Ғани МАЙЛЫБАЕВ: Алматының мәдени миссиясы – Қазақ елінің халықаралық брендіне айналу

Ғани МАЙЛЫБАЕВ: Алматының мәдени миссиясы – Қазақ елінің халықаралық брендіне айналу gov.kz

21 мамыр – ұлт руханиятының өркендеуіне, мәдени мұраны сақтау мен насихаттауға өлшеусіз үлес қосып келе жатқан мәдениет және өнер саласы қызметкерлеріне құрмет көрсету күні. Бүгінде мың жылдық тарихы бар көне шаһардың мәдени кеңістігінде серпінді дамулар мен тың бастамалар жүзеге асып жатыр. Біз Мәдениет және өнер қызметкер-лерінің кәсіби мерекесіне орай Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани МАЙЛЫБАЕВҚА жолығып, өнер мен руханият саласындағы жетістіктерді саралап, алдағы жоспарлармен танысқан едік.

Мәдениетпен тыныстаған мегаполис

– Ғани Айдарұлы, ең алдымен Ал­матыдағы барлық мәдениет және өнер саласының қызметкерлерін кәсі­би мерекемен құттықтаймыз! Еліміздің мәдени астанасы саналатын мегапо­листің бұл саладағы жетістіктері аз емес. Шаһарда жаңа нысандардың құрылысы жүріп жатыр, гастрольдік сапарлар мен жаңа жобалар туралы бағдарлар да баршылық...

– Рахмет! Алматы – қазақ мәдениетінің алтын бесігі. Мұнда ұлт рухын танытатын театрлар, мұражайлар, филармониялар, көркем галереялар шоғырланған. Қалада қазақ мәдениеті мен өнерінің алыптары – Мұхтар Әуезов, Шәмші Қалдаяқов, Қали­бек Қуанышбаев, Бибігүл Төлегенова сияқты тұлғалар өнер көрсетіп, із қалдыр­ған.

Шаһарда бүгінде 12 театр, 35 көпшілік кітапхана, 25 музей, 20-ға жуық кино­театр мен өзге де мәдени ошақтар жұмыс істеп жатыр.

Осынау мәдени мекеме­лердің біршамасы Алматы әкімдігіне қа­расты. Мәселен, олардың қатарында «Алатау» дәстүрлі өнер театры, Мемле­кеттік қуыршақ театры, «Алматы әуендері» шығармашылық ұжымдары, Қазақ мем­лекеттік циркі, 8 музейден тұратын Алматы музейлер бірлестігі, Мемлекеттік архив, Алматы хайуанаттар бағы мен Орталық­тандырылған кітапханалар жүйесіне кі­ретін 28 кітапхана бар. Бұл ұйымдарда қазір 2 мыңнан астам мәдениет қызмет­кері еңбек етіп жатыр. Өткен жылы осы мекемелер Мәдениет басқармасымен бірлесіп 300-ден астам ірі іс-шара ұйым­дастырған еді. Театр премьералары, халықаралық фестивальдер, ашық аспан астындағы концерттер мен көрмелер секілді алуан түрлі шараларды 1,6 мил­лионнан астам қала тұрғыны мен қонағы тамашалады. 

«Алатау» дәстүрлі өнер театры был­тырғы маусымда 62 мың көрерменге қыз­мет көрсетті. Қойылымдарды 20-дан ас­там қазақ халық аспаптарында «тірі орындау» қолданылды. «Mamluk. Сұлтан Бейбарыс», «QULAN», «Алатау FM радио­сы» және «Теміртас» спектакльдері көрер­меннің ыстық ықыласына бөленді. Театр биыл жаз айларында Мәскеудегі Чехов фестиваліне қатысып, Франциядағы Авиньон фестивалінде өнер көрсететін болады. Қазір үлкен дайындық жүріп жа­тыр. Сонымен қатар, қазіргі таңда Абай­дың 180 жылдығы мен Нұрғиса Тілен­диевтің 100 жылдығына арналған қойылымдар әзірленуде. Мемлекеттік архивтің материалдық-техникалық базасы да айтарлықтай жаңартылды. Соңғы он жылда алғаш рет жаңғыртудан өткен ме­кемеге заманауи жабдықтар мен 140 компьютер сатып алынды. Бұған қоса, 10 миллионнан астам парақ цифрлық форматқа көшіріліп, қалпына келтіру зерт­ханасы ашылды. Архив бүгінде тарихи жадымызды сақтау мен ұрпаққа жеткі­зудің нақты технологиялық орталығына айналып отыр.

Мемлекеттік қолдау бар

– Сала қызметкерлеріне қандай қолдау көрсетіліп жатқаны жайлы да айтып өтсеңіз...

– Әрине, мемлекет тарапынан кеңінен қолдау бар. Бұған мысал, «Алматы жаста­ры» бағдарламасы аясында 139 жас ма­ман баспаналы болса, 2023 жылдың та­мызынан бастап 2 мыңнан астам мәдениет саласы қызметкерінің жалақысы 30%-ға өсті. Соңғы жылдары Алматының мәдени саласы халықаралық деңгейде танылуына кеңінен қолдау көрсетілуде. Өткенде ғана Қазақ мемлекеттік циркі 35 жылдан соң алғаш рет шетелге гастрольге шығып, Ду­шанбе мен Тбилисиде өнер көрсетіп қайт­ты.

