ffin.kz

Танымал әннің тарихы таспаланды

Танымал әннің тарихы таспаланды Сурет видео скрині

Алматы кинотеатрларында Ернат Байұзақтың «Нурикамал» фильмі жүріп жатыр. Атынан көрініп тұрғандай, фильм танымал әннің тарихы төңірегіндегі оқиғаға негізделген.

Бұл көпшілікке бұрыннан мәлім жайт десек те, аталған картина шығармашылық адамдарының жандүниесіндегі түрлі тебіреністерді өзінше топшылауға талпынғанымен тартымды. Фильм отбасының әдеттегі тыныс-тіршілігін көрсетумен басталады. Тұрдықылыш композитор ғана емес, облыстық филармонияда өнеріне бақталастары қызыға да, қызғана да қарайтын дарынды дирижер, Ханбибі ақындығымен қатар, сүттей ұйыған отбасында үлпілдетіп үш қыз өсіріп отырған ана. Күнде жұмыстан келе сала пианиноға отырғанымен, қиялындағы әлдебір әуеннің күйін келтіре алмай, күйзелісті жағдайда жүрген күйеуінің жағдайы ақынға жақсы таныс. Ал іші тар құрдасының бірі көңіл күйін аулаған болып масайтып, оны керісінше, одан әрі құрдымға итере түседі.

Композитор Ақан серінің «Балқадишасындай», Естайдың «Қорланындай» бір ән тудыра алмағанына қапалы және оған құдды біреу кінәлідей ашу-ызасын жұбайына төгеді. Ал ол ақын. Оған қоса, өзі айтпақшы, отбасының ауыртпалығын бір кісідей көтеріп, үйге де, түзге де бірдей жүгіріп жүрген жан. Бірақ орынсыз туындаған кикілжіңге кінәлі болмаса да бәріне кешіріммен қарап,  сабырмен басу айтады, өзін шектен тыс көнбістігі, төзімділігі үшін сөгетін көрші келіншектің алдында күйеуін ақтап, жақтап, шаң жуытпауға тырысады.       

Осы екі арада бұларға облыс басшылығы тарапынан жоғарыдан келетін қонақтармен бірге бау бөктеріндегі демалысқа шақырту түседі. Демалыс үстінде Арқадан келген көрікті ару Нурикамал әсершіл, сезімтал композитордың көзіне оттай басылады. Күйеуінен ғана емес, қонақ қыздан да әлдебір елігу, қызығу ұшқынын аңғарған ақын келіншек одан: «Сізді бұл арада ерекше таңқалдырған табиғат па әлде Тұрдықылыш па?» деп тайсалмай сұрайды және «ол романтиканың отбасы бар екенін ұмытпауды да» ескертіп үлгереді. Оқиғаның әрі қарайғы даму барысы композитордың кенеттен жолыққан музасына деген сүйіспеншілік сезімін сазбен өрнектеуіне, ал оған бей-жай қарай алмаған ақынның қызғаныш оты ішін қанша өртесе де, бәрін ақылға жеңдіріп, ынтызар жүректің айтқысы келгенін мөп-мөлдір өлең ғып өріп беруіне ұласады. Ақын тіпті күйеуінің музасымен арнайы кездесіп: «Қаласаңдар бірге тұра беріңдер, сен оған ұл туып бер, қыздарымның соңынан қарауыл болсын» деген тосын ұсыныс та жасайды. Бірақ қалай болғанда да, ешкім әдептен, адамгершіліктен асып кетпейді. Отбасы сақталады. Сыйластық жалғасады.

Аталған әннің шығу тарихына қатысты біздің бұған дейін естіген, білген әңгімеміз де осы сыңайлас болғанымен, соншалықты мән берілетіндей, салмағы бар оқиға ретінде қабылданбағаны анық. Ал фильмде бұл – кәдімгідей драмалық жағдай: махаббат үштігі, сырт көз, қаңқу сөз, ішкі, сыртқы тартыс, қақтығыс. Сюжетке қосылған жанама жайттар, көркемдік элементтер туралы айтар болсақ, мұнда Нурикамалға бұрыннан ғашық жігіт бар. Ол және жай адам емес, облыстағы басты мекемелердің бірінің басшысы санатындағы азамат. Персонаж ретінде кейіптелген сипатына келсек, даңғойлау, менмен, ішімдікке құмар. Қыздың композитормен жарасып қалған сыңайын байқап қызғаныш білдіреді, ақырында тойдың топалаңын шығаратын ауылдың бұзақыларынан бетер қылық көрсетіп, бақталасын жақтаған адаммен төбелесіп тынады. Одан әрі машинаның ішінде, қонақүйде ұрыс шығарып, Нурикамал үшін бәріне барғанын, бәрін істегенін, «айлығын да бергенін» айтып қалады. Осы тұсы артықтау. Өйткені бірден: «әнге айналған ару сонда кім болғаны?» деген ой келеді. Басты кейіпкердің жігітті бөлмесінен итергендей ғып шығарып жіберіп: «Сендерге Нурикамалдың өзі емес, сұлулығы керек» деп, солқылдап ұзақ жылайтыны да екіұшты ойға қалдырады. Былай қарағанда, қызық қуып жүрген жеңілтек қыз емес, ол да білдей бір қызметкер. Негізі, бастапқыда өзін өзі ұстауына, сөз саптауына қарағанда айтарлықтай салмақты болып көрінбейтін қонақ қыздың іс-әрекеті, мінезі Ханбибімен алғашқы тілдесуден кейін ғана ұстамды, орнықты қалыпқа ойысқандай болады. Бұл ретте, шығармашылық топтың Нурикамал образына қатысты ұстанымы қандай болғанын ұғыну қиын.

Жеңілтектік демекші, жалпы, мұнда композитордың қонақ қызды көрген бойда тіпті тілдеспей жатып-ақ бірден аңсары ауа қалатыны, қыздың да онымен оңашаланып барып суретке түсіп, одан кейін дастархан басында көзін сүзіп, әлсін-әлсін қылымси қарап қоятыны бар. Ойдан шығарылған кейіпкерлер болса бір сәрі, ал өмірде болған, нақты адамдарды  бұлай кейіптеу олар туралы оғаш ой туғызып, атына, затына көлеңке түсірмесе, абырой әпермесі аян.           

   

Бір жағынан, «махаббат» дейтіндей, мұнда композитор мен Нурикамалдың арасында тұтанған отқа, сүйіспеншілікке негіз боларлықтай ештеңе жоқ. Болған күнде де фильм желісінен ол көрініс таппаған. Көргеніміз сұлулыққа сұқтану ғана. Сосын, әрине, «тас жүректен махаббат күттім, тас мейірден шапағат күттім» деп өзі жырлағандай, отбасын қалайда сақтау үшін түрлі тәуекелге барған әйел затының ақыл-парасаты, мықтылығы. Бәлкім, шығармашылық топтың көрсеткісі келгені де осы шығар.   

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51

11:00

10:53

10:51

10:37

10:13

10:04

09:54

09:53

09:38

09:35

09:05

08:58

08:49