ffin.kz

Моншақты қыз

Моншақты қыз almaty-akshamy.kz

Алқа, жүзік, сырға, білезік, шекелік, өңіржиек, шашбау сынды ұлттық үлгідегі әшекейлер жасауда өзіндік өрнегін қалыптастырған қолөнер шебері Меруерт Ермекованың «Алтын тас» аталатын брендтік бұйымдары әрдайым сұранысқа ие. Байырғы ісмер, шебер аналарымыздың ізін жалғап жүрген Меруерт Үсенбекқызының көненің көзіндей болған кәсіпті заманауи үлгіде жаңғыртып, жалғастырып, дөңгелетіп жүргеніне он жылға жуықтапты. Нәзік те сезімтал саусақтарына ілінген әр моншақты, тасты асқан талғаммен үйлестіре отырып тізіп, бүтін бір бұйым құрап шығару үшін аса төзімділік пен ептілік қажет-ақ. Назарларыңызға қолөнершімен болған мөлтек сұхбатымызды ұсынамыз.




СОЛ БІР КЕЗ


– Сізді қолөнерге ғашық еткен не? Әкеден не түйдіңіз, анадан не алдыңыз?


– Бала кезімнен киіз басуды, кілем то­қуды көріп өстім. Қолдан жасалған зат ерекше ғой. Ауылдағы апаларым киіз басу­ға асарға келгенде қарап отыратынбыз қызықтап. Содан болар, қолөнерге деген қызығушылығым басым болды. Есімім де Меруерт деген тастың аты.


Анам – ұстаз, әкем – зоотехник, екеуі де көзі ашық кісілер. Анам кішкентайымда көз тимесін деп ырымдап мойныма, қолы­ма моншақ тағып қоятын. Кішкентай кезімдегі барлық суретімде мойнымда моншақ бар. Анам белдемше, сарафан, көйлек тігіп беретін. Қыстық шапка, шарф, қолғап, бәрін өзі тоқитын. Қолөнер ғой бәрі де. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген, анамнан алған тәлім-тәр­бием қазіргі осы жұмысым.


Кісі ақысын жемеймін, дұрысты – дұ­рыс, бұрысты – бұрыс деймін, шындықты ұнатамын. Соған қарамастан, қолым ашық, ақкөңілмін. Бұл – әкемнен берілген қасиет.



ЫРЫМШЫЛМЫН


– Ең алғашқы туындыңыз есіңізде ме, ол өзіңізде сақталған ба? Жоғары сұранысқа ие бұйымыңыз қайсы?


– Ең алғашқы жұмысым – ол тастардан жасалған алқа. Сосын оны Instagram-ға салдым. Содан тапсырыс түсе бастады. Демек, алғашқы жасаған алқам сатылып кетті.


Барған жерімде өзімнің жасаған әше­кейлерімді тағып, жарнамалап жүремін, қолымнан білезік түскен емес. Ырымдай­мын көз тимесін деп.


Әшекейден бөлек, ағаштан тарақ, «Жеті ата тақтасын», моншақтан жасалған сувенир ағаштар, тақиялар, тағы да басқа бұйымдар жасаймын. Солардың ішінде есімі жазылған заманауи алқаларға сұра­ныс өте жақсы. Күмістен жасаймыз. Со­сын тастардан түзілетін тәспі, білезік, тұ­марға сұраныс жоғары. Тұтынушының көңілінен шығуға ұмытылып келеміз. Өйткені, жыл сайын жаңа зат шығады. Бәсекелестік көп. Сәннен қалмауымыз ке­рек.



СИҚЫРЫ БАР


– Маған әшекей бұйымдарды үсті- үстіне тағып алатын қейбір қыз-келін­шектер талғамсыз сияқты көрінетіні бар. Әрине, «талғамға талас жоқ», бірақ осы тұрғыдағы көзқарасыңыз қандай? Жалпы, әдемілік дегенді қалай сипатта­ған болар едіңіз?


