ffin.kz

Мәскеу форумы: Қазақстандық мүдде қандай болуы керек?

Мәскеу форумы: Қазақстандық мүдде қандай болуы керек?

Сараптама


Бүгін Мәскеуде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы өтеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл Мәскеу сапарының салмағы тым ауыр. Себебі, II Еуразиялық экономикалық форум аясында еліміздің болашақ экономикалық тағдырына қатысты бірқатар түйткілді мәселелер талқыланбақ. Бұл жолы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысымен қатар ЕАЭО, ШЫҰ және БРИКС сынды ірі бірлестіктер арасындағы интеграция мәселесі сөз болғалы тұр. Оның үстіне, талқы тақырыбында «жаһандық экономикалық архитектураны қайта пішімдеу» деген сөздің тұруы да экономикалық форумның саяси астарын қалыңдата түскен.


 


Мәскеу үміт артқан экономикалық форум


 


Форумға 50-ден астам елдің өкілі, 2700-ден астам мемлекеттік органдардың, бизнес-қауымдастықтар, халықаралық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысады делінген. Осының өзі Мәскеудің бұл іс-шараға зор үміт артатынын білдіреді. Соғыс және санкция жағдайында Ресей экономикалық қиыншылықтарды шешудің балама жолдарын белсене іздестіруде. Ресейдің жетекшілігінде құрылған Еуразиялық экономикалық одақ та өз тарихындағы аса күрделі кезеңде тұр. Сарапшылар, аталған форум ішкі-сыртқы қиыншылықтарға тұс келген экономикалық бірлестік пен Ресейдің өзіндік проблемаларын жеңілдетуге бағытталған деп санайды.


Кеше  өткен форумның алғашқы жиынында «ЕАЭО ішкі нарығы: қиындықтар мен даму перспективалары» деген атпен одақтың ішкі проблемалары талқыланды. Онда қатысушылар экономикалық одақ күрделі тарихи кезеңді бастан өткеріп жатқанын мойындай отырып, орасан зор экономикалық күйзеліс пен халықаралық құқық жүйесіндегі жаңа мәселелерге баға берді. Мүше мемлекеттердің экономикаларының тұрақты даму мүдделері көптеген жаңа талаптарды жарыққа шығарды. Оның қатарында, одақ ішінде қолданылып жүрген сауда-экономикалық тетіктерді жетілдіру, интеграцияны тереңдету мен ортақ нарықтың жекелеген елдердің мүддесіне тиімді болуы мәселелерінің күн тәртібінде тұрғаны белгілі болды.


Ресей биыл Еуразиялық экономикалық одақтың  төрағалық қызметін атқарады. Батыспен терең саяси және экономикалық қайшылығы оның ұлттық экономикасында дағдарыстар қаупін арттырып жіберді. Сондықтан да Мәскеу кез келген екіжақты және көпжақты диалог алаңдарын жаңа экспорттық нарық іздеуге бағыттайды. Бұл тұрғыдан келгенде, кезекті форум арқылы ауқымды экономикалық бірлестіктердің басын біріктіріп, кең нарыққа жол ашу Мәскеу үшін таптырмас мүмкіндік болар еді. Санкция пакеттерін толассыз жаңартып жатқан Батыс елдерін қамтымайтын жаңа альянс құру бағытындағы іс-әрекеттері де осыны аңғартады. Сарапшылар пікірі мен іс-шараның мазмұнын ұштастыра пайымдайтын болсақ, «халықаралық ұйымдар арасындағы кең серіктестік желісін құру және жаһандық экономикалық архитектураны қайта пішімдеу» дейтін ұранның тегін емес екенін білеміз.


Аса ауқымды экономикалық форумның талқы тақырыбында тұрған  «жаһандық экономикалық архитектураны қайта пішімдеу» дегенді қалай пайымдауға болады? Бұл туралы экономистер қазіргі жаһандық экономикадағы белгісіздіктер мен жаңа әлемдік тәртіп тұрғысынан қарайтын болса, саясаттанушылар мұны Ресейдің жүзеге асырғысы келетін ұлттық мүдделері тұрғысынан таңдалғанын айтады. Айталық, саясаттанушы Пердехан Шәмшиев: «Жаһандық экономикалық архитектураны қайта пішімдеу тақырыбының астарында Ресейдің ұлттық мүддесінің басым екендігі айқын. Себебі, Ресей өніміне жаңа нарық қажет. Сондықтан «экономикалық архитектураны қайта пішімдеу» астарында сыртқы нарықты іздестіруге деген талпыныс жатыр», – деген пікір айтады.


