Мәңгілік мұра, сарқылмас қазына

  Мәңгілік мұра, сарқылмас қазына Сурет ЖИ

·    23 сәуір Ұлттық кітап күні

«Кітап – өткенді танытатын кілт, болашаққа бастайтын жол» дейді ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы. Айтса-айтқандай, адамзат баласының сан ғасырлық ақыл-ойының, рухани ізденісінің жемісі саналатын осынау даналық қайнарының маңызы сөзбен айтып жеткізгісіз.

Өкінішке қарай, өткен ғасыр соңындағы өтпелі кезеңде еліміздегі кітапхана ісі едәуір қожырағаны және соның салдарынан кітап қоры азайып, жұрт руханияттан гөрі, күнкөріс қамын күйттеуге мәжбүр болғаны даусыз. Бұл жағдай халықтың кітап оқудан алыстап, жастардың білім бұлағына қызығушылығы төмендеуіне алып келді.

Ұлттық құрылтайдың өткен жылғы мәжілісінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған бей-жай қарауға болмайтынына назар аудартып, жастардың оқуға ынтасын арттырғанда ғана жаппай кітап оқитын ұлтқа айналатынымызды айтты. «Оқуға деген махаббат – біздің білім деңгейімізді арттырып, санамызды кеңейтетін ең тиімді құрал. Оқуды сүйген ұрпақ – мәдениетті, парасатты және интеллектуалды ұлттың негізі», – деді Президент.

Қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында Мемлекет басшысы берген тапсырмаға байланысты елімізде 23 сәуір Ұлттық кітап күні болып белгіленгені мәлім. Президент сондайқ кітап оқуға деген қызығушылықты ояту үшін тек мемлекет қана емес, бүкіл қоғам белсене жұмыс істеуге тиіс екендігін ескерткен.

Бір жыл бұрын белгіленген айтулы мерекеге орай бүгінде Алматы мекемелерінде әртүрлі тақырыптық іс-шаралар, арнайы кітап көрмелері мен фестивальдер өтіп жатыр. Бір анығы, технология қарыштап дамып, ақпарат ағыны ұлғайып жатса да, кітаптың маңызы кеміген жоқ. Көзіқарақты қауым шынайы білім мен тәрбиені дәл осы кітаптағы даналықтан іздейтіні сөзсіз. Оқи отырып жаның тыныстайды, ой-сезімің жетіледі. Өзінді, қоршаған орта мен мәдени өмірдің мәнін тереңірек түсінесің.

«Оқырман үшін кітап – ішкі әлемнің айнасы. Онда біз түрлі тағдырлармен бетпе-бет келіп, кейіпкерлермен бірге қуанып, бірге қайғырамыз. Бұл – біздің ішкі дүниемізді байытып, өмірге деген көзқарасымызды өзгертетін ерекше процесс», – дейді алматылық ұстаз Ақмарал Мұхаметқалиева.        

Шын мәнісінде, қағазға түскен әрбір әріп, әрбір сөз адамды толғандырып, ойландырып қана қоймайды, сондай-ақ рухани кемелденуге бастайды. Кітап – ізгілік пен парасаттың қайнар көзі. Адамның адам болып қалуы үшін рухани тәрбиенің маңызы зор. Ал ондай тәрбие кітаптан бастау алады. Жақсы кітап жүректі жұмсартып, сананы нұрландырады. Бұған дәлел дерліктей мысалдар өмірде жетерлік. Дегенде, шағын бір естеліктегі қарапайым оқиға ойға оралады.

...Соғыс кезі болса керек. Әлдебір кішкентай қыз бір күні арбакештің үлкен жолдың бойымен кітап тиелген арбаны сүйреп бара жатқанын көріп, қайда апаратынын сұрайды. Арбакеш оларды өртенген кітапханадан алып шыққанын айтады. «Жойылып кетпесін» деп, қауіпсіздеу бір жерге апара жатқан беті екен. Ерекше әсерленген қыз бала, қиылып сұрап, бірнеше кітапты алып қалады. Ішінде Андерсен ертегілерінің толық жинағы да бар болып шығады. Кітапта бір де бір сурет болмайды. Бірақ әлдебір ғажайып күшке ие сол кітаптарды түнімен жата-жастана оқуды сүйікті ісіне айналдырған балауса қыз, бара-бара өзінің қараңғылықтан, түнектен қорқатын әдетін де ұмытып кетеді. Оқыған әрбір ертегісі ата-анасы оққа ұшқан қорғансыз бүлдіршінге келер күн, атар таңға деген кішкентай болса да үміт сәулесін сыйлап, жүрегін жылытады, басын жастыққа қойып, бір мезет болса да алаңсыз ұйқыға кетуіне жәрдемдеседі... Міне, кітаптың құдіреті! Осы ретте, баланы кітап оқуға үйретудегі басты мақсат – көркем шығарманы жалаң, жадағай қабылдамай, ләззат алып оқуға машықтандыру болса, қанеки!    

