ffin.kz

Коко Шанель: Мен адамдарды киіндірумен әлекпін – ал олар шешінуге әуес

Коко Шанель: Мен адамдарды киіндірумен әлекпін – ал олар шешінуге әуес Сурет all-aforizmy.ru алынды

Жыртық шалбар жоқшылықтан ба, тоқшылықтан ба?


Қазіргі таңдағы моданы көріп таңқаласыз. Таңданыстан таңдай қақ жарылады. Бүгінде жас та, жасамыс та айрықша көрінуге құмар. Жарасымды болса бірсәрі, алайда көзіңізге оғаш көрінгенде, ол емес, сіз ұяласыз. Қашан жөнге келерімізді кім білсін?!


Жаһандану үдерісі ғаламды шарпып тұр. Барша әлемде жұтылу қаупі жүріп жатыр. Осыған орай адамның бәрінің стилі бірдей болып барады. Ұқсастықта шек жоқ. Қыз – ұлға, ұл – қызға ұқсауға ынтық. Ер мен әйелдің киімі бірдей. Біреуге барып бірдеңе деу – айып. Себебі, әркім өзі біледі. Капиталистік қоғамда ештеңеге шектеу жоқ. Уәж айтылса, қыңыр жауап дайын. Сондықтан аңдап сөйлеп, аяңдап жүреміз. Бірақ ыңғайсыздықты көргенде, шошисыз. Ол жағы құпия емес. Сананы баураған қатқыл ой осып түседі. Мұны айтпасқа тағы болмас. Қайран сөзің қор болса да, осыған келелі пайым айтатындардың болғаны абзал.



Тәрбие – тал бесіктен


Әңгімені әріден тартайын. Бұрынғы апа, жеңге, келін орамал тартқан. Ұзын етек көйлек киген. Қазақылықты сақтаған. Көп жағдайда әдептен озбаған. Үлкенді қадірлейді. Кішіге ізет білдіреді. Ер адамды бағалайды. Қыз баланы құрметтейді. Бәрінің өз орны бар.


Ұлттық мейрамдарда бәріміз қазақша киім киеміз. Ою- өрнек те сондай жарасымды. Бешпет, шапан, кимешек, саптама етік, камзол, нымша – баршасы үйлесімді. Сондай- ақ, шолпы, сырға, жүзік, сақина алтын-күміс араласып жарқырап тұрады. Көздің жауын алады. Менмұндалайды. Әсіресе, Наурыз тойланғанда көшпенді өмірге оралғандай күй кешеміз. Ақшаңқан қазақ үйдің келбетін суреттеуге сөз жетпейді. Төрт түлік, көкмайса – бәрі-бәрі тамаша.



Ғасыр бойғы дүниетаным жадымызда сақталған. Озбыр қызыл империя жоюға тырысты. Бірақ санадан өшпеді. Жүрек түкпірінде қала білді. Дербестік алған шақта, біртіндеп ұмытқанымыз жаңғырды. Алайда, қитұрқы, жымысқы «орталықтандыру» идеологиясының салқыны қалып қойды. Кейбіріміз тілден, ділден қалдық. Соның салдарынан еліктеу күшейді. Өткенді мойындамау пайда болды. Тарихты жоққа шығару, импершілдік идеологияның құрығына құлдық ұру әлі де бар. Осыны түзейтін, тезге салатын кез жетті.



Осы күні аузы дуалы, ақылман ақсақал азайды. Қазақы бейнесі сақталған, «өлімнен де ұят күшті» дейтін, ұзын етек киген әжелер қалмай барады. Ендігі 20 жылда этно- фольклорға айналып кетпесе жарар еді. Бүгінде қазақшылықты сақтап отырған ата-апалардың жасы 70-тен асты. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев «қариялар азайып бара жатыр» деп жырлапты. Шынында да баласына ертегі айтатын, өсиетін қалдыратын үлкен кісілер сиреді. Олар көп болса, «ұят-аят» түгесілмес пе еді?!


Қазақта «Қызды басқа үйде қондырма, ұлды өзге үйден тойдырма» дейді. Дархан, көреген ата-бабаларымыздың нақыл сөзі – бұл! Тәрбиенің қолдан сырылғанын адамның сырты-ақ аңғартады. Осы мәселе қатты ойлантады.



tvoyalady.com


Еліктеу түбі – құрдым


Әлгінде жаһандану жырын күйттедік. Әйгілі сәнгер Коко Шанель «мен адамдарға киім тігіп киіндірумен әлекпін – ал олар шешінуге әуес» депті. Сөзінің жаны бар.