 


ЕАЭО – ШЫҰ – БРИКС: Еуразиялық жаңа альянс бола ала ма?


Ауқымды халықаралық іс-шара аясында 7 бағытта 35 сессия өтпек.  Солардың арасында Еуразиялық экономикалық одақ пен Шанхай ынтымақтастық ұйымы және БРИКС елдері арасында өтетін сессия көбірек назар аудартады. Өйткені, «ЕАЭО – ШЫҰ – БРИКС: Ашық интеграция диалогы» деп аталатын сессияда тараптар кең ынтымақтастықты дамыту және «жаһандық экономикалық архитектураны қайта пішімдеу» мақсатымен өткізілмек. Бұл, шын мәнінде, Батыстың қатысуынсыз, еуразиялық аймақтық альянстың құрылуын көздейтін жоба. Дегенмен, Ресей ұсынған ауқымды жобаның жүзеге асуы күмәнді. Тіпті, қысқа мерзімді перспективада бұл тіптен мүмкін емес.


Әлбетте, Еуразиялық экономикалық одақ пен Шанхай ынтымақтастық ұйымы арасындағы диалогты дамыту жүйелі түрде қолға алынып жатқаны мәлім. Алайда, аса ірі бірлестіктер мен оған мүше елдер арасындағы мүдделерді ортақтастыру үлкен қиындықтарға тап болары сөзсіз. ШЫҰ бұл күнде әлемдік ЖІӨ-нің 30 пайызын, әлем халқының да басым көбін иеленген аса ірі халықаралық ұйымға айналды. Соған қарамастан, ұйым ішінде әлі де шешімін таппаған сұрақтар көп. Жақында ғана ұйымға мүше елдердің Сыртқы істер министрлерінің басқосуында Қытай тарапы Үндістанмен арадағы қайшылықты ұйым шеңберінде оң бағытта шешуге дайын екенін жеткізді. Бірақ терең қайшылықты шешудің нақты ұсыныстары ортаға қойылған жоқ. ШЫҰ-на кейіннен мүше болған Үндістан мен Пәкістан арасында да ұзақ мерзімдік кереғар қатынастар ұйымның икемділігіне кедергі келтіреді.


Ал БРИКС елдерінің (Ресей, Үндістан, Қытай, Бразилия және Оңтүстік Африка) негізгі сауда серіктері қатарында АҚШ пен ЕО елдері басымдықта тұр. Дамушы елдердің көшбасшы бестігін Батыстың қатысуынсыз жаңа альянсқа топтау біріншіден ұзақ мерзімді, екіншіден орасан зор күш-жігерді талап етеді. Бұл форумда кеңірек интеграциялық схеманы алға жылжыту үшін төлем жүйелерін біріктіру, елдер арасындағы өзара есеп айырысуда ұлттық валюталарды пайдалану, инновацияларды дамытуға жәрдемдесу және саудадағы озық тәжірибе алмасу мәселелерін қарастырып көрмек. Бұдан тыс, өзара кедендік жеңілдіктер, көлік-логистика және энергетика салаларында ынтымақтасуды талқылайды. Егер БРИКС-тегі Ресей мен Қытайдан өзге үш мемлекеттің Батыс елдерімен ауқымды стратегиялық жобаларын ескерсек, жобаның болашағына деген күмән тіпті де күшейе түседі.


 



Саясаттанушы П.Шәмшиев аталған ұйымдардың мақсатының әртүрлі екеніне баса назар аударады. «ЕАЭО мен БРИКС экономикалық әріптестікті нығайтуға баса назар аударса, ШЫҰ - аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді негізгі мақсат етіп құрылған ұйым. Сондықтан ЕАЭО мен БРИКС арасындағы экономикалық байланыстарды нығайту мәселесі өміршең. Мұнда Мәскеудің сыртқы саясатындағы барлық салалардағы интеграциялық байланыстарды саясиландыруға мүдделі болатындығын ескерген жөн», – дейді саясаттанушы. Бұған қоса, сарапшы Мәскеу мен Бейжіңнің сыртқы сауда қатынастарына қарай отырып та мүдде ортақтығы алшақ екенін айтады. «2022 жылғы мәлімет бойынша Қытай экспортының 16,2%-ы  АҚШ-қа тиесілі. Ал импорттың 6,58%-ы  АҚШ-қа, 4,2%-ы  Ресейге тиесілі. Бұл сандар ҚХР-дың Батысқа Ресейге қарағанда тәуелдірек екендігін көрсетеді. Сондықтан ШЫҰ мен өзге екі ұйымдар арасындағы байланысқа Пекин мүдделі емес. Себебі, Батыстық санкциялардың бір ұшы тиіп кетуі мүмкін», – деп көрсетеді.