Жалпы, кітап – тек рухани байлық қана емес, ғылыми дамудың да негізі. Қай ғылым саласын алсақ та, оның түп-тамыры – жазбаша деректерде, кітаптарда жатыр. Ақыл шамшырағына жүгіну арқылы біз білім алып қана қоймаймыз, сонымен қатар оны талдауға, сараптауға, жаңаша ойлауға дағдыланамыз. Ұлы Абай: «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге», – деп, кітаптың құндылығын айқын көрсетіп кеткен. Бүгінгі ұрпақ үшін бұл – әлі де өзекті, мәңгілік ақиқат.

«Мектеп қабырғасында жүрген кезімде қолыма түскен кез келген кітапты талғамай, қызығушылықпен оқи беретінмін. Бір күні Робинзон Крузо болып, аралда өмір сүруді ойласам, келесі күні Қожаға айналып, анама көмектескім келетін. Советхан Ғаббасовтың дәрігерлер туралы кітабын оқығанда сырқат жандарды өлімнен арашалап қалатын ақ халатты абзал жан болуды армандайтынмын. Детективтерді оқығанда — барлық қылмысты ашып, қылмыскерлерді әділ жазаға тартып, қоғамда әділет орнатқым келетін. Осылайша әр мамандыққа қызығып, сан түрлі арманмен жүргенде балалық шағым көзді ашып-жұмғанша өте шықты.

Кітап – адам жанын түсінуге, ой-санасын кеңейтіп, жаңа бастамаларға жол ашуға мүмкіндік туғызады. Әрбір оқылған кітап адамның өз-өзін тануға бағыттайды, жақсы өмір сүруге талаптандырады, жан-дүниеңді жағымды әсерге бөлейді, – дейді Алматыдағы Ұлттық кітапхана қызметкері Қайырниса Жұмашева.

Тіл мен ойдың ұйытқысы ретінде кітап ойды көркем жеткізуге, тіл байлығын арттыруға жетелейді. Көп оқыған адамның сөз саптауы да ерекше, ойлау қабілеті де өзгеше болады. Әсіресе жас ұрпақтың тілдік қорын байыту, сөйлеу мәдениетін қалыптастыруда кітап рөлі зор.

Жастайынан кітапты серік етіп өскен баланың ертеңі жарқын, болашағы нұрлы. Өйткені ол білімі толығумен қатар, парасатты, тәрбиелі, жан-жақты тұлға болып қалыптасады. Қиялға қанат бітіріп, жүрекке үміт сыйлайтын көркем сөз адамның жан дүниесін сергітеді. Әр кітап – жаңа әлем, жаңа оқиға, жаңа ой. Ол – өзіңмен-өзің қалуға, өмір жайлы ойлануға мүмкіндік беретін ерекше әлем.

Сайып келгенде, кітап – адам өмірінің барлық саласына әсер ететін, жан азығы бола алатын баға жетпес байлық. Ол – мәңгілік мұра, сарқылмас қазына. Кітап оқитын адам ешқашан жалғыз емес. Ол әрқашан ой құшағында, іздену, даму үстінде болады. Сондықтан сырлас досымыздай көріп, оған уақыт бөле білгеніміз абзал. Кітапқа деген  сүйіспеншілік пен қызығушылықты арттыру – сауатты, парасатты, рухани кемел ұрпақ тәрбиелеудің кепілі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

12:19

20:53

19:10

17:33

17:12

16:57

16:53

16:36

16:20

16:10

15:44

15:41

15:30

15:16

15:02

14:16

14:11

13:01

12:56

12:35

12:29

12:10

11:44

11:32

11:30