Қазақы пайым
Ұлы Абай жырлаған жыл құстары келе бастады. Солардың бірі – көктем жаршысы Наурызкөк
Бауыры сары, қанаты көк Наурызкөкті біздің қазекең ежелден береке бастауы деп білген. Ол – оңтүстік өңірге ерте көктемде, ең бірінші ұшып жететін құс. «Наурызкөк келді, енді қауіп жоқ» деп бұрынғы қариялар көңілін демдеген. «Кім Наурызкөкті бірінші көрсе, оған бақ қонады, береке дариды» деген... Міне, сол көптен күткен көктемнің жаршысы, хабаршысы – Наурызкөк келді.
13-14 наурыз - ескіше наурыздың басы. Батыс өңірдегі ағайындар бұл кезді Көрісу, Амал, Айт мерекесі деп соңғы жылдары дәстүрлі түрде тойлап жүр. Биыл да дәстүрден жаңылған жоқ. Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Амал мерекесімен құттықтады.
17–19 наурызда «Бес қонақтың бір күні» деген амал жүреді. Қыстың бір күндік соңғы бораны көрініс береді. «Май боран», «Босаға басы» деген жанама атаулары бар. Мұнан кейін қыс малға біржола жайлы болады. Босаға жұлдызының тууына орай Босаға басы деп те аталады. 20-сынан бастап «Әбдікей» амалы көрініс береді. Ол осы айдың 25-іне дейін созылады. Мұны қазақ «сиырдың ораза ұстауы» деп атаған. Осы күндері қар шеті сөгіліп, еріп, су ағады. Суға торғай шомылатындай болса, жаз ерте шығады деп есептейді. Мардымсыз болса, жаз жәй шығады деп санаған. Жер астындағы тоң жіби бастайды, далада қалған мал мен адам үсіп өлмейтіндей жағдайға жетеді.
Жан-жануарлардың масаттанатын кезі де осы: мұз жалап, шөліркеп жүрген сиырлар еріген қар суынан қанып ішіп, қардан шыққан көлденең шөпке тойынып, арқасын күнге қақтап, бірнеше сағат жайылмай тұрады екен. Сол себепті, бұл амал «сиырдың ораза ұстауы» деп аталған. Бұрынғы табиғат тамыршылары «Сиырдың ораза ұстау» уақытына қарап, қыс аяғы мен көктемнің келуіне болжам жасап отырған.
«Наурыз» мерекесі осы аптаның еншісінде. Наурыздың 21-інен 22-сіне қарағанда күн мен түн теңеледі. Ұлыстың Ұлы күні басталады. Қазекең бұл күнді «Самарқанның көк тасы еріген күн», «Ұзақ ұшып келген күн», «Жыл басы жылқышы торғай (Наурызкөк) жеткен күн», «Көк құт (өсімдік) көзін ашқан күн», т.б. деп атаған. «Наурыз мерекесі» күні «Жыл бойы ақ мол, дән тасқын-тасқын, жауын-шашын көп болсын» деп үй сайын қысқа сақтаған сүрлерін, бидай, арпа, тары, бұршақ, тағы басқа да дәндерді дайындап, қазан-қазан көп көже қайнатып, бір-бірінің үйлеріне қыдырып көже ішіп, «Ұлыс береке берсін, төрт түлік ақты болсын, жыл басы жақсы болсын» деп сол жылға, елге жақсы тілектер айтып, масайрап, мәз-мейрам болған. Оңтүстікте наурыз көже басталып та кетті.
Барыс қиындық пен қуанышқа, ауыртпалық пен жақсылыққа толы жыл. Бұрындары тарихта Барыс жылына қатысты елеулі оқиғалар болмаған. Сол себепті, Барыс жылын қазақтар жайсыз жыл деп санамайды.
Сиыр жылы оқалақ тигендей осқырып шықты. Ақырын басып, байыппен Барыс жылы келді. Лайым тыныштықтың, ырыс-құттың жылы болсын!
БАБАЛАР БОЛЖАМЫ
* Аққан қар суына торғай шомылатындай болса, жаз ерте шығады.
* Мардымсыз болса, жаз мезгілінен кешігеді.
* Бұлт ортасынан ыдыраса, ауа райы бұзылады.
* Бұлт шетінен ыдыраса, ауа райы жақсарады.
* Құмырсқалар сап түзесе, көктем шуақты болады.
* «Сиырдың ораза ұстауы» уақытылы келсе, көктем жайдары қалыпқа көшеді.
* Наурыз мерекесінде қар жауса, жақсылығы көп жыл болады.