Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келіп, облыс тұрғындарымен кездесті. Ол алдымен Оқушылар сарайында болып, облыстың түрлі саладағы кәсіпкерлері, шаруашылық басшыларымен кездесті Almaty-akshamy.kz Egemen.kz-ке сілтеме жасап.
Ерлан Қарин алдымен облыс активімен жолықты. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инфрақұрылымдық жобалардың орындалуы жайында баяндады. Өз кезегінде Мемлекеттік хатшы алдағы конституциялық реформаның негізгі бағыттары туралы айтты. Сондай-ақ жүзеге асырылатын реформа халықтың елді басқару ісіне араласуын арттыруға және саяси процестерді демократияландыру ісін одан әрі жалғастыруға мүмкіндік беретініне назар аударды.
Облыстық әкімдіктегі келесі кездесуінде ол қоғамдық белсенділер, ҮЕҰ, кеңестер мүшелерімен кездесті. Соңғы кездесуін С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап кітапханада жалғастырып, жастар өкілдерімен, белсенділерімен кездесті. Ерлан Қарин еліміздің алдында тұрған маңызды іс-шара – референдум туралы кең көлемде түсініктер берді. Мемлекет басшысы ұсынып отырған Конституцияға енгізілетін өзгерістер елді демократияландыруға жасалған батыл қадам екені айтылды. Өзгеріске түсетін 33 баптың әрқайсына кеңінен тоқталып, әрқайсының маңызын жеткізді. Соның ішінде конституциялық соттың қайтадан қалпына келтірілуінің қарапайым адамдардың құқығын қорғаудағы маңызы туралы айтты. «Бұрынғы Конституциялық Кеңеске тек Президент қана қайырылуға құқылы болса, енді Конституциялық Сотқа Президент те, Премьер-Министр де, депутаттар да және қарапайым адамдар да қайырылуға қол жеткізетін болады. Бұл әрбір адамның өз құқын қорғауына мол мүмкіндік береді. Ал адам құқы жөніндегі өкіл тіпті сот «арыздануға болмайды» деп шығарған үкімді де Конституциялық Соттың қарауына ұсына алады», деді ол. Мемлекеттік хатшы сайлау туралы өзгерістерге жеке-жеке тоқталып, олардың маңыздылығын да жете түсіндіріп берді. Президенттің саяси партияға мүше болмауы туралы да айтты. Конституцияға енгізілетін жаңа өзгерістерді Президенттің Екінші Республикаға тең болады деп бағалағандығы туралы да терең түсініктер берді.
Мемлекеттік хатшыға отырғандар көптеген сұрақ қойды. Соның ішінде Ассамблеяның құқына қатысты сұрақтар да болды. Сонымен бірге жергілікті мәселелер туралы өңірлер де өзіндік референдумдар өткізуіне бола ма деген сияқты мәселелер де алға тартылды.
Өңірге жұмыс сапары барысында Мемлекеттік хатшы өңірдегі жастар ұйымдарының белсенділерімен де кездесті. Онда жас ұрпақтың қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуын арттыру және жастарға қатысты жобаларды қолдау мәселелері қозғалды. Кездесу қорытындысы бойынша Ерлан Қарин жастардың референдум мен саяси реформаларға үлкен қызығушылық танытып отырғанын атап айтты.
Жалпы алғанда, облыс жұртшылығы елімізде атқарылып жатқан саяси жаңғыру үдерістерін жіті бақылап отырғанын айтып, қолға алынған реформаларды жүзеге асыруға дайын екендерін жеткізді.