Қала көркі - қажырлы еңбектің жемісі

Қала көркі - қажырлы еңбектің жемісі Сурет: Самат Құсайынов

Алматының тазалығы – әрбір тұрғынның өмір сапасына әсер ететін басты көрсеткіштердің бірі. Қаланың ретті келбетінің астарында таңмен таласа жұмыс істеп, қала көшелерін тазалап, жол бойын қар мен қоқыстан арылтып жүрген жандардың еңбегі жатыр. Солардың бірі – Әуезов ауданындағы өтпелі көшелердің тазалығына жауапты «Хасен Тас Жол» ЖШС ұжымы. Біз бөлім басшысы Қуаныш Жайлаубаевпен кездесіп, тазалық саласындағы еңбек пен жауапкершілік туралы әңгімелестік.

Қуаныш Құрманғалиұлы

«Хасен Тас Жол» ЖШС бөлім басшысы

– Қуаныш Құрманғалиұлы, ең алдымен мекеменің негізгі қызметі туралы айтып өтсеңіз...

– Біздің серіктестік Алматы қаласы Әуезов ауданындағы өтпелі көшелердің тазалығын қамтамасыз етеді. Бұл бағыттағы жұмыстарды үш жылдық келісім негізінде атқарып жатырмыз. Негізгі міндетіміз – көлік жолдары мен тротуарларды тазалау, жазда шаң мен қоқысты жою, қыста қардан тазартып, көктайғақтың алдын алу. Арықтардың тазалығын сақтау да біздің жауапкершілігімізде. Аудан аумағында өтпелі көшелер бойынша қазір 2 бригада жұмыс істейді. Бірі Саин көшесінің шығыс бағытына жауап берсе, екіншісі батыс бағыты бойынша жұмыс істейді. Екі жақта да тоқтаусыз жұмыс атқарылады.  

–  Аудан бойынша өтпелі көшелердің ұзындығы қанша шақырымды құрайды?

– Ауданымыздағы өтпелі көшелердің жалпы ұзындығы 75 шақырым. Оның ішінде 44 шақырымы – тротуарлар, 22 шақырымы – арық жүйелері мен көгалдандырылған аймақтар. Өздеріңіз білесіздер, қазір қала қозғалысы қарқынды, халық та, көлік те көп жүреді. Сол себепті, біз тазалық жұмыстарын тәулігіне бірнеше рет жүргіземіз. Қыста қар қалың түскен күндері жұмысшылар таңғы төрттен бастап жұмыс істейді. 

– «Қыстың қамын жазда ойла» дегендей, күз-қыс маусымына дайындық қалай жүріп жатыр?

– Қазір жапырақтар түсіп жатқан кез. Сол себепті, арықтар мен жол жиектерін тазалауға ерекше көңіл бөлудеміз. Өйткені, уақытында тазаланбаған жапырақ су өткелдерін бітеп, жаңбыр кезінде жолға су шығарады. Бұл жағдайға жол бермеу үшін барлық күш жұмылдырылған. Қысқа дайындық жұмыстары да толық жүріп жатыр. Техникалар жөнделді, тұз бен құм қоры жеткілікті, жұмысшыларға жылы киімдер мен қауіпсіздік құралдары берілді. Қысқа толық дайынбыз деп айтуға болады.

– Қар тазалау және көктайғақтың алдын алу қалай ұйымдастырылады? Жалпы, жиналған қарды қайда шығарасыздар?

– Қар жауа бастаған сәттен-ақ арнайы техника көшелерге шығып, тұз аралас құм себуді бастайды. Бұл – жолдың тайғақ болмауы мен көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасалатын шара. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілер жолдарына да реагенттер себіліп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалады. Қыс мезгілінде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, ауа райына қарай жедел әрекет етеміз.

Негізі, қар – еріген кезде үлкен көлемдегі суға айналатын масса. Егер оны дер кезінде шығармасақ, көшелерде су жиналып, көлік қозғалысы мен жаяу жүргіншілерге кедергі келтіреді. Сол себепті, қардың мөлшеріне қарай тиісті шаралар қабылдаймыз: кей жағдайда тұз сеуіп ерітеміз, ал қалың қар болса, оны арнайы техникамен жинап, жол жиегінен шығарамыз. Әсіресе, мектеп пен балабақша маңындағы көшелердегі қар арнайы полигондарға жеткізіледі. Бұл бағытта қаладағы қар қабылдау полигонымен келісімшарт жасалған, соның негізінде қарды шығару жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі.

– Тазалық жұмыстары техникасыз атқарылмайтыны белгілі. Техникалық мүмкіндіктеріңіз толық па?

– Дұрыс айтасыз, тазалық жұмысының өнімділігі ең алдымен арнайы техника мен еңбек адамдардың жұмысына байланысты. Бүгінде жұмысшыларымыз толықтай қажетті көліктермен қамтамасыз етілген. Қолданыста қар тазалайтын техника, құм-тұз себетін машиналар, тротуар тазалайтын шағын тракторлар, жүк көліктері және көше жуатын арнайы машиналар бар. Барлық техника уақытылы тексерістен өтеді. Қазір мемлекет тарапынан ұсынылып жатқан жеңілдіктерді пайдалану мәселесін қарап жатырмыз. Сол арқылы автопаркті кезең-кезеңімен жаңарту жоспарда бар.

– Қала басшылығы еңбек адамдарының жағдайын жақсартуға баса мән беріп келеді. Жақында қала әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев аула сыпырушылардың жалақысын көтерілетінін айтты. Бұл жөнінде не айта аласыз?

– Иә, бұл бағытта жақсы жаңалықтар бар. Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында қала әкімдігі қарапайым еңбек адамдарының еңбегін бағалап, жалақысын көтеруді қолға алды. Бұл – біздің саладағы жұмысшыларға үлкен қолдау. Шын мәнінде, таңнан кешке дейін қаланың көркі үшін тер төгетін жандардың еңбегін – қала келбетнің басты кепілі. Олардың еңбегі мемлекет тарапынан ғана емес, қоғам тарапынан да құрметтелуі керек деп санаймын. 

 

Сұхбаттасқан Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ.

Суретті түсірген Самат Құсайынов.

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

18:15

17:53

17:49

17:05

17:00

16:40

16:25

16:10

15:55

15:37

15:16

15:12

15:01

14:32

14:21

13:52

12:49

12:36

12:26

12:21

12:18

12:07

11:52

11:45

11:21