"Арманым шындыққа айналды". Оксфордқа шақырту алған қазақстандық қыздың әңгімесі

  • 10:25, 09 шілде 2025
"Арманым шындыққа айналды". Оксфордқа шақырту алған қазақстандық қыздың әңгімесі сурет: кейіпкердің жеке архивінен

23 жасында әлемнің ең үздік университеттерінің бірі - Оксфордтан шақырту алған қазақстандық қыз жайлы білесіз бе? Кішкентайынан ғылым жолында еңбек етуді армандаған Меруерт есімді ақтаулық ару өзінің білім жолындағы қызықты оқиғаларын әңгімелеп берді. Толығырақ Аqshamnews.kz дайындаған материалда. 

сурет: кейіпкердің жеке архивінен

Меруерт Бижанова - The Ivy League (сегіз жеке американдық университеттердің қауымдастығы - еск.) тізіміндегі Пенсильвания университетін тәмамдап, жақында Англиядағы Оксфорд университетінен шақырту алды. Сондай-ақ, ол Пенсильвания университетінің ең жоғары марапаты – Penn Global Student Citizenship Award 2025 сыйлығының иегері деп танылды. Бұл сыйлық – халықаралық студенттердің арасында жаһандық азаматтыққа айрықша үлес қосқан жастарға ғана берілетін ерекше марапат.

"Ата-анам білімімізге көп көңіл бөлді"

Меруерт бала кезінен ата-анасы білімге ерекше мән бергенін айтты. Олар дұрыс инвестицияның қашан да білімге құйылу керектігін түсінген.

"Мен - Ақтау қаласының тумасымын. Әкем - инженер-машинист, анам - психолог. Бір жас үлкен әпкем және өзімнен алты жас кіші інім бар. Бізге ата-анамыз үнемі білімнің құнын түсіндірді. Бүкіл инвестицияны біздің оқуымызға жұмсады. Әпкем екеуміз жарысып сабақ оқитынбыз және ата-анамыз үй тапсырмасын орындауға үнемі қолдау көрсететін. Сол тәрбие мені қанаттандырды. Кішкетайымнан ғылымға, білімге құштар болдым. Ата-анам маған "мұғалім бол" дейтін. Мен жоғары оқу орнында сабақ берсем деп армандайтынмын", - дейді ол.

сурет: кейіпкердің жеке архивінен

Назарбаев университетінен Пенсильванияға дейінгі жол

Меруерттің айтуынша, арманға апарар жол Ақтаудағы "Дарын" мектебінен басталып, Назарбаев Зияткерлік мектебінде жалғасқан.

"НЗМ-нің химия-биология бағытында оқыдым. Ол мектеп маған асқақ арман қоюды, жаһандық деңгейде ойлауды үйретті. Ал кейін НЗМ-нен кейін Назарбаев Университетіне оқуға түстім. НУ-да профессорларымыз бізді ғалым ретінде қалыптастыруға тырысты. Ғылымға қызығушылығым тереңдей берді. Үшінші курста жүріп мен шетелде оқу мүмкіндіктерін қарастырдым. Оқытушыларым бұл ниетіме қолдау білдірді. Оқуға тапсырып, АҚШ-тың, Канаданың, Ұлыбританияның бірнеше ЖОО-ларына қабылдандым. Бірақ The Ivy League университеттерінің қатарындағы Пенсильванияға құжат тапсыруды ұйғардым. Маған ондағы академиялық еркіндік, мықты орта ұнады", - дейді Меруерт. 

Пенсильванияда Меруерт өзін толық дәлелдеу үшін көп еңбектенгенін айтады. Ол жеті мәрте премия алып, халықаралық студенттер ісі жөніндегі комитеттің президенті болып сайланды.

"Бір сәтте 20 мыңға жуық магистрант, докторант студенттердің арасынан мені президент етіп сайлады. Бұл - ең алдымен зор еңбек пен мәселелерді жан-жақты қарастыра алатын қасиетімнің арқасы деп ойлаймын", - дейді ол.

сурет: кейіпкердің жеке архивінен

"Менің артымда елім тұр" деген ұстаным болды"

Меруерт қандай қадамға барса да бірінші кезекте Қазақстанның атына кір келтірмеуді ойлап тұратынын жасырмады. Ол өзін барынша дәлелдеуге тырысып, шетелдіктер арасында қазақстандық жастар жайлы позитивті пікір қалыптастыруды мақсат еткен.

"Мен қайда жүрсем де "менің артымда елім тұр" деген ұстаным болды. Не істесем де, жақсылық жасасам да, жамандық жасасам да, ол ертең менің елімнің атына жазылады деп түсінемін. Сол себепті бар күшім қазақтың абыройын көтеруге бағытталды. Пенсильванияда қазақстандық студенттер аз. Менен кейін қазақ жастары құжат тапсырса, "оо, біз қазақтарды білеміз, олар білімді" деген түсінік қалыптасса, бұл – мен үшін үлкен жеңіс", - дейді Меруерт.

сурет: кейіпкердің жеке архивінен

"Оксфордқа түсетініме сенбедім"

Меруерт Оксфорд университетінен шақырту алған сәтін ерекше толқыныспен еске алды.

"Ғалым болғым келді. Сол арманның жолында тынымсыз еңбек еттім. Халықаралық жоғары білімді дамыту мамандығы бойынша Оксфордтан шақырту алдым. Ғылыми жетекшілерім, мықты профессорлар менің білімімді барлық жағынан сынады. Емтихан кезінде өте күрделі ғылыми сұрақтар қойылды. Мен туралы алдын ала іздеп оқып та шыққан екен. Нәтижесінде шақырту алғаныма өзім де біразға дейін сенбедім. Енді Оксфордта докторантурада ізденісімді жалғастырамын", - дейді Меруерт.

Айта кетейік, Оксфорд университеті – әлемдегі ең ежелгі және ең беделді оқу орындарының бірі. Ол XII ғасырда құрылған. QS World University Rankings және Times Higher Education сияқты халықаралық рейтингтерде Оксфорд үздік үштіктен түспейді. Мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен ең үздік ғалымдар мен студенттер білім алады. Ғылым мен білімді дамытуға қосқан үлесі үшін Оксфорд түлектері арасында Нобель сыйлығының лауреаттары мен әлемдік деңгейдегі саясаткерлер, жазушылар мен зерттеушілер өте көп.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

14:37

14:04

13:45

13:42

13:19

12:24

12:22

12:11

12:03

11:31

10:47

10:25

10:08

09:35

09:02

17:59

17:50

17:34

17:17

17:16

17:05

16:45

16:40

16:22

15:48