Сонымен қатар, цирк әртістері Қытай мен Ресейдің үздік цирк мектептерінде та­ғылымдамадан өтіп, Еуропа елдерінде өт­кен фестивальдерде жүлделі орындарға ие болды. Өздеріңіз де естіп жатқандай, біздің цирктің артистері Гиннестің рекорд­тар кітабына енді. Сондай-ақ, 18 елден келген 80-нен астам артистің қатысуымен өткен «II Almaty Circus Festival» іс-шарасы халықаралық ынтымақтастықтың айқын көрінісіне айналды. Алматының мәдени айнасы іспетті цирк ғимаратына қайта жаңғырту жұмысын жүргізу үшін қазір жо­балық-сметалық құжаттама әзірлеу бас­талды. Әлемдік аренада Мемлекеттік қуыршақ театрының атағы ерекше атала­ды. Бұл театр артистері де қазір үлкен та­быстарға жетуде.

Мәселен, Канадада өткен фестивальде Гран-при иеленіп, Грузия мен Беларусьтен жүлдемен оралды. Соңғы онжылдықта алғаш рет театр ауқымды жаңғыртудан өтіп, биыл 90 жылдығын атап өтті. Театр ұжымының ұзақ жылғы еңбегі ақталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен театрға «акаде­миялық» мәртебесі берілетін болды.

Руханиятқа дем берген мекен

– Қазіргі таңда Алматы музейлері мен кітапханалары бұрын-соңды бол­маған жаңғыру мен серпіліс кезеңін бастан кешіп отыр. Осы бағыттағы жұмыстарыңызды тарқатсаңыз...

– Өткен жылы Алматы музейлері ре­кордтық көрсеткішке жетті. Музейге ке­лушілер саны 310 мыңнан асса, билет сатылымынан түскен табыс 85,5 млн. теңгеге жетті. Бұл – өте үлкен көрсеткіш. Сосын тағы бір жақсы жаңалық – Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың бас­тамасымен барлық мектеп оқушылары музейге тегін кіру құқығына ие болды. Соңғы уақытта Алматы музейлері шетел­дерде көрме ұйымдастырып, осы саланың қызметкерлері Корея, Түркия, Италия, Чехия мен Сингапурда тағылымдамадан өтіп келді. Бұған қоса, қаламыздағы Му­зейлер бірлестігі «Түркі әлемінің үздік му­зейі» атанып, ел тарихында тұңғыш рет мұндай мәртебеге қол жеткізді.

Кітапханаларымызға келсек, қазіргі кезде көпшілік кітапханалар заманауи мә­дени хабқа айнала бастады. Алматы кітап­ханаларының 95%-ы жаңғыртылды. Жалпы, жүргізіліп жатқан жұмыстардың дені тек жөндеу жұмыстары ғана емес, кеңістікті қайта құру, кітапхананы зама­науи зияткерлік орталық ретінде жаңаша сипатта қалыптастыру сияқты іс-шаралар да қамтылып отыр. Қазір қаладағы төрт кітапхана тәулік бойы жұмыс істейді. Сон­дай-ақ, автономды кітапханалар – оқырманның өзіне-өзі қызмет көрсету мүмкіндігін ұсынып отыр. Қала кітапхана­ларының қоры да артты. Дәл қазір кітап қоры 1,3 миллион данадан асып, өткен жылы тағы да 96 мың жаңа заманауи кі­таппен толықты.

Жұмысымыздың тағы бір бағдары – Хайуанаттар бағын толық жаңғырту жұ­мыстары 2028 жылға дейін жалғасады. Жоба аясында жаңа вольерлер мен ке­шендер, ветеринарлық бөлім, дәріс залда­ры, инклюзияға бейімделген кіреберістер бой көтереді. Осы жылы Алматы хайуанат­тар бағы 37 жыл ішіндегі рекордтық көр­сеткішке жетті. Яғни бір жыл ішінде 1 миллионнан астам адамды қабылдады. Оның 250 мыңы – әлеуметтік осал топ өкілдері, көпбалалы отбасылар, зейнет­керлер, балалар үйінің тәрбиеленушілері және ерекше қажеттілігі бар балалар.

Ұлт жадын жаңғыртатын бағдарлар

– Ғани Айдарұлы, сөз соңында ал­дағы уақытта Алматыда қандай мәде­ни нысандар бой көтеретіні туралы да мағлұмат берсеңіз ...

– Сәтін салса, жақында Жастар театры мен жаңа көрме орталығының құрылысы басталады. Сосын, қалада алғаш ашыла­тын Инклюзивті мәдениет үйінің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Сонымен қатар, Боралдай қорғандарында Сақ мәдениеті орталығының құрылысы, ТМД елдері ішінде алғашқы Балалар ғы­лым музейі мен Observatorium музейінің ашылуы, Райымбек батыр кешенін музей­лендіру мен Алматы музейінің жаңа экспо­зициясын қалыптастыру жұмыстары бас­талады. Дәл қазіргі уақытта Н.Сац атындағы мемлекеттік академиялық бала­лар мен жасөспірімдер театрында күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Тағы да бір айта кетерлік жаңалығымыз – қала­мызда 2029 жылға дейін өзіне-өзі қызмет көрсету жүйесімен жабдықталған 20 жаңа кітапхана ашылатын болады.

Жалпы, заманауи мегаполис ретіндегі Алматының мәдени миссиясы – Қазақ елінің халықаралық брендіне айналу, ұлт­тық өнеріміз бен мәдениетімізді жаһандық деңгейде таныту. Ұлттық рухты сақтай отырып, оны заманауи өркениетпен ұш­тастыру, шығармашылықты қолдап, ұлт­тық мәртебемізді өнер мен мәдениет ар­қылы жаңғырту. Бұл – тек қаланың емес, тұтас ұлттың мәдени болашағына бағыт­талған миссия.

Сұхбаттасқан

Рая ЕСКЕНДІР.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:20

18:56

16:55

16:30

16:28

16:25

16:24

15:49

15:38

15:33

15:30

15:26

15:25

14:14

14:12

12:50

12:26

11:54

11:41

11:40

11:24

10:51

10:42

10:38

10:29