Қайырымдылық жасау - халқымыздың қанына сіңген, ғасырлар бойы қалыптасқан құндылық. Қазақ о заманнан жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған. Қайта кедей-кепшіктің кем-кетігін жауып, қиналғанға қолы ұшын созуға әрқашан әзір тұратын халық. Оған небір қиын-қыстау заманда кездің өзінде қолындағы соңғы асын бөліскен оқиғалар жетіп артылады.
Қазір елдің жағдайы түзелді. Бұрынғыдай күн көре алмай жатқандар болмаса да, елге алақан жайып, жомарт жандардан қайырым тілеп, үміт күтетін бірен-саран жағдайлар да жоқ емес. Қайырымдылыққа мұқтаж жандар көбеймесе, азаймай отыр. Оған елде кейінгі жылдары қорларының саңырауқұлақша қаптауы дәлел. Aqshamnews.kz тілшісі мұнда қордаланған кейбір жайттарға назар аударып көрді.
Әділет министрлігінің дерегінше, Қазақстанда ресми тіркелген қайырымдылық ұйымдарының саны 1372-ге жеткен. Алайда олардың нақты бағыты (білім, мәдениет, әлеуметтік, діни) жөнінде ресми статистика жүргізілмейді, ал көптеген қордың қызметіне мемлекеттік бақылау қарастырылмаған.
Aл egov.kz cайтында еліміздегі қорлар негізгі алты бағыт бойынша топтастырылған екен. Олар: әлеуметтік, ғылыми, шығармашылық, білім беру, мәдени, халықаралық бағыт. Мұндағы деректер кейінгі рет биыл тамыздың 13-де жаңартылған.
ҚҚДИ Әлеуметтанулық зерттеулер орталығы жүргізген сауалнама қоғамдағы сенім деңдейін көрсеткен.
- 26,4% - қорларға толық сенеді;
- 45%-дан астамы - ішінара сенеді;
- 25% шамасында - қорларға мүлде сенбейді;
- 16% - жеке қайырымдылық жасаушыларға сенім артады.
Бұл деректер қайырымдылық ұйымдарына қатысты қоғамда күмәннің көп екенін аңғартады.
Алматы - қайырымдылық ұйымдары ең көп орналасқан қала. Бірақ ашықтық пен есептілік мәселесі мұнда ерекше өткір. Ult.kz басылымының мәліметінше, жақында уәкілетті органдар жүргізген тексерістер нәтижесінде қаладағы:
- 26 қордың тек 11-і ғана жұмыс істейтіні расталған;
- 15 қор көрсетілген мекенжай бойынша мүлде табылмаған.
Ашықтықтың аздығынан заңбұзушылықтар да жоқ емес. Жуырда Алматыда қайырымдылық қорының директоры 15 жастағы жасөспірімді базарда ақша жинауға жібергені үшін әкімшілік жауапқа тартылған еді. Сот оның кінәсін мойындағанын ескеріп, 50 АЕК (196 мың теңге) көлемінде айыппұл салды.
Бұл - бір ғана оқиға, бірақ салада сенімге селкеу түсіретін мұндай жайттар көптеп кездеседі. Мұндай жағдайлар халықтың қорларға деген сенімін одан әрі төмендетеді.
Заң талаптары және бақылаудағы олқылықтар
Қазіргі қолданыстағы "Қайырымдылық туралы" заң 2015 жылы қабылданған. Заңға сәйкес, қор қаржысы:
- қайырымдылық көмектерге,
- ұзақ мерзімді әлеуметтік бағдарламаларға,
- әлеуметтік жарнамаға,
- ұйымның қызметін жүзеге асыруға жұмсалуға тиіс.
Алайда заңда ең маңызды тетік - әкімшілік шығындардың нақты шекті лимиті көрсетілмеген. Әр ұйым бұл норманы өз бетінше белгілейді. Тек нысаналы капиталдың (эндаумент) басқару шығындары жылдық кірістің 20%-ынан аспауға тиіс деген талап бар.
Сонымен қатар, әрбір қор жылына кемінде бір рет атқарылған жұмысы туралы есеп жариялауға, ҮЕҰ дерекқорына есеп тапсыруға міндетті. Бірақ бұл талаптарды орындау деңгейі де біркелкі емес.
Сарапшылар қазіргі заң саланың дамуына ілесе алмай қалғанын, жаңа технологиялар, қаржылық ағындар және қорлардың күрделенген жұмыс жүйесі заңнаманы түпкілікті жаңартуды қажет ететінін айтып келеді.
Қайырымдылық - қоғамның бірлігі мен берекесінің көрінісі. Бірақ ұйым көп болғанымен, ашықтық, есептілік және бақылаудың әлсіздігі халықтың сеніміне селкеу түсіріп отыр.
Саланы дамыту үшін:
- заңнаманы жаңарту,
- қаржылық ашықтықты күшейту,
- бақылау тетіктерін нақтылау,
- балалар мен еріктілердің құқықтарын қорғауды күшейту сияқты мәселелер күн тәртібінде тұр.
Айта кетейік, жер шарындағы адамдардың орта есеппен 64%-ы қайырымдылықпен айналысады. Табысының басым бөлігін өзгеге қол ұшын созуға жұмсайтын мемлекет - Нигерия. Ал рейтингтің ең төменгі сатысында Жапония тұр. Қазақстан бұл тізімде ТМД елдерін басып озып, 30-орынға орналасқан.