1953 жыл Қытай Халық Республикасында тұратын қазақтар үшiн айрықша есте қалған жыл болды. Бұл жылы Үрiмжiнiң Ақтерек жайлауында қазақтардың тұрмыс-тiршiлiгi мен өмiр салтын бейнелейтiн кино түсiрiлген. 1954 жылы түсiрiлiп бiткен көркем фильм Қытайдағы қандастарымыздың ғана емес, бүкiл қазақ халқының мәдениет пен өнерде қол жеткiзген үлкен табысының бiрi едi.
Ол кез – жер-дүниеге коммунистiк қоғамның етек жайған кезi. Қытайда да жаңа қоғам жаңа қадамдарға аяқ баса бастаған. Қатар жатқан екi алып держава – Кеңес Одағы мен Қытай Халық Республикасында коммунистер үстемдiк құрып отырған соң екi арадағы байланыста бiршама табыстар да бар болатын.
«Коммунистер аз ұлттар мен ұлыстарды жойып жiбередi» деген сөзден аяқ тартқан коммунистiк қоғам түрлi айла-шарғыларға барған. Сол үшiн де олар «түрi – ұлттық, мазмұны – социалистiк» дүниелер жасауға ерекше тырысып бақты.
Әр нәрсенiң де астарын терең ұғына бiлген зиялы қауым өкiлдерi бұндай жылымық орнаған сәттi оңтайлы пайдаланды. Екi елдi де коммунистер билегендiктен, белгiлi бiр дәрежеде екi ел арасында түсiнiстiк бар едi.
Қытайда түсiрiлген көркем фильмнiң аты «Хасен–Жәмила» болатын. Қазақ өмiрiн бейнелейтiн кино өте сәттi шықты. Коммунистер ұстанып отырған бағыт-бағдардың дұрыстығына айқын дәлел ретiнде әдейi түсiрiлген кино әлемнiң 28 елiнiң тiлiне аударылды.
Қытайдағы қазақтардан шыққан белгiлi қоғам қайраткерi, сол жылдары Мәдениет министрi болған Бұқара Тышқанбаев берiлiп отырған мүмкiндiктi барынша тиiмдi пайдалана бiлген.
– Мен «Хасен–Жәмила» фильмiнде бас кейiпкердiң бейнесiн сомдадым. Бұл өзi Қытай сыртқы iстер министрi Жуинляудың тiкелей басшылығымен түсiрiлген фильм. Алдында, барша әлемге коммунистер аз санды халықты жойып жiбередi екен деген әңгiме тараған болатын. Осыны жоққа шығару мақсатында Қытай үкiметi «Коммунист деген араб сөзi, адамшылық дегендi бiлдiредi. Бiз барлық ұлтты тең дәрежеде ұстаймыз» деп, «Хасен–Жәмиланы» түсiруге әдейi жақсы көңiл бөлдi. Ал бұған басшылық жасаған – әрi ақын, әрi суретшi, әрi журналист Бұқара Тышқанбаев болатын, – деген еді бас кейiпкердi сомдаған Абылай Түгелтегi.
Қазақ өнерiне өзiндiк үлес қосқан Абылай Жұмаханұлының есiмi Қытай қазақтарының арасында жақсы таныс. 1956 жылы кинодағы жетiстiктерi үшiн оған да, Жәмила бейнесiн сомдаған қазақстандық өнер майталманы Фарида Шәрiповаға да Қытай орденi берiлдi.
Бұл үлкен табыспен өткен «Хасен–Жәмила» көркем фильмiнде бас кейiпкер Хасендi сомдаған әртiске ерекше ынта қойып, көңiл бөлгендер тек қазақтар ғана болмағандығының айқын дәлелi едi. Алайда, әп-сәтте кеңiнен танымал болған әртiстi оның iзiнен ерген тыңшылар көзден таса жiбермедi.
Ақыры, 1957 жылы қамауға алынып, ол 2 жыл бойы Қытай түрмесiнiң дәмiн татты. Ендiгi жерде өзiне тыныштық жоғын бiлген Абылай Жұмаханұлы бұрыннан жүрген iштегi арманы – Атамекенге кетудiң орайлы сәтiн тосады. Қазақтың соңғы көшiнде қара нардай болып, 1962 жылы Қазақстанға аяғы тиген.
