік үйлерге электр монтажын жүргізу, электр қалқандарын орнату және сапалы құрал-жабдықтарды сату. Жалпы, қазіргі Алматыда жаңа тұрғын үйлердің қарқынды салынып жатқаны белгілі. Көп жағдайда бұл үйлер черновой күйде, яғни ішкі әрлеусіз, инженерлік желілері толық тартылмаған күйде тапсырылады. Осындай сәтте тұрғындар өз үйіне немесе кеңсесіне толық электр жүйесін жүргізу қажет болғанда бізге жүгінеді. Сонымен қатар, ток жүйесінде ақау туындаса немесе бұрынғы сымдарды жаңарту қажет болса да, біздің қызметке сұраныс артады. Яғни біз тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін жауаптымыз.
– Тұрғындар көбіне қандай қиындыққа тап болып жатады? Электрге қатысты ең жиі кездесетін қателіктер қандай?
– Ең басты мәселе – ескі сымдарды әлі күнге дейін қолданатындар көп. Техникалық талаптар сақталмайды. Тағы бір үлкен қателік – «арзан электрик» іздеу. Сапасыз жұмыс істеген соң, қысқа тұйықталу болып, құралдар істен шығып, тіпті өртке дейін барады.
– Осы салада кәсіби мамандарды дайындау бағытында белсендісіз. Электрик болғысы келетін жастарға қандай мүмкіндік бар? Қайдан, қалай үйрене алады?
– Қазір Қазақстанда электр монтажын жүргізуге арнайы бағытталған оқу орны жоқтың қасы. Сондықтан біз колледжбен бірлесіп, арнайы оқу кабинетін аштық. Студенттер теорияны визуалды түрде көріп, тәжірибе ала алады. Сонымен қатар, JapJARYQ.academy атты 1 айлық офлайн курсты іске қосқанбыз. Ол теория, есеп, практика және нақты құрылыс нысанындағы тәжірибеден тұрады. Мұнда жастар заманауи құралдармен жұмыс істеуді, қауіпсіздік ережелерін сақтауды үйренеді. Бұл курсты бітірген соң, олар бірден жұмысқа орналасуға немесе өз кәсібін бастауға дайын болады. Қазіргі таңда біздің 100-ге жуық шәкіртіміз бар.
– Осындай үлкен команданы қалай жинадыңыз? Қазір сіздерде қанша адам жұмыс істейді? Жастардың үлесі қандай?
– Қазір командада 25-тен астам адам бар. Олардың ішінде монтажшылар, дүкен қызметкерлері, менеджерлер, оқытушылар, логистикамен айналысатын мамандар жұмыс істейді. 70%-ы – жастар. Көпшілігі – менің өз шәкірттерім. Ісін сүйетін, табысқа ұмтылатын азаматтар.
ӨЗ ІСІНЕ ЖАУАПКЕРШІЛІКПЕН ҚАРАЙТЫН АДАМ ҚАШАН ДА ТАБЫСҚА ЖЕТЕДІ
– Қоғамға пайдалы істерге де жиі араласып жүргендеріңізді білеміз. Қандай жобаларды ерекше атап өтесіз?
– Қоғамға қайтарымсыз еңбек ету – біздің басты қағидаларымыздың бірі. Мектептер мен колледждерге тегін монтаж жасап беретін кездеріміз болады. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға да қолұшын созамыз. Биыл алғаш рет JapJARYQ FEST ұйымдастырып, еліміздің әр түкпірінен келген электриктерге қолдау көрсеттік. Бұл салада жұмыс істейтіндерге демеу болған ерекше жоба болды.
– Электрик мамандығы – адамның қауіпсіздігіне тікелей байланысты сала. Осы кәсіпке қызығатын жастарға не айтасыз? Бұл болашақтың мамандығы дей аламыз ба?
– Әрине. Электрикті көбі үзілген сымды жалғайтын маман деп қабылдайтындар бар. Ал шын мәнінде, бұл – технологиямен, қауіпсіздікпен, ұқыптылықпен қатар жүретін кәсіп. Қазіргі таңда құрылыс та, өнеркәсіп те, ауыл шаруашылығы да электрге тәуелді. Сондықтан электрик мамандығы ешқашан өзектілігін жоғалтпайды. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын адам қашан да табысқа жетеді. Сондықтан менің жастарға айтарым, ең бастысы – адал болу. Қандай іспен айналыссаң да, жүрекпен істе. Өйткені, еңбек пен тәртіп – табыстың кепілі. Уақытты бос өткізбей, үнемі үйренуге ұмтылу керек.
ҚОЛДАУ ТЕТІКТЕРІ, НАҚТЫ БАҒДАРЛАМА БОЛСА, ЖАСТАР ДА ӨЗ ОРНЫН ТАБАДЫ
– Қоғамда сізді толғандыратын мәселе қандай?
– Жастарда арман бар, бірақ нақты бағыт жоқ. Көпшілігі кім болғысы келетінін білмейді. Соларға дұрыс жол сілтеп, бағыт беретін жүйе қажет. Қолдау тетіктері, нақты бағдарлама болса, олар да өз орнын табар еді.
– Қолыңыз қалт еткенде немен айналысасыз? Бос уақытты қалай өткізесіз?
– Бос уақытым көп емес. Бірақ мүмкіндік болса, отбасыммен бірге болуға тырысамын. Қыздарымның күлкісі – маған нағыз демалыс. Кейде жаңа идеяларды ойластырып, кәсібіме байланысты жоспарлар құрамын.
– Әңгімеміздің соңын талбесік тақырыбымен түйіндесек, Алматы сіз үшін қандай қала?
– Алматы – мен үшін үлкен өмір жолындағы мүмкіндіктер мен шығармашылық шабыттар қаласы. Мұнда әр адам талпынса, өз орнын таба алады. Қалада бәсеке жоғары, бұл үнемі ізденуге, дамуға итермелейді. Қай салада болмасын өсуге жол ашық. Табиғаты ерекше – көк тіреген тауы, таза ауасы, самал желі адамның ойына сергектік, бойына күш береді.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Әңгімелескен
Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ.