Еліміздің Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың Әзербайжанға сапары көпшіліктің назарынан тыс қалды. Әйтсе де, бұл сапар Қазақстан үшін маңызды еді. Онда стратегиялық маңызды 10 құжатқа қол қойылды. Әсіресе, біздің мұнайды Әзербайжан территориясы арқылы тасымалдау мәселесін ерекше атап өткен жөн.
Мұнай тасымалына қатысты саяси шешім Әзербайжан президенті Ильхам Алиевтің елімізге жасаған ресми сапарында қабылданды. Осылайша мемлекет басшылары елдерімізге маңызды стратегиялық шешімге келді. Оны жүзеге асыру үкіметке тапсырылды.
Әлихан Смайловтың ресми сапары барысында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ мен Әзербайжанның Мемлекеттік мұнай компаниясы арасындағы Қазақстан мұнайын Әзербайжан Республикасының аумағы арқылы тасымалдау бойынша стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Болашақта келісімге Грузия тарапы қосылады деп күтілуде.
Бұл бағытта Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуеті бар. Себебі, ресми ақпарат бойынша жыл басынан бері 1 млн тоннадан астам жүк тасымалданған. Яғни өткен жылмен салыстырғанда, 64%-ға тасымал көлемі ұлғайған.
Транскаспий бағыты Қытай, Қазақстан, Әзербайжан, Грузия арқылы Түркияға өтіп, ары қарай Еуропаға алып баратын халықаралық транспорт дәлізі. Баку–Тбилиси– Карс теміржолы осы дәліздің бір бөлігі. Ұзақ уақыт бұл жобаға қызығушылық төмен болды. Алайда, өткен жылғы геосаяси және табиғи оқиғалар жобаға мемлекеттік деңгейде қызығушылық оятты.
Балама жолды іздеуге табиғи апат себеп болды
Былтыр Ресей арқылы мұнайымызды тасымалдайтын Каспий құбыр консорциумы жұмысына қатысты дау пайда болды. 5 шілдеде Приморск аудандық сотының үкімімен консорциумның жұмысы 30 күнге тоқтатылды. Дегенмен, консорциум қарсы апелляциялық шағым түсірді. Сөйтіп, 11 шілдеде Крас нодар аймақтық соты аудандық соттың үкімін әкімшілік айыппұлға ауыстырды.
Алайда, консорциумдағы дағдарыс бұлай басталмаған болатын. Наурыз айының соңында ауа райының қолайсыздығына байланысты техникалық ақау орын алды. Табиғи апаттан материалдық-техникалық ақау пайда болды. Соның нәтижесінде елдің бюджеті біраз қаржыдан қағылды. Қаржы министрлігі апаттың шығыны 150 млрд теңгеге дейін жетуі мүмкін деп хабарлаған.
Көпвекторлы саясат экономиканы да қамтуы тиіс
Каспий құбыр консорциумы Қазақстан, Ресей және ірі әлемдік өндіруші компаниялар бірлескен ірі мұнай тасымалдайтын жоба. Ол арқылы Қазақстан қара алтынның үштен екі бөлігін тасымалдайды. Ал жалпы консорциум арқылы тасымалданатын мұнайдың 80%-ы елімізге тиесілі. Сондықтан бұл жоба біз үшін маңызды.
Алайда, ешкім табиғи апаттан сақтанбаған. Егер ол орын алса экономикалық шығыннан бөлек, адам шығыны да болуы мүмкін. Сондықтан біздің көпвекторлы сыртқы саясатымыз экономика саласына да қолданылуы тиіс. Мұнай тасымалдайтын бағыттарымыз бірнеше болғаны тиімді. Алайда, Каспий құбыр консорциумы жобасынан толық бас тарта алмаймыз. Және де оның орнын толық басатын қазірге жоба жоқ. Себебі, Ресей территориясынан өтетін құбыр арқылы жылына 67 млн тоннаға дейін мұнай тасымалданады.
Транскаспий бағыты бойынша Баку– Тбилиси–Джейхан құбыры және Баку–Тбилиси–Карс теміржолы арқылы мұнай тасымалданады. Теміржолдан гөрі құбыр арқылы тасымал анағұрлым тиімді. Сарапшылардың пікірі бойынша, теміржол арқылы жылына 12–15 мың тонна мұнай тасымалданады. Ал Баку–Тбилиси–Джейхан мұнай құбыры 62 млн тонна тасымалдай алады. Алайда, қазірдің өзінде тасымал көлемі 60 млн-ға жетіп отыр. Өткен жылы Энергетика министрлігі болашақта тасымал көлемін 6-6,5 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарда екенін мәлімдеген. Сондықтан осы жобаға мүдделі елдер тасымал көлемін арттыруда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы тиіс. Ол үшін сырттан инвестиция тартылып, материалдық әлеуетін арттыру қажет. Мұнда Қытайдың инвестициялық қуатын қолданған жөн. Әрі Қытай сияқты алпауыт елдің жобаға қосылуы жобаның саяси-экономикалық әлеуетін арттырады.
Бізге экономикамыздың өзге де салаларына әртараптандыру саясаты қажет. Ол бюджет түсімінен бастап тауар тасымалына дейін жүзеге асқаны жөн.
«Аlmaty-akshamy», №82 11 шілде, 2023 жыл