Әрине, О.Жандосов бұйрыққа қол қойғанда Алматы сол кездегі ел астанасы Орынбор да, кейінгі бас қаласы Қызылорда да емес, республикадағы көп уездік орталықтың бірі ғана еді. Сондықтан ревком Жандосовтың бұйрығымен шағын қала атауының өзгертілуіне ешкім назар аудара қоймаған сыңайлы. Бірақ бұйрықтың аты – бұйрық. Дәл осы құжаттан кейін барлық ресми қатынаста қаланың орысша атауы «Алма-ата» деп атала бастайды, бірақ жергілікті халық оны ескі дәстүрмен «Алматы» деп айтудан жаңылған жоқ.
Қазақ жері бір кездері Алаш арыстары жоспарлағандай біртұтас аумаққа айналғанда Қазақстан астанасын өзгерту мәселесі де күн тәртібіне шығады. Республиканың бас қаласын таңдау қатардағы көп шаруаның бірі емес екені белгілі. Солай бола тұрса да, астананы Қызылордадан Алматыға көшіру жайын қарастырған Қазақ АКСР Орталық атқару комитетінің 1927 жылдың 3 наурызындағы отырысы күн тәртібіне артық-кемі жоқ, тұп-тура 20 мәселе шығарылыпты. Соның ел орталығын ауыстыру жөніндегі – 8-мәселесі бойынша мынандай қаулы қабылданған: «Президиум КазЦИКа и Совет Народных Комиссаров КССР постановляет: 1. Центр КССР перенести из г. Кзыл-Орда в г. Алма-Ата. 2. Срок перенесения центра в г. Алма-Ата определить ко времени установления нормальной и бесперебойной связи с последним. 3. Настоящее постановление внести на утверждение предстоящего Шестого Всеказахского съезда советов. 4. Для проработки практических мероприятий о перенесении центра из г. Кзыл-Орды в Алма-Ата создать комиссию под председательством тов. Кулумбетова в составе членов Жолобова, Мусина, Татимова и Носова» (Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағаты, 30-қор, 1-тізім, 704-іс, 59-бума, 5-бет).
Аталған қаулыға сәйкес, 1927 жылдың 3 сәуірінде өткен Бүкілқазақтық VI съезінде Қазақ АКСР-нің Орталық атқару комитеті мен Халық комиссарлар кеңесінің жоғарыдағы қаулысы ресми түрде бекітіледі.
Бұл кезде осы күнгі парламент рөлін атқарған – Орталық атқару комитетінің төрағасы қызметін 20-жылдардағы Қазақстанның өсіп-өркендеуіне зор еңбек сіңірген, әсіресе Қызылорда қаласы астана мәртебесіне ие болғанда оны абаттандыруға зор үлес қосқан қайраткер тұлға Жалау Мыңбаев еді. Өмірден тым ертерек озған (1929 жылы) бұл азаматтың ел тарихында алар орны ерекше.
Қаулы Бүкілқазақтық съезде рәсімделген кезде төраға Мыңбаев Алматы атауының мәселесін біржолата айқындау үшін дуалы ауыз ғылыми қауымның пікіріне жүгінеді. Мәселе көтерілген кезде Қазақстан мен Орталық Азия республикаларында Ғылыми академиясын былай қойғанда, КСРО Ғылым академиясының филиалдары да әлі ашыла қоймаған еді.