Көшеге шыға қалсаңыз, түрлі жағдай, келеңсіз қылық көресіз. Кейбіреу қара санын жалтыратып, шолтитып шорти киіп алады. Сондай жарасымсыз. Қыздың еркекшора, ұлдың қызтеке болғаны ұят. Ұлдар құлағына, мұрнына сырға тағады. Қыз бала денесіне тату салады. Онысын бақырайтып көрсетіп алады. Өте сұрықсыз көрінеді.


Біз сырттан келетін барлық қылық, сән, әдіс-тәсілді ой елегінен өткізейік. Арасынан қажеттісін өзімізге енгізейік. Әсіресе, Еуропаға еліктеп, жалаңаштануға құмартпайық. Көшедегілерге көз салсаңыз, шығыс пен батыс стилін бірдей көресіз. Біреу ыстық күнде тұмшаланып қымтанып алса, келесі біреу бар мүшесін жарқыратып көрсетіп, ұят-пұятты көзге ілмей жүре береді.


Киім әу бастан мәдениеттің тікелей көрсеткіші. Иә, қазір заманауи кезең. Бірақ бұл да өтеді. Жас өрендерімізді тәрбие тезіне салмасақ, ендігі жерде кешігеміз. Уақыт өтіп, санаға алабөтен жымысқы ой кіреді. Ол кезде бәрі кеш. Сондықтан еліктейтін нәрсе бар, еліктемейтін дүние тағы бар. Осыны естен шығармайық.



Жат қылық жарға жығады


Мода – заман талабы. Әйтсе де, әрнәрсенің шекарасын білген жөн. Сәнқойлық осы екен деп, әдепсіздікке ұласып жүрмесін.


Алматы – үлен мегаполис. Ешкімнің ешкімде шаруасы жоқ. Онысы жөн-ақ. Өйткені, таңертең жұмысқа, кешқұрым үйіне асыққан бір адам. Бәрі қарбалас.


Біз метромен «Шұғыла» мөлтек ауданына қатынаймыз. Баратын жер шалғай. Байқоңыр мен Бауыржан Момышұлы станциясына жеткенше біраз уақыт өтеді. Шығармашылық адамы болғандықтан, қоғамға зер салмай жүре алмаймыз. Осындай сәттің бірінде келеңсіз бір көріністің куәсі болдық. Яғни үстіне футболка, шолақ шалбар киген ұзын бойлы жігіт пен бір қыз мінді. Бір-біріне жабысып барады. Қыз баладан қызға тән нәзіктік байқалмады. Екеуі де құлағына, мұрнына сырға тағыпты. Бір қараған адам екі жігіт оғаш қылық жасап тұр деп ұғуы мүмкін. Ондайдың бетін аулақ қылсын. Біз қыз бен жігіт десек, көз алдымызға жарасымды жұп һәм махаббат елестейді. Негізі, ата дәстүрді бұзбай, табиғат берген қалыпты сақтаған дұрыс.


Көше еріккендер орны емес. Әсіресе, көпшілік жүретін жерде оғаш қылықтан көзді алып жүре алмайтын сәттерге ұдайы тап болып жүрміз. Орындықтың үстінде қыз бен жігіт аймаласып, ынтызар шарманда күйге түсе береді. Айналадан үлкен кісі, ата-ана, бала-шаға өтеді деп елемейді. Өрімдей жасөспірімдер осылай істесе, түбі не болмақ?! Интернеттен көргенін қайталай берсе, қолда бар құндылығымыздан айырыламыз.



Қазақта «Ет бұзылса тұз себеді, тұз бұзылса не себеді?» деген аталы сөз бар. Ал «қыз бұзылса... қайтеміз?». Онда тәрбиенің қолдан ысырылып түскені деп ұға беріңіз. Сонымен қоса, «Ұл бұзылса – отбасы, қыз бұзылса – ұлт бұзылады» деген тәмсіл кездеседі. Сол себепті, қыздың тәрбиесіне аса абай болған абзал. Осы күні қыз бала электронды темекі шегіп, бет-аузына татуировка салады, шашын бей-берекет бояп, ұл сияқты шашының бір жанын қырып алып тастайды. Ұл да жетісіп тұрған жоқ. Осындайлар көбейсе, ұлттың тамырына балта шабады. Сондықтан қажетсіз әрекет жасап, жұрттың жүйкесін тоздырмау қажет. Бұл барша жастарға қарата айтылған сөз. Ата-бабамыздан келе жатқан текті ұрпағымыз азбасын. Барша айыпты тұрмыс-тауқыметіне жауып, өзіміз сүттен ақ, судан таза болмайық. Қартайғанда перзентіне керексіз болып, далада түнеп жатқан жаға ұстатарлық жағдайды байқап жүрген боларсыз. Осының бәрі ұрпақ тәрбиесімен айналыспағанның кесірі. Ондайдың бетін аулақ етсін. Батыстан мәдениетті емес, ғылыми технологияны игерудің қыр-сырын үйренейік. Рухани құндылық шежіремізде, өзімізде сайрап жатыр!




