Қазіргі полиграфия саласы терең трансформация кезеңін бастан өткеріп жатыр. Өндірістік үдерістердің цифрлануы, жаңа медиаформаттардың дамуы, тұтынушылық мінез-құлықтың өзгеруі — мұның бәрі мамандардан жаңа білімді, икемділікті және үздіксіз оқуға дайын болуды талап етеді. Осындай жағдайда білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілер арасындағы өзара әрекеттестік саланың тұрақты дамуын қамтамасыз етудің шешуші факторы болып табылады.
2025 жылы 15 сәуірде Алматы қаласындағы Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Принтмедиа технологиялар колледжі» КМҚК жұмыс берушілермен бірлесе отырып, кадрларды даярлау мәселелері бойынша «Полиграфия және білім беру: жаңа мүмкіндіктер» атты форсайт-сессияны өз базасында өткізді.
Форсайт-сессияның мақсаты – «Полиграфиялық және қаптама өндірісі» бағыты бойынша кәсіби-техникалық білім беруді дамытудың қысқа, орта және ұзақ мерзімді кезеңдерге арналған ортақ көзқарасын қалыптастыру және полиграфия саласына инновацияларды енгізу үшін нақты қадамдарды айқындау.
Форсайт-сессия жұмыс берушілер мен білім беру ұйымдары арасында диалог алаңын құруға бағытталған. Бұл полиграфия саласына қазіргі заман талаптары мен сын-тегеуріндерін ескере отырып, білікті кадрларды тиімді даярлауға мүмкіндік береді.
Ондаған жылдар бойы полиграфия саласындағы кадрларды даярлау жүйесі негізінен консервативті сипатта болып, қалыптасқан кәсіби стандарттарға сүйеніп келді. Алайда XXI ғасырда білім беру бағдарламалары мен бизнестің нақты қажеттіліктері арасындағы тұрақты байланыс өзектілігін жоғалта бастады. Қазіргі экономиканың сын-тегеуріндері жаңа талаптарды алға тартады:
- цифрлық дағдылар мен кросс-функционалдық құзыреттерді біріктіру;
- жобалық және икемді жұмыспен қамтудың (фриланс, өзін-өзі жұмыспен қамту) үлесінің артуы;
- жаңа мамандықтардың пайда болуы және дәстүрлі рөлдердің трансформациясы;
- soft skills – креативтілік, сыни ойлау, коммуникабельдік сияқты жеке қабілеттерді қалыптастыру қажеттілігі.
Қазіргі полиграфия тек кітаптар мен газеттерді басып шығару ғана емес. Бұл — мультимедиялық коммуникациялар, орама дизайны, цифрлық баспалар, баспа мен маркетингте AR/VR технологияларының қолданылуы. Көптеп мамандар жаңа кәсіби шекараларда жұмыс істеуде: дизайнер-полиграфист, цифрлық баспа операторы, препресс дайындау дағдылары бар маман, полиграфиялық жобалар менеджері және тағы басқалар.
Префорсайт, яғни зерттеу тақырыбының алдын ала анықталуы, 2025 жылы 1 наурыз бен 8 сәуір аралығында жүргізілді. Префорсайт — шағын сарапшылар тобының қатысуымен өтетін дайындық кезеңі. Бұл кезеңде зерттеу саласы, мақсатты аудитория және тартылатын мамандар тобы айқындалады. Қатысушылар: колледж директорлары мен орынбасарлары, жоғары оқу орындарының өкілдері, сарапшылар, жұмыс берушілердің өкілдері, студенттер.
Сонымен қатар, дәл осы уақытта 2-ші такт: «Трендтерді анықтау» жүргізілді. Трендтерді талдау мен экстраполяция — қазіргі заманғы тенденцияларды зерттеу және олардың болашақта қалай дамитынын болжау процесі. Бұл процесс қазіргі тәжірибелердің болашақтағы ықпалын түсінуге мүмкіндік береді.
