Биыл ұлы дала рухының шамшырағы, қазақ руханиятының темірқазығы, ұлы ақын, ойшыл-ғұлама Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр. Осы мерейтой аясында еліміздің әр өңірінде Абай мұрасын дәріптеуге арналған ғылыми-танымдық, рухани-ағартушылық іс-шаралар кеңінен өткізіліп келеді.
Осындай тағылымы мол іс-шаралардың бірі – №202 мектеп-гимназиясының ұйымдастыруымен өткен «Адамзаттың Абайы» атты аудандық семинар. Семинарға Әуезов ауданының кітапхана басшылары мен аудандағы 32 мектептің кітапхана қызметкерлері және ұстаздар қауымы қатысты.
Жиынның мақсаты – ойшыл, кемеңгер тұлға Абайды терең тану, оның мұрасын насихаттау, жастардың жүрегіне сіңіру, оқырман санасына жеткізу және адамдықтың биік үлгісіне ұмтылу болды.
Абайдың ойлары тек қазақ қоғамына емес, бүкіл әлем жұртшылығына ортақ. Ол адам баласын ұлтқа, дінге, нәсілге бөлмей, «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген гуманистік идеясын ұсынды. Бұл ұстаным бүгінгі жаһандану дәуірінде аса өзекті. Қазіргі қазақ елінің рухани дамуы мен ұлттық жаңғыруының негізінде де Абай мұрасы жатыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың:
«Абайдың ой-тұжырымдары жаңа Қазақстан қоғамының қағидаттарымен үндес», –
деген сөзі соның дәлелі.
Ұлы Абайдың идеяларын ұжымдық рух пен тәрбиенің тірегіне айналдыру жолында еңбек етіп жүрген мектеп директоры Болат Жанайханұлы «Кітапхана – білім мен мәдениеттің қайнар көзі» деген ұстанымды басшылыққа ала отырып, биылғы оқу жылын жаңа жетістікпен қарсы алды. Ол мектеп кітапханасын заманауи үлгіде жабдықтауға қол жеткізді.
Бүгінгідей ақпарат тасқыны заманында «кітап – адамның ақыл-ойын дамытатын ең жақсы дос» екенін жас жеткіншектердің санасына сіңіру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Соның бірі – аудандық семинарды мектеп директоры Болат Жанайхан ашты.
Абайдың әрбір туындысы – терең ойдың, шексіз білімнің және ұлт рухының көрінісі. Семинар барысында қатысушыларға Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған бейнеролик ұсынылды.
Абай – тек ақын ғана емес, ол – сазгер. Оның мұңлы да сырлы әуендері жүрекке жол тауып, халық жадында сақталып келеді. Оқушылар орындаған Абай әндерінен құралған попурри мен «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» атты поэзия минутындағы Абай өлеңдері қатысушылардың зор ықыласына бөленді.
Ұлы ақынға деген халықтың құрметі мен сүйіспеншілігі ешқашан сөнген емес. Абайдың дана сөздері – әр қазақтың жүрегінде.
Ұлы ойшылға деген ықылас пен құрметтің белгісі ретінде мектеп мақтанышы, екі дүркін республикалық ғылыми жоба байқауының жеңімпазы, «Алматы дарыны» орталығының амбассадоры Темірхан Айбар оқыған Абайға арналған арнау өлең ерекше әсер қалдырды. Сондай-ақ 7-сынып оқушысы Зейнолда Аружанның жетіген аспабының сүйемелдеуімен орындаған «Желсіз түнде жарық ай» әні мен «Серпер» домбырашылар ансамблінің орындауындағы «Ерке сылқым» күйі қонақтарға ерекше әсер сыйлады.
Іс-шарада кітапхана меңгерушісі Жанболатова Сәулеш «Адамзаттың Абайы», ал қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Елшібаева Ғалия «Абай ілімі жасанды интеллект әлемінде» тақырыптарында баяндамалар жасады. Олар Абай даналығының қазіргі қоғам дамуындағы маңызын айшықтады. Әсіресе, жасанды интеллект ұсынған «Ұлы Абайдың кітапханашыға аманаты» атты кітапша семинар қатысушыларының ерекше қызығушылығын тудырды — әр кітапханашы Абай рухымен тілдескендей әсер алды.
Хакім Абайдың 180 жылдығына арналған бұл шара – кезекті жиын емес, әр қатысушы үшін рухани өсу мен биіктеуге жол ашқан тағылымды басқосу болды.
Біз ұлы тұлғаның мұрасын жас ұрпаққа насихаттай отырып, өзімізді де, қоғамды да тәрбиелейміз. Абайдың әр сөзі, әр өлеңі – адамдықтың айнасы.
Сондықтан әрбір ұстаз бен кітапханашы – Абайды танытушы, Абайды тірілтуші болуы тиіс.
Бүгінгі ұрпақ Абайды тану арқылы өз болмысын, өз ұлтының асыл қазынасын таниды.
Елшібаева Ғалия, Алматы қаласы,Әуезов ауданы, №202 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі