Жастар неге үйленуге асықпайды?

Жастар неге үйленуге асықпайды? Cурет: jewelry-in-august.com

«Үйлену оңай, үй болу қиын»: Қазақстанда жастар неге үйленуге асықпайды?

 Қазақстанда соңғы жылдары шаңырақ көтеретін жастар саны азайып келеді. 2025 жылдың алғашқы үш айында елімізде небәрі 22,5 мың неке тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,3 мыңға аз. Сарапшылар мұндай құлдырау соңғы он жылда алғаш рет байқалып отырғанын айтады.

Некелесу коэффициенті де төмендеген: 1000 адамға шаққанда 4,47. Былтырғы көрсеткіш — 5,33. Әсіресе Түркістан облысы мен Алматы қаласы некенің азаюына едәуір ықпал етіп отыр.

 Кеш үйленген  - баласын да аяққа кеш тұрғызады...

Жуырда бір тойда болдық. Жұбайымның сыныптасы 40 жасқа толып, шағын ортада туған күнін атап өтті. Әдеттегідей балаларды үйде қалдырып, екеуміз ғана бардық. Қасымызда осыдан екі жарым жыл бұрын, 37 жасында үйленген Болат (аты өзгертілді) есімді жолдасымыз жұбайымен бірге жастан енді асқан кішкентай қызын ертіп келіпті. Көрген бойда бәріміз қуана күліп, әзілдестік: «Қартайған шағыңда көрген бала қалай екен?» — деп.

Негізі осы топтағы ертерек үйленген жігіттердің балаларының алды мектеп бітіріп, студент атанып жатыр. Ал Болат енді ғана балалы болып отыр. Әрине, бұл – үлкен бақыт. Шүкір.

Дегенмен ойланбай тұра алмайсың: қызы мектепке барған кезде Болат 45-тен асады, ал мектеп бітіргенде елу жастан әлдеқашан асып кетуі мүмкін. Ондайда “Баланы нағыз аяққа тұрғызар шақта оған ақыл айтып, көмектесуге күш-қуатым қала ма” деген сұрақ еріксіз туындайды. Баланы аяққа тұрғызу, жоғары білім беру, қатарынан қалдырмай өсіру — мұның бәрі тек материалдық емес, күш-қуат, сергектік, денсаулық талап ететін үлкен жауапкершілік.

Иә, кешіксе де, ата-ана атанғаны — зор қуаныш. Бірақ осылай ұзақ уақыт үйленбей жүріп қалып, кейін бала сүйе алмай, медициналық орталықтардың табалдырығын тоздырғандардың да саны аз емес қой…

 

Неліктен жастар үйленбейді?

Сарапшылардың пікірінше, жастардың отбасы құруға асықпауына бірнеше себеп бар:

         •        1990-жылдардағы демографиялық дағдарыс – бала туу жасындағы буын саны аз;

         •        Тұрақсыз жұмыс пен табыс;

         •        Эмиграцияның артуы;

         •        Мансап пен жеке даму үшін отбасын кейінге қалдыру;

         •        Ажырасудың өсуі – некеге сенім азайған;

         •        Ана болу жасын кешіктіру;

         •        Репродуктивті денсаулықтың нашарлауы.

Бұл үрдістер тек әлеуметтік емес, демографиялық қауіпке айналып отыр. Себебі неке азайған сайын бала туу көрсеткіші де төмендеп келеді.

 

Ұрықты сақтау - сән емес, қайта болашақ ана мен әке үшін сақтық шешім

Кейінгі жылдары жастар арасында ұрығын қатырып, сақтап қою арқылы балалы болу мүмкіндігін кейінге қалдыру жиілеген деп айтылып жүр.  Бұл туралы біз «Ecomed» клиникасының директоры, эмбриолог Марат Отарбаевпен сөйлестік.

«23 жастағы ұрық сапасы мен 40 жастан асқан кездегі сапаны салыстыруға келмейді. Ұрық сапасы жаспен бірге төмендейді. Сондықтан қажет болса, ертерек қатырып қою — болашақ үшін дұрыс шешім», — дейді ол.

Марат Отарбаев 17 жылдан бері аталған клиникада  жасанды жолмен балалы болу бақыты бұйырғандарға көмектесіп келеді. Ол жастар жағы "ұрықты қатырып, сақтап қою себебінен үйленбей жүр дегенмен" келіспейді. Себебі,  оған негізінен үйленген соң, бірнеше жыл бала сүйе алмай жүрген жандар баратын көрінеді. 

Маманның айтуынша, әйелдердің ұрығы анасының жатырындағы кезеңде, яғни өзі өмірге келгенге дейін-ақ қалыптасады, ал ер адамдарда ұрық әр үш ай сайын жаңарып отырады. Бұл – ер мен әйелдің репродуктивті мүмкіндіктердегі үлкен айырмашылық. Сондықтан отбасын құрғысы келетін, бірақ оған асықпай жүрген қыз-жігіттерге "құлаққағыс" ретінде айтары: 

«Жыл өткен сайын ұрық сапасы төмендеп келеді. Сәйкесінше, бала сүйіп, ұрпақ өрбіту ықтималдылығы да азайып келеді. Әрине, әркімнің өз таңдауы бар. Ол үйлене ме, үйленбей ме, Бірақ отбасын құру ойда болса, онда ертерек қамдану керек».

Ұрық қатыру бағдарламасының орташа құны – 1000–1200 АҚШ доллары, ал сақтау құны – күніне 3000 теңге. Баға көбіне гормондық дәрі-дәрмек пен ем-шараларға байланысты өзгеріп тұрады.

Дегенмен клиника өкілдері мұны бизнеске айналдыруға қарсы.

«Біздің ұстанымымыз – әр нәрсе өз уақытымен болғаны дұрыс. Бірақ егер адам шын қажет екенін сезінсе, онда бұл әдіс оған көмектесе алады», — дейді Марат Отарбаев.

Жастардың үйленуге асықпауын өмірдің жаңа талаптарымен, мансап, тұрақсыздық пен болашаққа сенімсіздікпен байланыстыруға болады. Алайда уақыт өте бұл шешім денсаулық пен демография тұрғысынан үлкен қауіпке айналуы мүмкін.

Себебі отбасын құрудың ең басты  мәні - бала сүю, ұрпақ өрбіту. Бұл - адамның табиғи болмысы, өмір жалғастығы. Жанұя тек екі адамның бір шаңырақ астында тұруы емес, келешекке мұра қалдыру, ұрпақ тәрбиелеу деген үлкен жауапкершілікпен келеді. 

Бала сүю – отау құрған жастар үшін ештеңемен өлшенбейтін зор бақыт. Бірақ ол өз уақытында болса, тіпті де жақсы. Кеш басталған бақыт ешқашан кеш емес, дегенмен оған дайын болу үшін бүгіннен қамданған жөн. Ал ол үшін ертерек  үй болып, отбасын құрған - абзал.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
3
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

18:43

14:08

12:05

11:03

10:56

00:06

21:52

16:37

15:54

15:43

13:18

12:32

10:30

10:23

10:17

10:12

17:56

17:15

15:54

15:18

14:46

14:10

13:00

12:35

11:17