Тектілік қанымызда болғай!


Тақауда Ташкентке жол түсті. Шаһар керемет, тап-таза. Кептеліс аз. Барлық жерге метро қатынап тұр. Адамдары мейірбан. Жол сұрасаң, жөн сілтейді. Ең қызығы мынада: Киім арзан деген оймен дүкендерді араладым. Әйтсе де, аса бір айырмашылық сезілмеді. Әдепкіде өзбек тілін жөнді білмегендіктен, орысша сұрап жүрдім. Қызмет көрсетіп тұрғандардың бәрі дерлік жастар екен. Бәрінен «өзбекше сөйлесеңіз...» деген сөзді жиі естідік. Бұрын Кеңестік кезеңнің өзінде солай істеп, әдет-ғұрпын сақтапты. Ал қазақша сауал берсеңіз, ризашылықпен тіл қатады. Халқы ілтипат көрсете біледі. Жергілікті қандас қазақ ағайындарды да жиі ұшырастырдық. Бізді байқап, қазақша тілдесе жөнеледі. Ашық-шашық жүргендерді көре қоймайсыз. Сөйтіп, өз келбетін ұлықтаған елді аралап, риза болып оралдық.



 wallhere.com


Шетелден келіп ұлттық киімдерімізді киіп, 3-4 айда қазақша тіл сындырып жүрген шетелдіктер қазақы салт- дәстүрімізге қызығады. Онысы бекер емес. Сырт жақтың адамына заманауи болу – қызықсыз. Ол этаптан өткен. Ал біз өз қадірімізге өзіміз жетейік. Қазір заманауи кез екенін түсінеміз. Алайда, ретсіз жолға салынбайық. Осы күні ұлттық киімдеріміз заманауи стильде тігіле бастады. Қоғамдық орында ою-өрнегі келіскен киіммен сәнді де мәнді киінсек, жарасады ғой. Оны тек қана Наурызда киіп, жыл бойы сандық пен қоймада жатса, ондай көзбояушылық кімге керек?!



Өз арамызда өмір сүріп жүрген этностардың кейбіріне зер салайықшы. Қап тауынан қиын-қыстау шақта жер аударылып келгендерге көңілің тояды. Өзінің салт-дәстүрін сақтайды. Келіндері үй мен сыртта да орамалын, ұзын көйлегін тастамайды. Көбіне өз ұлтының киімін киеді. Тіл, ділге берік. Тарихи Отанынан жырақта жүрсе де, түпкі негізін сақтап келеді. Рухани жауһарларын әспеттеу жағына келсек, бізге үлгі аларлық қырлары да жетерлік. Ойланайық?!



Қазақтың білекті, жүректі, намысшыл ер-азаматтары аман болсын. Қылықты, ұяңдықты сақтаған, беттен алып төске шаппаған бойжеткен қатары артсын. Сонда ғана аумалы-төкпелі шақтан аман-есен өтеміз.


Бір нәрсе анық. Сыртқы кескін-келбет барлығын аңғартады. Бәріміз психолог болып барамыз. Жүріс-тұрыс, сөз саптау – баршасына ел көз тігеді. Ел арасында «Қисық арба жол бұзады» дейді. Соның кері келіп жүрмесін. Жасқа да, жасамысқа да сана берсін. Ең бастысы – ұят болмасын. Сан ғасырлық тарихымызды тек қана әлеуметтік желіден көріп, түгелдей фольклорға айналып кетіп жүрмесін. Болашақ әрбіріміздің қолымызда, ағайын. Алтын діңгек мықты болсын!


 


«Аlmaty-akshamy», №82  11 шілде, 2023 жыл

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51

11:00

10:53

10:51

10:37

10:13

10:04

09:54

09:53

09:38

09:35

09:05

08:58

08:49

08:05