Әлеуметтік желіде "Қайрат" - "Ақтөбе" матчына сары-қара дене ысқышпен (мочалка) барып, қолдау білдірген жанкүйердің суреті тарады. Қолдаушының идеясы жұртты күлкіге қарық қылып, лезде жұрт арасында тарап кетті. "Желіні жарған" жанкүйер кім? Аqshamnews.kz тілшісінің материалында.
"Сары-қара" ысқыштың иесі кім?
Жанкүйердің есімі - Ернияз Ербатыр. Ол ҚБТУ-да оқиды.
Дене ысқышпен түскен суреттің таралып кетуі тосыннан болған оқиға. Ернияз оны матчқа барар алдында, жай ғана душқа түсу мақсатында сатып алған. Бірақ арада бірнеше сағат өтпей жатып, оның стадионда түсірген суреті елге тарап кетті.
"Бұл сары-қара ысқыштың оқиғасы мүлдем күтпеген жерден болды. Сол күні жаттығудан кейін душқа түспек болып, дүкенге кірдім. Жаңа дене ысқыштардың ішінен сары-қара түстісін алдым. Арада бірнеше сағат өткен соң, достарым кенеттен “Қайрат” ФК мен “Ақтөбе” ФК арасындағы ойынға шақырып қалды. Әзер үлгердім, кешігіп қала жаздадым. Ойын кезінде дене ысқышымды шығарып, көтеріп тұрдым. Сол сәтті біреу суретке түсіріп алыпты. Сөйтіп,сурет әп-сәтте бүкіл Қазақстанға тарап кетті. Осылайша мен күтпеген жерден желі жұлдызына айналдым",-деді ол сұхбаттарының бірінде.
"Қайраттың" жаңа жанкүйерінің арманы қандай?
Ернияз - "Қайраттың" жаңа жанкүйерлерінің бірі. Оның арманы - "Реалға" қарсы матчты стадионнан көру және сары-қара түсті мойын орағыш алып команданы қолдау.
"Қайрат" жанкүйерлері Ерниязбен байланысып, оған клубтың нағыз мойын орағышын сыйлауға ниет білдірді.
Мемге айналған оқиға
Тредс желісінде тараған суретке жұрттар түрліше пікір білдіріп жатыр. Көбі жанкүйердің тапқырлығына, әзілқойлығына сүйсініп жатыр.
"Матчтан кейін моншаға барады-ау", "Қолдан келгенше қолдау деген осы", "Жоқтан бар жасау дейді ғой мынаны","Жарайсың бауырым, маған жазшы шын шарф сыйлайын", - деген пікірлер қарша борады.