Жуырда Алматы «Ұлы дала ойындары» республикалық фестивалі өткені мәлім. Сондағы «аударыспақ» сайысына көрермендер арасынан бір жігіт суырылып ортаға шықты. Шықты да белдескен үш жігітті де аттан аударып түсіріп, жиылған жұртты тәнті еткен еді. Бауыржан Әбдіқайым есімді бұл азаматқа көппен бірге қол соғып, өнеріне сүйіндік. Кейіннен тілдесудің де сәті түсті. Сонымен, қорғаныс саласындағы құрыштай берік азаматтың өміріне үңіліп көрдік.
Бауыржан Әбдіқайым – Қорғаныс министрлігінің Алматыда орналасқан Орталық спорт клубы жеке құрамының взвод командирі. 29 жастағы әскери қызметші 2017 жылдан бері осы іргелі ұжымда еңбек етеді.
Бауыржан – Түркістан облысының Шәмші Қалдаяқов ауылының тумасы. Бес ағайынды жігіттің әкесі ауылда мал, жылқы ұстайды. Бауыржанның да ен салған аты, бәсіреге мінген «Күреңі», «Көкжалы» болған. Жылқыжанды жігіт жабырқаған сәттерінде соларға «мұңын» шағатын, үнсіз сөйлесетін. Қос атым маған рух, күш сыйлайтын дейді ол. Сондай жүйріктердің жалымен жарысып өскен бала спортшы болуды армандаған екен. Қазақша күресті жақсы көрді. Боз кілемді бағындырғысы келетін балаң арманы.
– Жасыратыны жоқ, ауылда біз секілді спортқа жан-тәнімен әуес балаларды дамытатын, жетелейтін, бағын ашатын мүмкіндіктер болған жоқ. Ал нағыз болашақ спортшылар, қайнаған еңбектің, қара жұмыстың ортасында шыңдалып өсіп келе жатқан қарадомалақтар ауылда деп сеніммен айта аламын. Менің ауылда қолым жетпеген сол армандарым қазір осы Алматыда орындалып жатқандай, – дейді спортшы Бауыржан Әбдіқайым.

Білекті, жүректі жігіт қазір мегаполисте, еліміздің өзге де өңірлерінде өтетін, тіпті халықаралық марафондарда, спорттық, бұқаралық жарыстарда топ жарып жүр.
2018 жылы Алматы іргесіндегі Тамғалы тас шатқалында өткен Халықаралық IV «Tengri Ultra» марафонына қатысып, қаржылай сертификатқа ие болды. Көркем табиғат аясында жүгіруге әлемнің түкпір-түкпірінен 1500-ге жуық атлет келген болатын. 
Одан соң 2019 жылы «Tun Run» түнгі жарысында бой көрсетті. Алматылықтар мен қала қонақтарына салауатты өмір салтын насихаттауды, бұқаралық спортты, туризмді дамытуды көздейтін және халықты дене шынықтыру мен спортпен белсенді айналысуға шақыратын бұл марафонның да өз артықшылығы бар. Қатысушылар дәстүр бойынша түн мезгілінде маңдайшам жарығымен Алматының тау баурайымен жүгіреді. Сол жылы сегізінші мәрте ұйымдастырылған «Tun Run – 2019» түнгі марафонында 100-ге тарта қатысушының ішінен Бауыржан Әбдіқайым 2-орынды жеңіп алды.

Келер жылы өткен қазақстандық «Nomad Race – 2020» экстремальды атлеттер жарысынан да табылды. Ал дәл осындай тікенді сымдар, тік қабырғалар, қолың оңайшылықпен іліге қоймайтын сусыған тұтқалар, батпақты шұңқырлар, тар тесіктен жедел шығу сияқты түрлі кедергіден өтуге арналған, төзімің мен сабырыңды, білегіңнің күші мен жүрегіңнің мықтылығын таразыға салатын 5 шақырымдық «Race Nation – 2021» жарысында жүзден жүйрік аталып, 3-орынға табан тіреді.

Бауыржан сол жылы қыста Шымбұлақ тау курортында өткен «Alpine Race – 2021» турниріне де қатысты. Мұнда кілең әуесқой скайраннинг, ски-альпинизмнің жанкүйерлері жиналған болатын. Бұл жолы аяғына шаңғы байлап жарысқан Б.Әбдіқайым 400 атлеттің сапында өзінің төзімді, епті, сергек спортшы екенін тағы бір дәлелдеді.
Одан соң Халықаралық әскери спорт кеңесінің (СІSM) қолдауымен шамаман 40-қа жуық елден әскери спортшылар қатысқан «қазақ күресі» бойынша әлем чемпионатында да топ жарған.