Ауқымды интеграциялық бірлестік: жаңа сын-қатерлер


Ресей ұсынған жобалар мен интеграциялық бастамалардың (өзінің ұлттық мүдделерін басымдыққа ала отырып) Қазақстанның ұлттық мүддесі тұрғысынан жаңа сын-қатерлері де, тиімді жақтары да бар екенін айта кеткен жөн. Ең алдымен, ЕАЭО-ның өзге ірі бірлестіктермен байланысының тереңдеуі ұйым ішіндегі теңсіздіктердің жойылуына әсер етуі мүмкін. Айталық, одақ ішінде Ресеймен саудалық байланыстарда көптеген теңсіздіктер орын алған. РФ тарабы шын мәніндегі ауқымды экономикалық кеңістіктегі интеграцияны, өзара тиімді қатынастарды көздейтін болса, бұл оны  ЕАЭО ішіндегі қатынастарда әділдік принципін сақтауға итермелейді.


Бұған қоса, қазіргідей экономикалық тұрақсыздық пен белгісіздік жағдайында, интеграциялық бірлестіктер арқылы экономиканы әртараптандыру мүмкіндіктеріне ие бола аламыз. Ең бастысы,  ынтымақтастықтың негізгі бағыттары саналатын  Үлкен Еуразиядағы көлік-логистикалық мегажобаны іске асыру мәселесі ұлттық экономикамыздың әлемдік қатысуына жаңа мүмкіндіктер әзірлейді.  



Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ пен Шанхай ынтымақтастық ұйымына  теңдей мүше. Экономика мен тұрақтылықты негізгі бағыт еткен екі ұйымнан да белгілі деңгейде тиімді шарттарды қабылдауға болады. Ал аталмыш интеграциялық бірлестіктер турасында Қазақстанның позициясы қандай болуы керек деген сауалға сарапшылар былай дейді: «Біз үшін экономикалық байланыстарды нығайтуға бағытталған кез келген халықаралық бастама тиімді. Астана үшін осы бағытта жұмыс жасап, бастамалардың саясиланбауы маңызды. Себебі, біздің ел Ресей үшін Батыстық санкцияларды айналып өту алаңына айналмауы қажет. Қазақстан экономикалық байланыстарды нығайтуға бағытталған халықаралық бастамаларды қолдай отырып, отандық өнімдердің сапасын арттыруы, оларды экспортқа бағыттауы қажет. Үкімет осы бағытта жұмыс істеп, біз өзге елдерге шикізаттан басқа қандай дайын өнім ұсына аламыз деген сұраққа жауап іздеуі керек», – дейді Пердехан Шәмшиев.



Басты қауіп – Қазақстанның аталмыш аймақтың альянс шеңберінде батыстық ірі экономикалық әлемнен шеттеп қалу қаупі. Сондай-ақ, Ресейге қарата ай сайын артып бара жатқан санкция қысымдары да онымен экономикалық ортақ бірлестіктегі еліміз үшін үлкен қолайсыздықтар алып келуде. Бұл тұрғыда біз сыртқы саясаттағы көпвекторлықты және экономикадағы әртараптандыруды басты құндылық ретінде ұстануға тиіспіз.


Бұдан бұрынғы ШЫҰ-ның СІМ басшылары отырысы, Сианьдегі «Орта Азия  – Қытай» саммиті, енді міне Мәскеудегі Еуразиялық Экономикалық Форум, бұның бәрі Қазақстанды және оны қамтыған Орта Азия аймағындағы түрлі байланыстардың, ірі масштабтағы ойындардың аса қарқынды екенін тағы да айқындай түседі. Бұл біздің елге де жаңа міндеттер жүктейді. Форум еліміздегі көзіқарақты жұртқа «Жаңа жаһандық экономикалық ландшафттың көтерілуіне куә болып жатырмыз ба, әлде саяси үйектенудің процесі жүріп жатыр ма?» деген сауал тастағандай. Елдің экономикалық болашағына, тұрақты дамуына, қауіпсіздік пен азаматтардың өмір сүру сапасына қатысты осы сұрақтарға қоғам ертерек жауап іздеуі керек. Әрі, билік пен қоғам ортақ пікірді барынша ертерек қалыптастыруы да айрықша маңызды.




 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51

11:00

10:53

10:51

10:37

10:13

10:04

09:54

09:53

09:38

09:35

09:05

08:58

08:49