Еліміздің әр өңірінде бәйге маусымы ашылды. Ас пен тойын бәйгесіз өткізбеген халқымыздың тұлпарлар дүбірі жаңғыратын мезгілі – дәл осы кезең. Қалада да ұшқыр бәйгенің маусымы ашылып, арғымақтар желмен жарысқанын газетіміздің өткен нөмірінде жазғанбыз. Енді Алатаудың баурайында күзге дейін әр 2 апта сайын жер тарпыған, бабы келген жүйрік жылқылардың бәйгесі өтіп тұрады.
Осы ретте «Қазақ Жокей клубы» қоғамдық ұйымының төрағасы Мақсат Ахаевпен сұхбатымыз атбегілік өнердің заманауи үлгісі мен ұшқыр бәйгенің бүгіні мен болашағына байланысты өрбіген еді.
Бәйгеде бап та, бақ та шабады
– Қазақы бәйгенің жаңашыл бағыты – ұшқыр ат жарысы туралы тарқатып айтып берсеңіз. Биылғы бәйге маусымы қай өңірде ашылды?
– Текті жылқыларды сынауға арналған классикалық ұшқыр бәйге негізінен ағылшындардың төл спорты. Англияда пайда болған ат спортында ағылшынның асыл тұқымды, таза қанды мініс жылқылары 2 жастан бастап бәйгеде шабады. Осы жылғы 22 наурыз күні Шымкент қаласындағы жаңа ипподромның ашылу салтанатына орай классикалық ұшқыр бәйгенің маусымы да ашылды. Одан кейін 9 мамыр күні Алматы облысының Байсерке ауылында классикалық және тегіс жарыстың куәсі болдық. Ал қалада күнтізбелік жоспарға сәйкес биыл төртінші мәрте бәйге өтті. Қазіргі кезде дүние жүзі бойынша бүкіл әлемде маусымдық сайыстар өтіп жатыр. 1000, 2000 гинейлік бәйгелерде шабыс жылқыларының ұшқырлығы сыналуда. 3 жасар байталдар мен айғырлардың арасындағы жарыста 1000 гинейге байталдар, 2000 гинейге айғырлар шабады. Бәйгеде тек 3 жасарлар ғана шабады.
Бір қуанарлығы, қала тұрғындарының ат спортына деген қызығушылығы артып келеді. Осындай классикалық бәйгелер арқылы жүйрік жылқылар мен мықты жокейлер іріктелетін болады. Осыдан 20–30 жыл бұрын осы бәйгені ұтқан ат фаворит болып саналатын. Кейінгі кездері ол жүйе алынып қалды. Әрбір бәйге атының өзінің мүмкіндігіне сай қашықтығы бар. 1600 метрге шапқан ат 1800 метрге шамасы жетпей қалуы мүмкін. Классикалық жарыста әр қашықтық үлкен маңызға ие. Бұрындары 1600 метрді жеңген ат фаворит болып, 2400 метрде де алдына қара жібермейтін. Аттың бабын білетіндер күздік бәйгені 2 жасында ұтқан жүйрік 3 жасында чемпион болады деп сенімді айта алатын. Бәйгеге қатысып жүрген аттардан ешқашан күдер үзуге болмайды. Әр аттың өзінің шабатын қашықтығы, уақыты болады.
– Ұшқыр бәйгені қазақы бәйгенің (аламан, құнан) заманауи үлгісі деп айта аламыз ба?
– Жоқ. Ұшқыр бәйге – бұрыннан келе жатқан дәстүр. Қазақ даласына тек соңғы жылдары ғана келе бастады деу – жаңсақ пікір. Бұл бәйгеде Халықаралық ат жарыстары ұйымдастырушылары федерациясының ережелерімен шабады. Классикалық жарыстың біздің жерімізде шарықтап, дамыған кезеңі Кеңес үкіметі тұсында болды. Ал тәуелсіздік алған жылдары Қазақстанда ұшқыр бәйге жиі ұйымдастырылатын. Кейін қазақы бәйгелерге көңіл бөлінді де, классикалық бәйге қалыс қалды.
Ең тәртіпті бәйге
– Ұшқыр бәйгенің аламан, құнан бәйгелерден ең басты ерекшелігі неде?
– Классикалық бәйге қысқа қашықтыққа лайықталған. Екіншіден, ең бастысы допинг бақылау деген болады. Егер бәйгенің алдында жылқыға тыйым салынған қандай да бір екпе салынатын болса, бәйгелерден шеттетіледі. Заң алдында жауапкершілікке тартылады. Атбегінің тренерлік лицензиясын, жокейдің лицензиясын алып қояды. Бәйге жылқысын ешқандай бәйгеге қатыстырмайды.
Қазақы бәйгеден жокей аттың үстіне қонақтап отыруы, үзеңгінің қысқа болуымен де ерекшеленеді. Әр аттың бәйге барысында тепе-теңдікті дұрыс ұстайтын белгілі нүктесі болады. Шабандоз ат үстінде «таразының басын» тең ұстауға тиіс. Бұл әдіс шабыс кезінде жылқыға жеңіл болады. Жокей мен жылқы бір толқында болса ғана ұзақ қашықтықты өте қысқа уақытта оңай бағындыра алады. Жылдамдық өте жоғары болғандықтан, ең жүйрік аттар ғана қатысады. Әлемде жүйріктерді ат спортының осы түрімен ғана анықтайды. Өкінішке қарай, біздің қазақы бәйгелермен анықтамайды.
– Демек, бәйгенің алдында жылқыларды тексерістен өткізесіздер ғой?
– Бәйгеден кейін тексерістен өтеді. Қан алынып, сараптамаға жібереміз. Дүниежүзілік тәжірибеде бәйге аттарын осы жолмен тексереді. Алынған қанға сараптама жасату үшін Түркияға жібереміз. Арнайы зертхана мамандары бәйге атының қан құрамында қандай да бір күшті еселеп жіберетін (допинг) тыйым салынған қоспалар бар-жоғын анықтап береді. Қорытынды келгеннен кейін ғана жүлделерін ала алады. Жасыратыны жоқ, жүлдеге ие болу үшін небір қитұрқы әрекеттерге баратындар кездесіп тұрады. Кейбірін қожайындары білмеуі мүмкін. Жаттықтырушылар мен жокейлердің жүлдеден үлесі болғандықтан, мұндай заңсыз әрекеттерге олар да баруы мүмкін. Жарыс әділ өтіп, шын жүйрік қана жүлделі болуы үшін бәрі қатаң бақыланады. Бүкіл дүние жүзінде бір ғана классикалық ұшқыр бәйге өтеді. Сондықтан талап та, шарт та бәріне бірдей. Ешкім өзгерте алмайды. Бәйге аттары физиологиялық қабілеті мен мүмкіндігіне қарай ғана бәйгеге шабады. Таза қанды ағылшын жылқылары 1000-4000 метр қашықтықта сыналады.
Бір ғана жүйрік фаворит бола алмайды
– Қазақы бәйгеде шауып жүрген тұлпарлар ұшқыр бәйгеге қатыса ала ма?
– Олар ұшқыр бәйгеге жарамайды. Мәселен, бізде күрес, бокс деген спорт түрлері бар. Қазақстандық спортшылар әлем чемионаттарына қатысып, чемпиондық атақ үшін барын салады. Сол сияқты, бізге шетелден бәйгеге қатысу туралы шақырту келсе, тек осы классикалық түрінен ғана ұсыныс түседі. Аламан, құнан бәйгедегідей жылқыны ұзақ қашықтыққа шаптыруға көп елде рұқсат жоқ. Шетелдің өзінде ең ұзағы 3800 метрге дейін ғана шабады. Жылқы өндірушілердің шетелде рөлі жоғары. Әр аттың бағасы бар. Бір ат 1000 доллар болса, енді бірі 100 мың долларға бағаланады. Аттың әкесіне, шешесіне қарайды. Тұқымына қатты мән береді. Әке-шешесі бәйгеден жүлде алып жүрсе, оның құлыны да қымбатқа бағаланады.
Соңғы жылдары бізде субсидия деген мәселе шықты. Ең сапалы бәйге жылқысын Қазақстанда өсіру үшін әлем елдерінің де тәжірибесін ескерген жөн. Шетелде туылған бәйге аттары бірінші, екінші, үшінші келсе, мемлекет атынан сыйақы беріледі. Бәйгеге ат жарататындар сыйақыны ұтуды ойлайды да, аттың сапасын өсіруге тырысады. Сол арқылы жылқыға дұрыс қарау мәдениеті қалыптасады.
Ат спортының қай-қайсысы да ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауына зәру. Кезінде біз таза қанды тұқымды жылқыларға экспорт жасағанбыз. Жылқы түрлерінің ішінде Қостанай жылқысы ат спортына бейім келеді. Американдықтардың өзі қызығушылық танытатын.
Қазақстанда осы саланы дамытуға қызығып жүрген ынталы азаматтар да аз емес. Алайда, мәселенің бәрі қаржыға, қолдауға келіп тіреледі. Мемлекет бұл салаға қаражат салып отырған жоқ. Барлық Жокей клубының арманы – дүниежүзілік жылқы федерациясының бәйгелерін ұйымдастырушылардың қатарына кіру. Біздің ел дәл қазіргі сәтте әлемдік федерацияның сапа бақылауында тұр.
«Ат жетпейтін жер жоқ»
– Бәйге аттары қалай іріктеледі?
