Үш әлем
Адам ғұмыры қарапайым. Туылу, ер жету, қартаю. Үш-ақ ауыз сөз. Еш қоспасыз, айта салуға оңай. Осы үшеу - үш кезең, үш тағдыр, үш үміт. Барлығы үштен тұрады. Бұған дейінде бұл тақырыпты қозғағанбыз. Бірақ, ашып сипаттай алмай келеміз. Бәлкім, мәңгі құпия шығар. Кім білсін?!
Тереңдеу. Әр халық өзінің тарихын мадақтайды. Оны терістейтіндер некен-саяқ шығар. Бәрінде батыр бар, шежіреге бай оқиғалар жетерлік. Гректер Афинысын, италяндықтар Римді, түріктер Османлы дәуірін мақтайды. Ал қытай, ресейліктерді айтпаса да түсінікті. Былай қарағанда тарихи оқиғаларға өте бай. Біздің ата-бабаларымыздың да атан түйеге артатын мол шежіресі әлі күнге дейін жұмбақ болып тұр. Міне, бұл – тарих. Өткен, кейбір сыры өшкен кезең. Нақ сол шақта не болғанын бір жаратушыдан басқа ешкім білмейді. Біле де алмас мүмкін!
Жылжу. Біздің заманымыз бұрынғылар айтқандай – «түлкі заман». Тазының әлі келмей, әлсірегендей көрінеді. Қайтсін, жүгіріп, секіріп, шаршаған шығар. Бірақ, солай екен деп төрт табандап жатып алуға болмайды.
Бүгінгі қоғам үш бөлікке бөлінген. Ескі көзқарасты құптаушылар. Заманауи әдіспен жүрушілер. Қиялмен күн кешетіндер. Осы үшеуі бір-біріне мүлде жат. Көзқарастары тоғыса қоймайды. Десе де, бір қоғамда жасап жатқан жайы бар.
Қазіргі адамдар неге, кімге иланарын білмейтін сияқты. Ақпараттардың көптігінен ми қорытып үлгермейді. Құдды «Матрица» фильмі болып жатқандай. Әрі қарай әркім өзі бағамдар.
Қол созу... Арнайы үш нүкте қойдым. Кесіп-пішіп болашаққа болжам айтар біз емес. Десе де, болашақ та бұрынғыдай сағым емес. Тіпті, құпиялығынан айырылғандай. Келешекте адамдар Марсқа, Галактикаға ұшып, жерден басқа жаққа қоныс аударатыны анық. Бұған, әрине, қолы жететіндер, аса ауқаттылар барады. Сосын жаппай тенденцияға ауысады. Олар үшін жер әлемнің қызығы түгесілгені қашан? Алдағы 5-10 жылда аспанда жеңіл көліктер ұшатын сияқты. Адамдар тілдесуді аңсайды-ау. Бірақ, сөйлесетін адам жоқ. Себебі, бәрі виртуалды әлемге өтіп кеткен. Сондықтан, арнайы мұң-шер тыңдайтындар көптеп пайда болады. Олардың қызметі ақылы болмақ. Роботтар жайлы айтудың өзі бір бөлек әңгіме. Олар адамның басқарылуынан шығып кетуі де ғажап емес. Электронды жүйеден ақау шықса, арғысын білмедім! Әлемнің тым дамыған елдерінде адам капиталы азайып, кенже дамушыларда әлі де туу көрсеткіші басымдау болмақ. Бәлкім, бәрі бірнеше жерден ғана басқарылатын шығар. Барлық адамзат бір-бірімен араласып-құраласып кетуі мүмкін. Өткен ұмыт болмақ. Мұны жаһандану дейді.
Түйін. Бір уақыттарда Үндістан көсемі болған Махатма Ганди «Болашағыңның өзгеруін қаласаң, сол өзгерісті тап қазір жаса» депті. Әр сәттің өз қадірі бар. Бастысы, жоғарыда айтылған ойларды бір арнаға тоғыстырғанда осыған саяды. Жақсылықтан үмітіміз әрдайым зор. Соған талпынайық!