Алматы қаласындағы инвестиция тарту және инвесторларды қолдау жөніндегі аймақтық ұйым «Almaty Business Development Company» мекемесінде Ашық есік күні өтті.
Аталмыш шара қазіргі және әлеуетті инвесторлармен ашық диалогтың, ағымдағы, перспективалы жобалардың тұсаукесері болып, ынтымақтастық бағыттарды талқылаудың тиімді алаңына айналды. Қатысушылар Алматы қаласының басшылығымен тікелей байланысып, көкейдегі сұрақтарын қойды.
Басты мақсат – инвестициялық жобаларға кеңес беру және қолдау көрсету арқылы қызметтердің толық кешенімен таныстыру. Әсіресе қала экономикасының басым салаларына көңіл бөліп, инвесторларды мемлекеттік және өңірлік қаржыландыру бағдарламалары бойынша ақпараттандыру, жобаларды жүзеге асыру барысында кешенді қолдау көрсету назарға алынған.
«Қазіргі таңда жобаларға бағытталған жалпы инвестиция сомасы 3,5 трлн теңгеден асады. Қала экономикасының басым салалары – приоритетті бағыттар. Соның ішінде көш бастап тұрған – өңдеу өнеркәсібі саласы. Алматыда дәл қазір екі негізгі индустриялық аймақ пен арнайы экономикалық аймақ белсенді жұмыс істеп жатыр. Биыл осы өңдеу өнеркәсібіне қатысты 45 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар біз мемлекеттік қаржылық және қаржылай емес қолдау шараларына қаланың тұрғындарын көбірек тартқымыз келеді.
Осы мақсатта «Almaty Business Development Company» қалалық компаниясының негізінде қалалық фронт‑офис құрылды. Архитектура, қала құрылысы, техникалық шарттар алу сияқты мәселелер бойынша жоғары білікті мамандардың қатары жеткілікті. Бұл арқылы кәсіпкерлер мен инвесторларға кешенді қолдау көрсетіледі», – деді Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Алишер Сатыбалдиев.
Алишер Сатыбалдиевтің айтуынша, 2025 жылдың алғашқы бес айында қалаға тартылған инвестициялар көлемі 800 млрд теңгеден асқан. Сондай-ақ,
«Almaty Business Development» кеңсесінде әр сенбі сайын мамандар жиналып, креативті индустрия, туризм, денсаулық сақтау секілді бірнеше салалар бойынша Алматыда өз жобасын жүзеге асыруға ниетті азаматтарға мемлекеттік қолдау шаралары туралы кешенді кеңес береді.
– 2023 жылы тек инвестицияларға бағытталған арнайы компания құрылды.
2024 жылы 2 трлн теңге инвестиция тарту жоспар орындалды.
2025 жылы мақсат – 2,2–2,4 трлн теңгеге инвестиция тарту. Осы мақсатқа жету үшін: тау кластерін, өңдеу өнеркәсібін, цифрлық секторды дамытуға назар аудардық. Сонымен қатар әкімдік тарапынан қолдау үшін 50,2 млрд теңге бөлінді. Инвесторларға бірнеше жеңілдіктер қарастырылған:
1. «ДАМУ» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы жүзеге асатын кешенді бағдарлама: жеңілдетілген несие беру, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, банктік кепілдік (85%-ға дейін).
2. Almaty Finance және «Алматы» микроқаржы ұйымы сияқты қала қаржы институттары: Шағын өнеркәсіпті 7 жылға дейін жылына 6%-бен 500 млн теңгеге дейін қаржыландыру.
3. «Алматы» МҚҰ жеке және заңды тұлғаларға 1-70 млн теңге аралығында несие береді, – деді Алишер Сатыбалдиев.