КСРО Ғылым академиясы 1926 жылдың қаңтар айында одақтас және автономиялық республикаларды зерттеу жөніндегі ерекше комитет (Особый комитет по исследованию союзных и автономных республик) деген ұйым құрады. Орталық мемлекеттік мұрағаттың 30-қорында «О транскрипции назван. гор. Алма-Ата» деген бірнеше парақтан тұратын тарихи құжат сақталған. Құжаттың оң жақ бұрышында «Приложение к протоколу заседания ОКИСАР-а от 16.ІV. 1927» деп көрсетілген. Мұндағы ОКИСАР – біз жоғарыда атап өткен КСРО Ғылым академиясының жанындағы ерекше комитеттің аббревиатурасы. «Заключение академика В.В.Бартольда по вопросу транскрипции названия гор. Алматы» деген тақырып қойылған небәрі бір абзацтан тұратын құжатты тұпнұсқа тілінде толықтай келтірейік. Онда былай делінген:
«АЛМАТЫ» – слово, образованное из турецкого /или тюркского/ алма «яблоко»; суффикс ты или ту в этом смысле чаще встречается в монгольских образованиях, или в турецких, и слова Алматы в домонгольский период не было; с ХІV века оно встречается часто и, очевидно, понималось в значении «места где много яблок». До возникновения русского города «Верный» /сначала укрепление «Верное»/ местность /города тогда не было/ всегда называлось «Алматы»; тоже самое слово употреблялось в письменной и устной речи местного населения для обозначения города «Верный». Слово «Алма-ата» есть, очевидно, народная этимология, возникшая в после революционное время, очевидно, потому, что не знали значения суффикса ты или ту и потому предпогалали в слове «Алматы» ошибку. Слово «ата» при географических названиях всегда предполагает существование в данной местности могилы святого, чего здесь нет» (ҚР ОМА, 30-қор, 1-тізім, 743-іс, 201-бет).
Академик бұл қорытындыға 1927 жылдың 16 сәуірінде қол қойса да, бұған дейін Алматы тарихын ортағасырлық ғұлама қайраткерлер Бабыр, Дулати шығармаларымен салыстыра зерттеп, оны өзінің Түркістан өлкесінің тарихына қатысты бірнеше еңбегінде жариялаған болатын (суретте). Академиктің жазбаша пікірі келіп түскен кезде Жалау Мыңбаев әлі Орталық атқару комитеті төрағасының қызметінде (ол 28 сәуірде босатылады) еді.
Мұрағатта сақталған Бартольд қорытындысына қызыл сиямен «Необходимо оформить название города «Алмалы» деген бұрыштама соғылып, ажыратып оқуға келмейтін қол қойылған. Хаттың Қазақ ОАК-де тіркелгенін ескерер болсақ, Мәскеуден келген ресми құжатқа төраға Ж.Мыңбаев қана бұрыштама соғуы мүмкін.
Осы бұрыштаманың төменгі жағында: «Юр. на оформление путем законных требований», – деген тағы бір сөйлем жазылған. Мұны жоғарыдағы бұрыштаманы заң шеңберінде рәсімдеу үшін заңгерге берілген тапсырма деп қабылдадық. Заңгер тапсырманы мүлтіксіз орындап, өз қорытындысын жасаған. Онда: «Рассмотрев заявление академика Бартольда, полагаю, что дело идет о переименовании г.Алма-Ата в Алматы, каковое имя лексически более правильно. А так как переименования делаются исключительно ЦИКом Союза и войти с ходатайством туда через ВЦМЕ надлежит КЦИК, то, по моему мнению, переписку надлежит передать в КЦИК для означенного ходатайства. Основание: декрет ВЦИК (С.У.№ 41-23 г. №448)», – делінген (Сонда, 207-бет).
«Юрисконсульт Ненсберг» деп қол қойылған қорытынды тым қасаң, құрғақ тілде жазылған. Заң кеңесшісіне қайдағы бір Алматының тағдыры, атауы бәрібір екендігі айқын көрініп тұр.
Академик Бартольд қорытындысының бұдан кейінгі тағдыры бізге белгісіз. Сірә, 1921 жылдан бері орыстілді қатынас қағаздары мен ресми құжаттарда, баспасөз беттерінде «Алма-Ата» деп жазу дәстүрі орнығып кеткендіктен, Бартольдтің ғылыми дәлелмен ұсынған «Алматы» нұсқасын көп ешкім қаламаған сияқты. Оның үстіне орыс тілі грамматикасы негізінде білім алған адамға «Алматы», «алматынец» деп жазу мен дыбыстаудың орнына «Алма-Ата», «алмаатинец» деп жазу да, айту да әлдеқайда жеңіл.
