Соңғы кездері жеке сот орындаушыларға қатысты шағым көбейген. «Біреудің банктік шотын заңсыз бұғаттапты», «еңбегіне алатын үстемақыны бірнеше есе көп алыпты», «жалғызбасты ананың алименттен өндіретін ақшасын алып қойыпты», «жоқ қарызды бар етіп көрсетіпті» дегендерді жиі естиміз.
Соттың шешімдері мен қаулыларын орындайтын, орындамаған азаматтарға орындататын құқықтық қызметкерге арнайы лицензия беріледі. Бүгінде кейбірі сот орындаушыларын коллекторлармен шатастырып жатады. Былтыр Алматы облысы, Ақбұлақ ауданында 5 адамды өлтіріп, өмір бойы түрмеге тоғытылған Дужновтың ісінен кейін сот орындаушыларының міндетін реттеу мәселесі Парламентте қаралған еді. Қоғамда да біраз пікірталас туындады. Бірақ арада жыл өтсе де, заң талаптарын орындайтын қызметкерлер мәселесінің әлі «бір қайнауы кем» сияқты ма, қалай? Жеке сот орындаушыларына қатысты шағымдар көбінде жиі заңсыз әрекетке баратынын заңгерлер де растайды. Сала мамандарының айтуынша, сот орындаушыларынан қорқудың қажеті жоқ.
Институттың тарихына зер салсақ, 2005 жылы өткен ҚР Судьяларының IV съезінде Қазақстанда жеке сот орындаушылар институтын енгізу мәселесі көтеріліп, кейіннен «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушылардың мәртебесi туралы» Заңның жобасы Парламент Мәжілісіне ұсынылды. Сөйтіп, ҚР Президенті 2010 жылдың 2 сәуірінде қол қойды. Соған сәйке с, жеке сот орындаушылар институтында бастапқыда бұрынғы мемлекеттік сот орындаушылар ғана лицензия алып жұмыс істей бастады. Биыл жеке сот орындаушылар құрылымының құрылғанына 13 жыл толды. Содан бері 57 заң мен оның 116-бабына 397 түзету енгізілді, 11 бап алынып тасталды, 10 жаңа бап пайда болды. Былтырғы ресми ақпарат бойынша, республикада 263 мемлекеттік сот орындаушысы, 2200 жеке сот орындаушысы бар. Олардың қызметі мен міндеттері «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушылардың мәртебесi туралы» Заңымен реттеледі.
Заңға енгізілген соңғы өзгерістердің бірі – енді сот орындаушылары борышкердің есепшотындағы қаражатын толық бұғаттай алмайды. Жылдың басында Әділет министрлігі осындай әдістемелік ұсынымды бекіткен еді. Тағы бір мәселе, бір рет лицензиясынан айырылған сот орындаушы 3 жылдан кейін қайта лицензия ала алады. Прокуратура келтірген мәлімет бойынша, былтыр 9 жеке сот орындаушы лицензиясынан айырылған. Не үшін лиценциясынан айырылғанына, нақты себебіне қарамастан сол сот орындаушылары үш жылдан кейін қайтадан қызметіне кірісе алады.
Заңгерлерге азаматтар тарапынан сот орындаушыға қатысты келетін сұрақтар өте көп. Сондай сұрақтардың бірі – «неге мен сот орындаушыға қарыздан бөлек, тағы да үстемақы төлеуім керек?». Осы ретте сот орындаушының санкциясының нақты сомасы болу керек екенін айта кеткен жөн. Несиеде ғана емес, басқа біреуден қарыз өндіруде қаражаттан бөлек, сот орындаушының жұмысына санкциясын төлеу міндеттеледі. Жеке сот орындаушылар туралы сөз болған кезде, ең алдымен, алимент мәселесі тілге тиек болатыны жасырын емес. Осы ретте қала бойынша жеке сот орындаушылары өңірлік палатасынан сұрап білген едік.
Амангүл ҚЫДАНҚЫЗЫ, қоғам қайраткері, заңгер:
ҚҰҚЫҒЫН ҚАЙТА ҚАРАУ ҚАЖЕТ
Жеке сот орындаушыларына қатысты маман ретіндегі пікірім екіге айырылады. Мемлекеттік сот орындаушыларының тарапынан жұмыс істеу тәсілі өте тиімді де, ал жеке сот орындаушыларына келген кезде қарама-қайшылықтар байқалып-ақ қалады. Ең алдымен, жауапкершілігін күшейту керек деп санаймын. Сот орындаушыларының жұмысына қатысты заңды әлі де мұқият қарау керек сияқты. Заңгерлік кеңес алу үшін Алматыдан бөлек, басқа өңірлерден жиі хабарласып жатады. Соттарға жиі қатысамыз. Шикіліктер жиі байқалады. Сот орындаушыларының ішінде міндетін 2019 жылдан бері әлі орындамаған істер көп. Мемлекеттік деңгейдегі сот орындаушыларының тарапынан 10 миллионнан астам істі қарау барысында оларды өндіру оңайырақ болады. Сот орындаушылары жұмысы бар азаматтардан алиментті өте қысқа мерзімде өндіре алады, ал жұмыссыздардан өндіре алмай, істі созып жүріп алатын сот орындаушылары бар.
Мәселен, Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласындағы бір тұрғынның ісін қарадым. Азаматтың кәмелет жасына толмаған 2 баласы бар. Бір баласы ІІ топтағы мүгедек. Сот орындаушысы төрт жыл бұрын шыққан соттың шешімін әлі күнге дейін орындамай жүр. Сот орындаушысына бірнеше рет хабарласқан. Тек бір жылдан кейін ғана, 2020 жылы борышкерді іздеуге кіріскен. Өзінің тарапынан жұмыс істеп жатқан жоқ. Өз ісіне салғырттық танытатын сот орындаушыларының лицензиясын алып қою керек деп ойлаймын. Жалғызбасты аналардың көбі алимент өндіруде өзінің құқығын толық білмейді. Мұны жақсы білетін сот орындаушылары алиментке қатысты істі қарамай, немқұрайлылық танытады. Себебі, алимент ала алмай жүрген аналар сот орындаушыларының үстінен арыз жазуды білмейді.
Маман ретіндегі кеңесім, егер сот орындаушыларының тарапынан заңсыздықтар байқалса, міндетті түрде тиісті мекемелерге арыз-шағым түсірген жөн. Өңірлік сот орындаушылар палатасына арыз беру арқылы сот орындаушыға шағым беріледі.
Тақырыпқа орай
Салтанат ДИХАНБАЕВА,
«Құқықтық қорғау және заңды қызмет көрсету орталығы» заң консультанттары палатасының заңгері:
ТӘРТІП ПЕН ӘДІЛЕТТІЛІКТІ САҚТАУДА РӨЛІ МАҢЫЗДЫ
Сенімді жеке сот орындаушылары өз міндетін заңнамаға және жоғары кәсіби стандарттарға сәйкес орындайды. Олар атқарушылық рәсімдерді жүргізу кезінде дәлдік және объективтілік танытады. Мұндай жеке сот орындаушылар сот процесінде барлық тараптың игілігі үшін жұмыс істейді, заңдылықты сақтау үшін әділ жолмен жүреді. Жеке тәжірибемде өз ісіне адал, сенімді сот орындаушыларды жиі кездестірдім.
Әр іске, тараптардың құқықтары мен мүдделеріне құрметпен қарайды және олардың шешімдері заңды негіздерге негізделген. Олар сондай-ақ, азаматтармен ашықтық пен қарым-қатынасты сақтайды, бұл азаматтардың сеніміне кіреді, сенімді қарым-қатынасқа ықпал ететіні сөзсіз. Өкінішке қарай, басқа қызмет саласы сияқты, жеке сот орындаушыларының арасында да заңсыз әрекет ететін мамандар табылады. Жеке сот орындаушылары қоғамдағы тәртіп пен әділеттілікті сақтауда маңызды рөл атқарады. Бәрі бірдей заңды белден басады деу – әбестік. Мен білетін сот орындаушылардың дені жұмысына адалдық танытып келеді. Сондықтан кейбір сот орындаушылардың әрекеті басқаларына көлеңке түсірмеуі керек. Соттың шешімдерін орындауда, азаматтардың құқығын қорғауда кәсіби тәжірибесі мол сот орындаушыларын қолдау өте маңызды.
Ғани МҰСАҚҰЛОВ,
Алматы қаласы жеке сот орындаушылары өңірлік палатасы басшысының орынбасары:
ТАЛАП КҮШЕЙЕ ТҮСТІ
Алматыда 286 сот орындаушы жұмыс істейді. Биыл екінші тоқсанда алимент мәселесі бойынша жеке сот орындаушыларының үстіне 34 шағым түсті. Оның бәрі қарастырылуда. Кейбір азаматтар есепшотқа бұғат қою бойынша шағымданады. Биыл 8 сот орындаушының лицензиясы тоқтатылып, жұмыстан шығарылды. Қазір алиментке қатысты шағымдар едәуір азайды. Алматы қаласы бойынша 10 мамандандырылған арнайы бақылау кеңсесі жұмыс істейді. Бұл кеңсе тек алимент мәселесін қарастырады. Қала бойынша жеке сот орындаушылары айналысатын істердің үлесі бойынша алимент бірінші орында тұр. Біздегі мамандардың көбі осы мәселемен жиі айналысады. Сот орындаушыларының басты міндеті – соттың шешімін орындау. Тек алимент қана емес айыппұлдар, мемлекетке төленетін айыппұлдар ісі де қаралады. «Борышкер» іс-шарасы арқылы Алматы қаласы Полиция департаменті мен Салық комитетімен бірге жұмыс істеп, қалалық бюджетке 15 миллионға жуық қаржы өндірілді. Сондықтан барлық сот орындаушыға кір келтіре беруге болмайды. Қазір талап та, заң да қатаңдатылды. Заңсыз әрекетке барған қызметкерді жұмыстан шығарамыз.
Лицензиясынан айырылған сот орындаушының қайтадан палатаға жұмысқа кіруі екіталай. Мемлекетке жарна төлеп, ауызша, жазбаша емтихан тапсырады. Мамандарға талап күшейді. Мемлекеттік қызметке жұмысқа кірерде тест тапсырады ғой. Қазір бізде де сондай жүйе енгізілген. Компьютер арқылы тест тапсырады. 100 баллдан 75 балл алуға тиіс. «Үш жыл демалып, жұмысына қайта кіріседі. Лицензия қайтару қиын емес» деген алыпқашпа әңгімелерге сенудің қажеті жоқ.
Алматы қаласы жеке сот орындаушылары өңірлік палатасы 2013 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Біз Алматы облысына қатысты мәселелерді қарай а лмаймыз. Кейбір борышкерлер келеді. Тек қала бойынша қызмет көрсетіледі. Республиканың әр өңірінде палаталар жұмыс істейді. Қалада тіркелген, бірақ басқа қалада тұратын борышкерге істі жібереміз. Тұрғылықты мекенжай бойынша істер қозғалады. Жеке сот орындаушыларына қатысты шағымдардың арасында дәлелі жоқтар да бар.
Қазір көптеген коллекторлық компания қызметкерлері сот орындаушыларының атын жамылып, азаматтарға хабарласып жатады. Жеке сот орындаушыларының эмблемасын өздеріне қойып, біздің атымыздан сөйлейді. Осындай фактілер бұрын жиі кездесетін. Коллекторлар тарапынан болатын мұндай заңсыз әрекеттер соңғы кездері азайып келеді.
Дайындаған Гүлжанат СЕМБАЕВА
«Аlmaty-akshamу» №85, 18 шілде, 2023 жыл