Префорсайт нәтижесінде болашақтың аймақтық картасы жасалды, онда төмендегі өзара байланысты технологиялық және әлеуметтік трендтер айқындалды:
- өндірістік процестерді цифрландыру, автоматтандыру және роботтандыру;
- түрлі өзін-өзі жұмыспен қамту түрлерінің (фриланс, event-индустриядағы жұмыс) кеңеюі, олардың динамикасы қатысушылардың пікірінше, жаңа білім беру формаларының дамуы мен жаңа өмірлік бейнелер мен идеалдардың қалыптасуына байланысты өзгеретін болады;
- технологиялық революциялар нәтижесінде белгілі мамандықтардың жылдам өзгеруі;
- кең ауқымды мамандардың (полипрофессионалдардың) пайда болуы;
- карьералық құндылықтардың отбасылық құндылықтардан басым болуы әлеуметтік тренд ретінде қарастырылады, алайда бұл үрдіс кейіннен отбасылық құндылықтардың нығаюына алып келеді деп күтілуде;
- адамның және роботтардың арасындағы бәсекелестік, роботтар адам еңбегін алмастыра алатын салаларда және оның нәтижесінде шығармашылық мамандықтардың мәртебесінің артуы;
- кәсіби және тақырыптық қызығушылықтар бойынша топтасқан адамдардың көбеюі;
- VR технологияларының білім беру мен полиграфия саласына енгізілуі.
Қатысушылар бір тоқтамға келіп, кейбір трендтер тек ұзақ мерзімді болашақта байқалатынын айтты: адамның шығармашылық ойлауын алмастыра алатын қуатты жасанды интеллектінің пайда болуы және криптовалюталарды төлем құралы ретінде қабылдау.
Сауалнама нәтижелері мен индустрия өкілдерімен жүргізілген тәжірибелік жұмыстың көрсеткеніндей, негізгі талаптар мыналар болып табылады: өз бетінше жұмыс істей білу және шешім қабылдай алу; графикалық бағдарламаларды, цифрлық платформаларды және медиа саласындағы жаңа трендтерді білу; командада жұмыс істей алу және клиентпен тиімді коммуникация жасай білу; тәжірибелік дағдылар — тіпті оқу іс-тәжірибелері түрінде.
Қазіргі заманғы талаптарға сай кадрларды даярлау үшін «Жоғары оқу орны — түлек — еңбек нарығы» дәстүрлі жүйесінен «Жоғары оқу орны — студент — жұмыс беруші» арасында өзара әрекеттестік үшбұрышына көшу қажет.
«Полиграфия және білім беру: жаңа мүмкіндіктер» форсайт-сессиясы аясында жұмыс берушілермен бірлесіп кадр даярлау мәселелері бойынша дайындалған сұрақтар қатысушыларға саланың қысқа және ұзақ мерзімді трендтері, проблемалары мен мүмкіндіктері туралы түсінік беріп, кадрлық әлеуетті дамыту бағыттарын анықтауға көмектеседі.
Негізгі даму бағыттары:
-Білім беру бағдарламаларын бірлесіп әзірлеу: жұмыс берушілердің курстарды, оқу жоспарларын және біліктілік бағалау критерийлерін жобалауға қатысуы.
- Дуалды және жобалық оқыту форматтары: тағылымдамалар, нақты бизнес тапсырмалары бойынша зертханалар, кейс-чемпионаттар, бірлескен мастер-класстар.
- Форсайт-сессиялар және кәсіби бағдар беру іс-шаралары: тенденцияларды үнемі болжау және студенттерді икемді карьералық жолдарға дайындау.
- Желілік кәсіби қауымдастықтар құру: университеттер, колледждер мен компанияларды тәжірибе алмасу және табысты жобаларды тарату үшін біріктіру.
Қазіргі полиграфия саласындағы білім беру жүйесі анағұрлым бейімделген, икемді әрі индустриямен серіктестікті көздейтін болуы тиіс. Тек білім беру мекемелері мен жұмыс берушілер арасында тұрақты диалог жағдайында ғана цифрлық және шығармашылық экономика сын-тегеуріндеріне дайын, тұрақты кадрлық резерв қалыптастыру мүмкін болады.
Университеттердің рөлін қайта қарау қажет — олар тек білім беру орындары ғана емес, сонымен бірге дағдыларды қалыптастыратын, бастамашылықты дамытатын және студенттердің нақты тәжірибесін жинақтайтын алаңға айналуы тиіс. Ал жұмыс берушілер тек еңбек ресурстарын тұтынушы емес, болашақ кадрларды даярлауға белсене қатысатын негізгі тарап болуы керек.