Коммунистiк қоғамға қауiптi деп танылған Абылайдың бар айыбы – атақты Оспан батыр туралы әңгiме айтып, бiреулерге Шәкәрiмнiң жазғандары жайында сөз қозғаған. Ол Кеңес Одағының құрамына кiретiн Қазақстанға келгенде де Қытай коммунистерi артына тағып жiберген қоңыраудың үнi өшкен жоқ. Айтқан сөзi аңдулы, басқан қадамы санаулы болды. Оншақты тiлдi емiн-еркiн меңгерген өнерпаздың аясы тарыла берген. Кейiнiрек, 1982 жылы Алматыдағы халық саз аспаптары мұражайына жұмысқа тұрғаннан кейiн ғана жақсы жандардың шарапатын көре бастайды.
– Ол кезде Қазақстандағы Мәдениет министрi Өзбекәлi Жәнiбеков болатын. Ол кiсi сөзден гөрi iс iстейтiн адамды жақсы көредi екен, әрi журналист, әрi халық саз аспаптарын жасайтын шебер Оразғазы Бейсенбаевтың осындай iскерлiк қабiлетiн тани бiлiп, оны мұражай директоры етiп тағайындапты. Ол да Қытайдан келген болатын, менiң ақын, сазгер, актер екендiгiмдi жақсы бiлетiн болғандықтан осы жұмысқа алды. Бiрақ менiң артымда «үндеместердiң» адамы тығылып, тың тыңдап жүргендiктен, оның да артында Қытайдан келдi деген қоңырау тұрды. Өзекең – Өзбекәлi Жәнiбеков сол кезде осы мұражайдың әрi жұмысшысы, әрi күзетшiсi сияқты болып жүрдi. Сөйтiп, күндiз-түнi ұйықтамай еңбек етiп жүргенiнде, үстiнен «Өзбекәлi Жәнiбеков ұлтшылдық жолына түсiп, ұлттық саз аспаптары мұражайын ашпақшы» деген арыз түсiптi.
Өмірінің соңғы күндеріне дейін ұлттық саз аспаптары мұражайы мен Өзағаңа деген адалдығын әйгілеп өткен қарт актер Абылай Түгелтегiнің айтатын әңгімелері ұшан-теңіз еді.
Кезiнде көп айтылмағанмен, сол кездерi Қазақстанның Мәдениет министрi болып жүрген Өзбекәлi Жәнiбековтiң ерен еңбегiн көпшiлiк жұрт жақсы бiлдi. Алайда, қазақ өнерi мен мәдениетiнiң түп-тарихына тереңдеп кеткендi ол кезде коммунистер құп көрмейтiн. Шындығын айтқанда, біздегі коммунистiк идеяның аржағында ұлы шовинистiк саясат бұғып жатты. Ал оның мақсаты мүлдем басқа болатын.
Өзiне қаншама кiнә тағылып жатса да, Өзбекәлi Жәнiбеков алған бағытынан жаңылған жоқ. Ұлттың ұлттығын сақтап қалу үшiн, алдымен, оның өнерi мен мәдениетiнiң тарихына көз салу керектiгiн дәлелдеп шықты.
– Бұл мұражай үш түрлi жағдайды есепке алып ашылған болатын. Бiрiншiден, қазақтың аңыз-ертегiлерiнде айтылатын саз аспаптарын қайтадан дүниеге алып келу, екiншiден, қолда сақталып келген, коммунистер жойып жiбермес үшiн жасырын ұсталған аспаптарды қою, үшiншiден, Құрманғазы, Дина сияқты басқа да ұлы тұлғаларымыздың ұстаған саз аспаптарын көрнекi жерге сақтап қою мақсаттарында дүниеге келдi. Алға қойылған бұл мақсат-мiндеттердi адал атқарып шығуда Өзбекәлi Жәнiбековтiң еңбегi шексiз болды, – дедi сол уақытта әңгімеге араласқан осы мұражайдың ғылыми қызметкерi Балтабай Қалым.
Шынында да, біз білетін Өзағаң ұлы мақсаттардың жолында өзiн құрбан етуге бар едi. Қытайдан келгендер жау сияқты көрiнiп, олармен жиi араласуға болмайтын заманда, өзi айқай-шумен ашылған мұражайға бiр емес, екi бiрдей Қытай қазағын қызметке алды. Олардың әрбiрiнiң артында аңдушы жүрген уақта ол оңай шаруа емес болатын. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрi мен тұрмысының әлi қаймағы бұзылмаған ортасының бiрi – Қытайдағы қазақтар екенiн жақсы түсiнген Өзбекәлі Жәнібеков оларды барынша қолдап өтті.
