Соңғы кезде, реті келсін-келмесін, әр жерде дін туралы айту, шариғатқа қатысты сөз таластыру әдетке айналып барады. Әр жерден естіген, құлағы шалып қалған бірдеңені миына кіргізіп алып, қырта беретіндер көбейді.
Бұл жағдай Құрбан айт кезінде де қайталанбай қалған жоқ. Құрбандыққа қандай малдар шалынатыны, олардың қандай болуы керектігі, жас шамасы, мұның бәрі – айтылып, жазылып жүрген жайт. Бірақ айналып келгенде, кейбір кісілердің тап осы төңіректе аузы көпіргенше керісетінін қайтерсіз! «Қой мен ешкі тек 1 жаста болуы керек», «жоқ, қой 6 айлық болса да жарай береді», «жоқ, жарамайды», «неге жарамайды, тіпті 6 айға жетпеген, бірақ дене тұрқы ірі, еті толық болса, құрбандыққа шалуға болады», «жоқ, болмайды», – әңгіме ауаны осы.
Рас, бұған қатысты діни мекеме пәтуасымен бекітілген, құпталған ресми ақпарат бары мәлім. Сол сияқты, түрлі әлеуметтік желілерге, ютуб арнасына шығып жүрген жекелеген имамдар, ислам ғалымдары, олар да діни қағидаларды, шариғат шарттарын өзінше тәпсірлеп жатады және кей мәселеде оларда өзара көзқарас, ұстаным, пікір алшақтығы да байқалады. Біреулері «солай болуға тиіс» деп міндеттейтін, біржола кесіп-пішіп тастайтын нәрсені келесілері міндетті санамайды, бұлжымайтын, дәл солай болмаса «бас кететін» жағдай деп есептемейді. Ислам шарттарының қай-қайсысының да сыртқы ұстынына ғана жабысып, қатып қалудың орнына, ішкі мағынасына бойлауға, осының мәні неде деп ойлауға үндейді.
Құрбан шалу Жаратушы үкімі болғанымен, Алла Тағала пышаққа ілінген малдың қанына, етіне мұқтаж емес. Керісінше, әр пенде Алланың рақымынан, разылығынан үміт етіп, оған жақындау мақсатымен үкіміне бойұсынады, Жаратқанға жақындауға тырысады. Құрбандыққа шалынған малдың етін жоқ-жітік, мұқтаж жандарға таратып, жанашырлық, мейірімділік таныту арқылы мол сауапқа кенеледі.
Шариғатты айтқанда да кітаптың сөзін емес, жүректің сөзін айтып, кез келген нәрсені адами тілмен жеткізетін Нұрлан имам тіпті: «Не соям, не алам: қой алайын ба, сиыр алайын ба деп жүргендер осы сөзді жадына түйіп алса деймін: мал алмаңыз, анаңыздың махаббатын алыңыз, отбасыңыздың мейірімін алыңыз, сізге ренжіп жүрген жарыңыздың жүрегінің жылылығын алыңыз, балаларыңыздың тәрбиесін алыңыз, Отансүйгіштікті, ел мен жерге деген сүйіспеншілікті алыңыз. Одан кейін мал болса болар, болмаса қояр» дейді. Яғни, сайып келгенде, ізетті, ізгі іс-әрекеттің өзі – құрбандық. «Адам Аллаға малымен емес, жақсы амалымен жақындайды» дегенге меңзейді ол. Демек құрбандыққа шалынатын малға қатысты айтыс-тартыстың төрелігін де «ең бастысы, ниеттің түзулігі» деп түйіндесек артық болмас.
Құрбандық демекші, соңғы үш күнде елімізде жер-жердегі базарлар маңы қанды қасапқа айналды. Бір бұрышта – быжынаған бас-сирақ, енді бір жерде – тау болып үйілген терілер, келесі бір тұста – ақтарылған ішек-қарын, айнала – түгел қан-жын. Қасапшы союға, құрбан шалушы етті алып кетуге асық. Ал шыбындап жатқан қыруар дүниеге ешкімнің іші ашымайды, обалсынбайды. Қазір баяғыдай бас-сирақ үйітіп, ішек-қарын аршып, оны кәдеге жарататындар жоқтың қасы. Жұрттың дені құрбан шалып, бір міндеттен құтылуды ғана көздейді. Сонда бұл қандай мәдениет, қандай мейірім, қандай көркем мінез?..
Айналып келгенде, «Мұсылмандық кімде жоқ, Тілде бар да, ділде жоқ» дегеннің кері. Кезінде Базар бабамыз қолмен қойғандай ғып бейнелеп кеткен бұл жағдай бүгінде күн сайын көз алдымызда. Бес уақыт намазын, отыз күн оразасын қаза қылмайтын, былайынша, «Алла», «Алла» деп жүрген кей адамның екіжүзділігін, пасықтығын, пенделік іс-әрекетін көргенде «діндар деген сен болсаң, онда маған мұндай діндарлықтың 5 тиынға керегі жоқ» деп діннен де, намаздан да жеріп кеткендер жоқ емес.
Қарап тұрсақ, қазір дін төңірегінде сөз қозғалса бітті, «мешіт салғанша, мектеп салсын», «дінге шақырғанша, жастарды ғылым-білімге үндесін», «хиджаппен, оранып жүргенше ұлттық киім кисін» деген сыңайлас наразылықтар өршіп тұр. Соның бәрі осы «тақуамыз», «нағыз мұсылманбыз» деп жүргендердің берекесіз тірлік, пәтуасыз әңгімесінен, сөзі мен ісі арасындағы алшақтығынан туындап жатқан жоқ па?..