Мың жылдан астам тарихы бар ежелгі қаланың орыс тіліндегі атауы «Алма-Атадан» «Алматы» болып өзгертілгеніне 30 жылдан астам уақыт өтсе де, бұрынғы атауын аңсайтын отандастарымыздың әлі күнге дейін ортамыздан табылатыны және ара-тұра қоғамдық пікір туғызып, жұртты дүрліктіріп қоятыны өкінішті-ақ. Олардың ішінде «Алматы» атауы қазақ тіліне, жалпы түрік тілдеріне жат құбылыс, бұл моңғол, ойрат тілдерінен қалған сарқыншақ дейтіндер де бар. Шындығында солай ма?
Соғыстан кейін қалыптасқан қазақ топонимика ғылымының төл басында қазақтан шыққан алғашқы география ғылымының кандидаты (1949) Ғали Қоңқашбаев ақсақал тұрды. Ол Қазақстандағы жер-су атауларын ғылыми тұрғыдан жүйелеп, бірнеше ғылыми еңбек жазды. Ғ.Қоңқашбаев өзінің алғашқы зерттеулерінде-ақ еліміздің үлкен қаласы әрі ресми астанасы – Алматы тарихына қалам тартты. Ол 1948 жылы «Қазақ ССР Ғылым академиясының хабарларында» жарияланған «Название города Алма-Ата» деген еңбегінде Алматының арғы-бергі заманындағы кезеңдеріне тарихи-географиялық тұрғыдан шолу жасай келіп: «Слово «алма» по-казахски означает «яблоко». С прибавлением к основе «алма» приставки «ты» получается сочетание «алматы», не свойственное современному казахскому языку, ибо приставка «ты» допускается лишь после корней, оканчивающихся на глухие согласные (тас – камень, тасты – каменный)», – деп жазады.
Ғалым бұдан әрі өз ойын сабақтай түсіп: «Для нас вполне ясно, что приставка «ты» в географических названиях типа «Алматы» является древней формой окончания в группе тюрко-монгольских языков (между прочим, приставка «ты» в ряде монгольских языков сохранилась до сего времени с тем же значением и после гласных – Согуты, Могуты и др.», – деген қорытындыға келеді («Қазақ ССР Ғылым академиясының хабарлары», №58, 2-шығарылымы, 1948, 77-бет).
Ғ.Қоңқашбаев «Алматы» этимологиясын «моңғолдан шыққан» деп тура тартпайды. Қазақ жерінде таза ұлт ұғымнан туындаған «Сілеті», «Бұғыты», «Бұланты» сияқты таза түркілік сипаттағы гидроним, оронимдердің кездесетінін, «Алматының» түбірінен барлық түркі тілдерінде тура сол мағынада кездесетін «алма» сөзі менмұндалап тұрғанын жақсы білетін қазақ ғалымы оның «түркі-монғол» тілдер тобына тән көне жұрнақ екендігіне баса назар аударады. Мұның арғы жағында абайсызда айтылған бір ғана сөз үшін «пантюркист», «ұлтшыл» деген айдар оп-оңай тағыла салатын заманда жасалған саяси сақтық жатуы да мүмкін екендігін жоққа шығаруға болмайды.
Аға буын топонимистерінің бір тобы «Алматыны» «Алматы + тау» деген мағынадан шығарады. Е.Қойшыбаев 1974 жылы жарық көрген «Краткий толковый словарь топонимов Казахстана» атты еңбегінде және 1985 жылы басылған осы кітаптың толықтырылған нұсқасы – «Қазақстанның жер-су аттары сөздігінде» осындай пікірді алға тартады. Кейінгі еңбекте автор: «Алматы» атауын екі сөзден: алма және ту (тау) сөздерінен біріккен деуге болады», – деген тұжырым ұсынады.
Бұл пікірмен де келісу қиын. «Алматы» тау атын білдіретін ороним болса, «+ты» формантымен жасалған қазақ жеріндегі толып жатқан гидроним, зооним, фитоним, ойконимдерді қайда қоямыз.