Көктөбедегі «Медеу» шатқалының көкке шаншылған 842 баспалдағымен қос аяқтап секіріп, 17 минутта жеткені тағы бар. Сол баспалдақтармен 4 минут 50 секундта жүгіріп жеткен жоғары көрсеткіші де тіркелген.
Отандық спортшы «Қошқар көтеру» ұлттық спорт түрінде де аса белсенді. 2023 жылғы Наурыз мейрамында 50 кг болатын қошқарды екі сағат ішінде 2050 рет көтеріп, ұлттық рекорд орнатқан. Бұл оның «қошқар көтерудегі» тоғызыншы жеңісі. Оған дейін де бұқаралық спорттық жарыстарда бұқаны 120 рет көтерген кезі де болған екен. Ауыр ұзын емен бөренелерді де екі иығына салып 30-40 мәрте көтеріп, жұртты тәнті еткені тағы бар.
 
 
2023 жылы Бауыржан 500 шақырымды жүгіріп өтіп, рекорд орнатуды мақсат еткен болатын. Табанды жігіт оған да жетті. Ол бұл марафонға бес айдан аса – аптасына үш реттен жаттыққан екен.
– Марафонымызды мамырда Қарағанды облысының Ақжал ауылынан бастап, Астананың Бәйтерегіне дейінгі аралықты төрт жарым күнде жүгіріп өттім. Әр 100 шақырым сайын аялдап, кешкі тоғызда ұйықтап, таңғы төрт-бестерде қайта жолға шығып отырдым. Тіпті, сәл аялдап қалсам аяғымның сіңірі тартылып қала бергендіктен жүгіріп бара жатып да түстенген кездерім болды. Шын мәнінде мен үшін ауыр марафон болды. «Несіне бастап едім?!» деген ойдың да болғанын жасырмаймын. Бірақ Гиннес кітабына қазақтың жігіттері көптеп енуі керек деген мақсатым, маған сенген жандардың үміті қамшылай түсті. Сол жарысқа шығардан үш күн бұрын келіншегім үшінші баламды өмірге әкелген. Өмірге жаңа келген ұлыма үлгілі әке болам деген сенім де демеу болды. Сөйтіп төрт жарым күнде 558 шақырымды артқа тастап келдім, – дейді Бауыржан Әбдіқайым.
Қайсар ұланның осы марафонының мәресінде  Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалидиновтің өзі қарсы алып құттықтады. Енді Бауыржан дәл осы бағытта болашақта әлдемдік рекорд орнатуды көздеп отыр. 
Жалпы, оның жаһандық деңгейдегі рекордтарды, басқалар не істеп жатыр екен деп бақылап отыратыны бар. Мүмкіндігінше ешкім істемеген, әлемді таңғалдыратын, сөйтіп қазақтың атын ойып тұрып жазатын рекорд орнату – арманы. Сондықтан жаттығудан бір қол үзбейді. Бір демалыста «Медеудің» баспалдағымен қос аяқтап жоғары қарай алты-жеті мәрте көтеріліп, төмен түседі. Келесі аптаның демалысында Алматы мен Қапшағай арасына велосипед теуіп келеді. Солай жаттығады, солай шынығады.
Ең өкініштісі, ол өзіне қаржылық қолдау табу қиынға соғатынын айтады. Сондықтан озса қазақтың жігіттері озса екен деп, өз кеудесін өзі сүйреп келе жатқан Бауыржан Әбдіқайымға спорттық мансабына демеуші болатын қалталы азаматтар кезіксе ғой деген тілегіміз де жоқ емес.

Ұлттық намысты ту еткен Бауыржанның өзі – көп балалы әке. Аяулы жары төрт баласын тәрбиелеп отбасының түтінін түтетіп отыр.
– Осыншама қара күшті пайдаланып, мәселені жұдырықпен шешетін кездеріңіз бола ма? – деп әзілдей сұрадық.
– О не дегеніңіз?! Спортты, күшімді көше төбелесіне қор қылмаймын. Жұбайына қол көтеретіндерді де түсінбеймін. Әрине, мінсіз адам емеспіз, отбасы болған соң бізде де келіспеушіліктер орын алады. Бірақ еркек бойын ашу буғанда сыртқа шығып кеткені дұрыс деп ойлаймын. Сонда бәрі дұрыс болады, – дейді Бауыржан отбасылық құндылықтар тұрғысындағы көзқарасын да жеткізіп.
Отандық спортшы әрі әскери қызметкер Бауыржан Әбдіқайымның өмірдегі портреті, міне, осындай!
