"Ерлер жиі кінәлі болады". Жол апаттарына қатысты жұрт білмейтін деректер

  • 15:27, 16 қыркүйек 2025
"Ерлер жиі кінәлі болады". Жол апаттарына қатысты жұрт білмейтін деректер коллаж: ЖИ

Алматыда жол апаты жиі болатын көшелерді білесіз бе? Көп жағдайда кімдер кінәлі? Ерлер ме, әйелдер ме? Қандай көлік иелері жиі апатқа себепкер болады? Аqshamnews.kz тілшісі ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінен ресми деректерді сұрап білді. Толығырақ материалдан біліңіз. 

Жол апатына кімдер жиі кінәлі болады?

Бас прокуратура ұсынған дерекке сенсек, Алматыдағы жол-көлік оқиғаларының орта есеппен 80 пайызына ер адамдар кінәлі. Әйел жүргізушілердің үлесі бар болғаны - 12 пайыз, ал 8 пайызы - оқиға орнынан бой тасалағандар.

Комитет келтірген статистикаға сүйенсек, апатқа жиі себеп болатындар - 30-39 жас аралығындағы жүргізушілер (30%) және 20-29 жас аралығындағылар (25%).

Ресми деректер бойынша, Алматыдағы ЖКО(жол көлік оқиғасы)-лардың 87 пайызы жеңіл көліктердің қатысуымен тіркеледі.
Қалғандары:

  • 4% — автобустар

  • 5% — мотоциклдер мен мопедтер

  • 3% — жүк көліктері

  • 1% — өзге көліктер

Жиі соғылатын көліктер: көш басында Camry

Зардап шеккендер мен ЖКО жиі жасалған жеңіл автокөліктердің тізімін Toyota Camry бастап тұр. 

  • 1-орында - Toyota Camry:
    2024 жылы — 2241 апат,
    2025 жылдың 7 айында — 1427 апат.

  • 2-орында - Chevrolet Cobalt:
    2024 жылы — 1460 апат,
    2025 жылдың 7 айында — 875 апат.

  • 3-орында - Daewoo Nexia:
    2024 жылы — 877 апат,
    2025 жылдың 7 айында — 484 апат.

Комитет түсіндіргендей, бұл көліктердің жиілігі елдегі автопарктің құрылымымен де тікелей байланысты. Демек қала көшелерінде дәл осы маркалы көліктер көп.

"Жыл басынан бері 1200-ден астам адам жол апатынан қаза болған"

Кейінгі жылдардағы ЖКО, жарақат және адам өлімі статистикасын қарар болсақ: 

  • 2023 жылы:
    • Барлығы - 15 886 ЖКО
    • Жарақат алғандар - 19 554 адам
    • Қаза болғандар - 2 543 адам

  • 2024 жылы:
    • Барлығы - 31 597 ЖКО
    • Жарақат алғандар - 40 873 адам
    • Қаза болғандар - 2 579 адам

  • 2025 жылдың 7 айында:
    • Барлығы - 19 142 ЖКО
    • Жарақат алғандар - 26 132 адам
    • Қаза болғандар - 1 214 адам

2024 жылы ЖКО саны 2023 жылмен салыстырғанда екі есеге жуық артқан.

Қай көшелер ең қауіпті?

Комитет дерегінше, Алматыда жиі апат болатын көшелердің қатарында: Рысқұлов даңғылы, Абай даңғылы, Сайын көшесі, Әл-Фараби даңғылы, Достық даңғылы, Әшімов көшесі, Сейфуллин көшесі бар. 

Ал ең апатты қиылыстардың ішінде: Рысқұлов–Сайын, Абай–Сейфуллин, Сайын–Абай, Әл-Фараби–Мұстафин, Достық–Абай, Сейфуллин–Шолохов және басқа да қозғалысы тығыз нүктелер бар.

Алматылықтардың айыппұл сомасы 99 миллиард теңгеден асты

Ресми дерекке сенсек, 2025 жылдың алғашқы 7 айында Алматыда жол ережесін бұзғаны үшін жүргізушілерге 99,6 млрд теңге айыппұл салынған. Оның 82 пайызы төленіп қойған, төленген соманың 85 пайызы қысқартылған тәртіппен (7 күн ішінде) өтелген.

Жалпы алар болсақ, 2014 жылдан бері Алматыда 215 мыңнан астам ЖКО тіркеліп, 27 мыңнан астам адам қаза тауып, 279 мыңнан астам адам жарақат алған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:07

16:58

16:32

16:21

16:15

15:48

15:40

15:27

15:19

15:07

15:05

14:53

14:45

14:01

13:30

12:55

12:35

12:25

12:17

12:05

11:50

11:34

11:21

10:56

10:42