– Допинг бақылау, салмағы мен құжаты сәйкес келу керек деген сияқты талаптар бар. Өте төмен рейтинг пен өте жоғары рейтингтегі жылқылар бір жарысқа қатыса алмайды. Екеуінің жасы бір, бір қожалықтан шығып, бір тренер дайындаса да бір бәйгеге қостырмайды. Егер қосса, әлсіз ат бәйгеде одан сайын сына береді. Ал жүйрік жылқы бәйгеде қарсыластары осал болғандықтан барын салмайды. Бәйге алаңында бәсеке керек.
– Ұшқыр бәйге болатыны туралы жылқы қожайындарына қалай ескертіледі? Дайындауға қанша уақыт беріледі?
– Жылдың басында жылқы иелеріне жылдық күнтізбе жіберіледі. Соған сәйкес шаруа қожалықтары бәйгеге аттарын дайындайды. Алдын ала берілген бағдарлама арқылы жарты жыл немесе бір жыл бұрын дайындай бастайды. Еліміздің ғана емес, Қырғызстан мен Өзбекстан сынды көрші елдерден де бәйгеге қатысу туралы ұсыныс келіп тұрады.
– Жалпы, аттың бәйгеден келуі шабандозға да байланысты.
Сіздіңше, бәйгеде қайсысының ықпалы жоғары?
– Әрине, бәрі жокейдің біліктілігі мен атты бағындыра алуына байланысты. Ұшқыр бәйге атын мәреге бірінші жеткізу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Тұлпардың тұяғы мықты болып, бәйгеге дайын болуы атбегінің еңбегі. Атбегілік – біле білгенге үлкен өнер. Жер бетінде халқымыздан артық жылқының бабын білетін ұлт жоқ. Әркім әрқалай баптайды. Осындай ұшқыр бәйгелерге ат жаратудың әдісін білетін азаматтар көп. Бұл да бір спорт қой. Бірде мықты аттың, енді бірде осал аттың бағы жануы мүмкін.
Абай атамыздың 26-қара сөзінде: «Жүйрік ат – кейде ол елде, кейде бұл елде болатұғын нәрсе, қыран құс та, жүйрік ит те – кейде оның қолына, кейде мұның қолына түсетұғын нәрсе. Күшті жігіт те үнемі бір елден шыға ма? Кейде ана елден, кейде мына елден шығады» деген сөзі бар. Бәйге ол – маңдайға берілген бақ, сәттілік. Әр секундтың өзі рөл ойнайды. Соңында келе жатқан ат мәреге жақындағанда бәрінен озып кетуі мүмкін. Жақсы ат қыза шабады деген бар.
– Ал жүлде қалай бөлінеді?
– 75 пайызы жылқы иесіне беріледі. Себебі, ең бірінші еңбек – соныкі ғой. Жылқы өсіруде ең қиын, атбегінің ең көп энергиясын жұмсайтын кезі аттың 1,5 жасқа толғанға дейінгі кезі. Аман-есен өсірсе, әрі қарай оңай болады. Қазақта «малды малдай адам баға алады» деген сөз бар. Жылқы өсіру оңай шаруа емес. Жүлденің 15 пайызын бапкер алса, 10 пайызы жокейге тиесілі.
– Ат танымайтын қазақ жоқ. Бізде жүйрікті пошымынан, жүріс-тұрысынан танитын қазақы түсінік бар. Сәйгүліктерді сыртынан танып, баға беруге бола ма? Ұшқыр бәйгеге сыншылық жүре ме?
– Әрине, қазақ қашанда атты алыстан танып, бағасын беріп жүрген. Сізге бір құпияны ашайын. Бәйгенің алдында жокейлер атқа мініп, асықпай баяу жүреді. Атбегілер атты бірнеше жақтан сынап көреді. Біріншіден, бәйге алдындағы рухани күшіне қарайды. Фаворит болып, алдына қара салмас жүйрік жылқы бәйге алдында бабына келмей тұруы мүмкін. Өзінен-өзі терлеп, көзқарасы бөлек болуы мүмкін. Бәйге алдында атбегілер мен сыншылар аттың тұрпатына, жүрісіне мұқият қарайды. Нағыз бабында тұрған атқа бәс тігеді. Мұны заманауи сыншылық деуге болады. Бәйгеге баулыған аттың жағдайын көріп-білмей, сырттан тон пішуге болмайды.
Мықты жүйрік атты жүлде үшін кез келген бәйгеге қатыстыра беру де дұрыс емес деп санаймын. Олар да спортшы сияқты. Кейде бабына келмей қалады. Үнемі жүлде алып жүрген атты тек бас бәйгелерге ғана қатыстырған жөн.
– Сұхбатыңызға көп рахмет!