Көкжайлау шатқалына 625 түп ағаш отырғызылды

Көкжайлау шатқалына 625 түп ағаш отырғызылды almaty-akshamy.kz

«Таза Қазақстан» акциясы аясында Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Көкжайлау шатқалында «Halyk орманы» жобасы басталды. Жобаны «Halyk» қоры Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп іске қосты. Бұл бастама экологиялық жағдайды жақсартуға, қоғамның экологиялық мәдениетін арттыруға, табиғатты қорғауға және жасыл желектер санын арттыруға бағытталған. 5 жылға есептелген жобаға 1 миллиард теңге бөлінген. Осы уақыт ішінде елдің үш өңірінде 4 миллионнан аса ағаш отырғызу жоспарланып отыр.

Идея көктемде өткен GreenAct экочелленджінен бастау алған.  Сол кезде елдің түкпір-түкпірінде мыңдаған адам – оқушылар, компания қызметкерлері, жай ғана белсенді азаматтар саябақтарды тазалап, қоқысты сұрыптап, көшет отырғызды. Енді бастама ұзақ мерзімді экобағдарламаға айналды.

Экоакцияға Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев, белгілі эколог Мэлс Елеусізов, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің ректоры Мейрам Бегентаев, Іле Алатауы ұлттық паркінің қызметкерлері, еріктілер, экология жанашырлары, БАҚ өкілдері, Алматы қаласы ЖОО студенттері мен оқушылары, жалпы саны 600-ден астам адам қатысты.

Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Елнұр Ахметовтың айтуынша, таудағы орман қорын көбейту жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады. 1 гектар жерге егілген 625 шырша Ұлттық парк қызметкерлерінің жіті қадағалауымен отырғызылды. Әр қызметкер ағаш егу ережесін көрсетіп, түсіндіріп берді.

Акцияға жасы үлкендер де атсалысты. Алматы тұрғыны, зейнеткер Айгүл апай табиғатқа жанашырлықты ұрпақ тәрбиесінің бір бөлігі деп есептейді: «Жастарға сөзбен емес, іспен үлгі болуымыз керек. Ағаш егу – бұрыннан келе жатқан жақсы дәстүр. Осындай бастамалар жиі болса екен. Акция туралы әлеуметтік желіден біліп келдік. Өз қолымызбен еккен ағаш ертең жайқалып өсіп кетсін деп тілейміз! Игілікті іске үлес қосқанымызға қуаныштымыз!», – деді ол.

Шара барысында еріктілер мен табиғатқа бейжай қарамайтын барлық жандар халықты «Halyk орманы» жобасына қосылуға шақырды. Әрбір адамның қолдауы елдегі жасыл аймақтардың артуына және экологияны сақтауға мүмкіндік берері сөзсіз. Жастар арасында экологиялық мәдениетті дамытуға, жас ұрпақты табиғатты аялауға шақырған экоакция жай ғана ағаш отырғызу емес, Алматы қаласының экологиялық жағдайын жақсартуға, Қазақстан табиғатын сақтау мен қорғауға жасалған ауқымды маңызды қадам болды.

 

ТАҚЫРЫПҚА ОРАЙ:

 

Нұркен ШӘРБИЕВ,

Экология және табиғи ресурстар вице-министрі:

– Жобаның алғашқы кезеңі Шығыс Қазақстандағы «Семей орманы» аумағында басталды. Жүздеген гектар өртенген аймаққа алғашқы 800 көшет егілді. Енді міне – Іле Алатауында жалғасуда. Мұнда 5 гектар аумаққа 14 мың шренк шыршасы отырғызылады. Ал бүгін Көкжайлау шатқалында 625 түп ағаш бой түзейтін болады.   Қазіргі таңда елімізде «Таза Қазақстан» акциясы өтіп жатыр. Жалпы бір жылда 996 экологиялық шаралар өтті. Оған 4 млн 200 мың адам қатысты. Ауқымды шаралар аясында республика аумағында 2,5 миллионға жуық көшет отырғызылып, 600 тонна қоқыс тазаланды. Еліміздің әр өңірінде осы сынды акциялар жалғасын табуда. Бүгін Іле Алатауы ұлттық паркінің аумағының ең әдемі, ең көрікті Көкжайлау шатқалында өтіп жатқан шараға куә болып отырмыз. Табиғатты қорғау – бір реттік іс-шара емес, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру. Біз табиғатқа жанашырлық танытпайынша, экономикалық өсім де ұзаққа бармайды. «Halyk орманы» және осындай жобалар – экологиялық мәдениетті өміріміздің табиғи бөлігіне айналдыру жолындағы маңызды қадам.

 

Дәурен САРТАЕВ,

Halyk Басқарма Төрағасының орынбасары:

– «Halyk орманы» жобасы Семейде басталып, одан кейін Астанада, бүгін Алматыда жалғасын тапты. Бұл акция жастар үшін, алғашқы қатысушылар үшін тәжірибе болуы мүмкін. Ауамыз таза, тауымыз жасыл, ағаштар көп болсын. Осы шараға қатысып, қолдағандарыңыз үшін алғыс айтамын.

 

 

 

 

 

 

Елнұр АХМЕТОВ,

Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры:

– Ағаш егу акциясы «Halyk» қоры, Экология және табиғи ресурстар министрлігі және Іле Алатауы ұлттық табиғи паркінің өзара келісіміне байланысты жүзеге асты. «Halyk орманы» жобасы барысында 1 гектар жерге 625 шырша отырғызылды. Шренк шыршасы – Алматы қаласы Іле Алатауы бөктеріне, Тянь-Шань тау сілемдеріне бұрыннан жерсініп келеді. Жалпы, Ұлттық парк аумағында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасын іске асыру бойынша 97 600 адамды қамтыған 249 іс-шара өткізілді. Іс-шара нәтижесінде 8 200 түп ағаш отырғызылып, 11,5 тонна қоқыс жиналды. Сондай-ақ, қоршаған ортаны қорғау және қалдықтарды басқару бойынша 2025 жылдың 9  айында парк аумағынан 886 тонна қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылса, қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау үшін 32 жабық алаңға қоқыс жинауға арналған 365 контейнер орнатылды.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:41

19:05

18:59

18:32

17:51

17:45

17:41

17:37

17:35

17:16

17:14

17:05

16:57

16:37

16:37

16:28

16:25

16:18

15:55

15:34

15:26

15:16

14:56

14:46

14:45