– Ол кезде менiң соңыма «үш әрiптiң» адамдары түсiп жүргенiн Өзекең жақсы бiледi, менiмен жеке сөйлеспейтiн. Бiрақ менi сырттай қолдап жүрген ол «Абылай Қытай мұрағаттарынан не көрдi екен, бiздiң Қазақстан туралы ол жақта мәлiметтер көп болар. Құнды нәрселердi бiлетiн болса, оған жағдай жасайық» деп бастығыма айтады екен. Ол кiсiнiң бiлгiсi келiп жүрген мәлiметтердiң бiразы, шынында да, менде бар едi, – деп, үлкен сағынышпен еске алған болатын Абылай Түгелтегi.
Кезінде қарт актер Абылай V ғасырда бүкiл Орта Азияны аралаған У Ли Гау деген Қытайдың саяхатшы-этнографының Пекиндегi Гуду мұрағатында тұрған жазбаларын көшiрiп алған-ды. Онда «Балқаштың батысында 70 шақырым жерде 9 бөлiгi – тас, бiр бөлiгi – жер тау бар. Соның батысында ежелгi Қыпшақтардың тасқа салған таңба, суреттерi бар. Бұл – Қыпшақтар Азияның көне халқы екенiнiң дәлелi» деп жазылған едi.
Абылай Түгелтегi өзiндегi осындай құнды мәлiметтердi Оразғазы бастығы арқылы Өзағаңа жеткiзедi. Содан Өзбекәлi Жәнiбеков оны бiраз кiсiлермен қосып Ұлытау төңiрегiне iссапарға аттандырады.
Бұл сапарға жауапты – сол кездегi «Бiлiм және еңбек» журналының редакторы Ақселеу Сейдiмбеков едi. Бұл сапардың басты жетiстiгi – Ұлытауда тұрған үлкен түйетасты Алматыдағы осы мұражайға әкелiп қойды.
Ұлытаудан әкелiнген түйетастың тарихы өз алдына бөлек әңгiме. Қажырлы қоғам және мемлекет қайраткерi, зерттеушi-ғалым Өзбекәлi Жәнiбековтiң табандылығы бұл жерде де ерекше анық байқалған еді. Мәдениет министрi бола тұра, бұл шаруаның басы-қасында өзi болып, iздеген тастардың мұражайға жеткiзiлуiн қадағалап отырған. Тарихы терең түйетас мұражайға жеткенше екi айдан астам уақыт кеткен болатын.
Бір аяқ-бір қолын коммунизмге артып тұрған біздің елімізде ол кездері жай көзге ештеңе байқала қоймайтын. Дегенмен, бiр қазаққа екi тыңшыдан келіп тұрған заманда ұлт мүддесi үшiн жұмыс iстеу оңайға түскен жоқ еді. Өзiнiң үстiнен арыз-шағымдар қардай борап жатқанда, «үш әрiптiң» ортасында жүрiп, ағысқа қарсы жүзе бiлген Өзбекәлi Жәнiбековтiң еңбегiн көзсiз ерлiкке баулуға болады. Алматыдағы Халық саз аспаптары мұражайындағы жәдiгерлер соның бiр ғана дәлелi дерсiз. Алайда, оның өзi мұны ерлiк деп емес, ел алдындағы парызым деп бiлген. Жұрт көлеңкесiнен қорқып жүргенде, ол өзiнiң алдына қойған мақсаттарын жүзеге асыру жолында ештеңеден тайсалған емес. Мемлекеттік, қоғамдық істерге, әсіресе ұлттық мүддені көздейтін жұмыстарға өзінің жеке шаруасындай үлкен ықыласпен, ерекше ынтамен кірісті. Бір қызығы, шын мәніндегі жеке шаруалар Өзағаңды ешқашан толғандырып көрмепті. Мұның өзі талай-талай қызықтардан құралатын, жеке бір әңгімеге арқау болатын өз алдына бөлек тақырып. Ал әзірге «Мен істемегенде кім істейді?» деп, іштей бекем бел байлаған Өзағаңның «жеке шаруаларының» бірі – мұражай төңірегінде ғана айтып өтуді парыз санадық.