Зерттеушілерді сарсаңға салып жүрген «-ты» топоформанты қайдан шыққан және бұл қай тілге тән құбылыс? Енді осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік. Қазақтың көрнекті топонимист ғалымы Айтым Әбдірахманов бұл туралы: «Ты, -ті жұрнақтары қазіргі қазақ тілінің заңы бойынша -лы//-лі, -ды//-ді түріне айналып, Алматы емес, Алмалы, Шідерті емес, Шідерлі, Өлеңті емес, Өлеңді түрде болуы керек еді. Бірақ олай болмай -ты//-ті жұрнақтарының сақталуы көне қазақ тілінде де мұндай форманың болғандығын және оның өзі қазіргі -лы//-лі, -ды//-ді варианттарының ең ескі түрі екендігін дәлелдейді» (А.Әбдірахманов Топонимика және этимология. Павлодар, 2010, 66-бет), – деп кесімді пікір айтады.
Тілдік реконструкция тұрғысынан алғанда сөзжасамдағы көнетүркілік «ты» форманты бүгінгі қолданыстағы «лы» жұрнағының бастапқы проформасы.
Ұлттық топонимикадағы жиі кездесетін «-ты» қосымшасының көне түрік тілінің заңды жалғасы – қазіргі қазақ тіліндегі көне жұрнақтың бірі екендігі жөніндегі мәселенің басын біржолата ашып алғаннан кейін соның негізінде жасалған сөздің мағынасына үңіліп көрейік.
Ұзақ жылдар бойы талқыға түскен бұл сұрақтың тоқтамды пікірін танымал лингвист ғалым Телқожа Жанұзақов айтты. Ол: «Сөз соңындағы қосымша -ты жер-су аттарында жиі кездесетін, бір нәрсенің молдығын, көптігін білдіретін көптік жалғаудың көне түрі» (Т.Жанұзақ Қазақстан географиялық атаулары. Алматы облысы. Алматы, 2005, 62-бет), – деп жазады. Егер бұл тұжырымды Алматыға қолданар болсақ, ол – алма жемісі мол өскен мекен. Топонимикалық атау сол жердің географиялық ерекшелігі, флорасы мен фаунасынан туындайды. Алматы – әрі тау, әрі өзен, әрі алмалы өңір. Тіпті, Алматының қос бұрымы сияқты Алатаудан күркіреп аққан, тасығанда тау қопаратын қос өзен – Үлкен және Кіші Алматының түбірі де «алма», яғни жағасында алма жемісі мол өскен фитонимдік әрі гидронимдік атау.
Кейбіреулер «Алматы» деген бір ғана топоним төңірегінде осыншама әңгіме өрбітудің қажеті бар ма?» деп ойлауы да мүмкін. Мұнда үлкен саясат, ең бастысы, елеулі ұлттық мүдде бар.
Эстон халқының тәуелсіздікке ұмтылысы бір әріптен басталғаны мәлім. Эстон КСР-інің Жоғары кеңесі Кеңес одағындағы жариялықты пайдаланып, 1988 жылы 7 желтоқсанда ел Конституциясының орысша нұсқасында мемлекет астанасын бұрынғыдай Таллин емес, Таллинн деп жазу керектігі жайында шешім қабылдайды. Бір ай өтпей жатып Конституцияға ресми түрде тиісті өзгеріс енгізеді. Дәл осы оқиға ел ішінде зор патриоттық, ұлттық өрлеу туғызды. Нәтижесінде, Эстония КСРО-ны таратқан Беловеж оқиғасынан бір жарым жыл бұрын (1990 жылы 8 мамырда) 1938 жылғы Эстон Республикасының Конституциясын қалпына келтірді. Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған кезде Эстония Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшесі болып үлгерген еді. Тілге, ұлттық мүддеге деген бір әріптен бастаған құрмет тұтас ұлтты ұлы мұратына жеткізді.
(«Егемен Қазақстан», 17 шілде, 2023 ж.).