– Ол рас, трендтен қалмайық деп, әше­кей бұйымдарды жарасса да, жараспаса да таға беретіндер бар қазір. Бұрынғы заман­да сондай үсті-үстіне тағылған заттарына қарап сыған, бақсы деп ажырататын бол­ған ғой. Әрине, өзіңіз айтып отырғандай, «талғамға талас жоқ». Дегенмен, қыз- келіншектердің талғампаз болғаны жақсы. Қыз деген – нәзіктіктің символы. Атына заты сай нәзік болғаны дұрыс. Мысалы, әшекей бұйымдарын көйлегіне, сөмкесіне сәйкестендіріп тақса, анағұрлым жинақы, әдемі көрінеді. Қазір жіңішке алқалар сән­де. Егер мойны қысқа болса, ұзын сырға тақса, мойынды ұзартып көрсетеді. Міне, осындай кем-кетікті жасырып жіберетін «сиқыры» бар әшекейлердің.



ТАБИҒАТ СЫЙЫ


– Жаныңыз жабырқаған сәттері неге сүйенесіз, неден жұбаныш іздейсіз? Өміріңізге серпіліс, ерекше шабыт әкел­ген, кәсібіңізді дөңгелетуге сеп болған бұйымыңыз қайсы? Шабытты қайдан аласыз?


– Табиғатты жақсы көремін. Жаным жабырқағанда табиғатқа шығып, құстар­дың, шегірткенің әуенін тыңдасаң, шіркін! Табиғаттан шабыт аламын. Гүлге қарап отырып, ертеңіне сондай алқа жасаймын. «Жасыл шөптегі гүлдер» деген алқам бар. Тастар да табиғаттың бір бөлшегі ғой. Тас, ауа, су, ағаш, шөп – бәрі табиғат. Қыз-келін­шектер тасы, көзі бар әшекейлерімді көбіне ырымдап алып жатады. Емдік қасиеттері де бар олардың. Мысалы, бирюза – әйелдердің тасы, шунгит – ер адамдарға жақсы. Ал авантюринді байлық шақырады деп ырым­дайды. Гематит қан қысымы жоғары адам­дарға, янтарь зоб ауруына пайдалы. Ай тасы адамның арманын орындайды дейді. Нефрит – мұсылман тасы, бұл тастан көбіне тәспі жасаймын. Аметист, коралл, гранат тастарын да көп сұрайды. Бұл тастардан жасалған әшекейлер қымбат болады, өйт­кені тастары да қымбат болып келеді.



ТӨЗІМ ТУРАЛЫ


– Моншақтарды түзу, тастарды қон­дыру төзімді, сабырды, ептілікті, нәзіктікті қажет ететін жұмыс, үйренгісі келетін жастар жағы қалай, қолөнерді сүйетін қыздар көп пе? Шәкірттеріңіз бар ма?


– Жалпы, қазіргі жастар мұндай жұ­мысты үйренгісі келмейді. Себебі, бұлай күні бойы шұқшиып жасап отырғанша дайынды сатып алғанды дұрыс көреді. Кейбір қыздар болды, үйренемін деп келіп екі-үш күннен соң кетіп қалған. Инемен құдық қазғандай жұмыс қой біздікі. Төзімділік керек. Оған олар шыдамады. Өкінішке қарай, қолөнерге қызығушылық аз. Басын бастап, аяғын тастап кететін «қолөнерші» көп. Үйренемін деуші қыздар болса, әрдайым есігім ашық! Мынау шәкіртім деп нақты ешкімді бөліп-жарып айтпаймын, бірақ білгенімді талай қызға үйреттім.



САҒЫНЫШ


– Біз дәстүрлі қолөнерді қаншалық­ты бағалап, құрметтеп жүрміз?


– Қолөнерді дұрыс бағалап, құрмет­теп, сіздер секілді жазып, дәріптеп жатса, қуанамыз. Себебі, бізде қолөнершілер бағаланбайды. Сәукелені қаншама күн көз майымды тауысып жасаймын, бірақ арзан бағаға сұрайды. Сол секілді, жұмы­сымыз қиын, бірақ бағаланбай көлеңкеде қалып кетіп жатамыз. Көрмелерге шақы­рады, бірақ тұратын орынға ақша тө­лейміз. Ешқашан қолөнерші деп құрмет­теп бір парақ мақтау қағазын да берген емес ешкім. Айта берсек көп қой. Сон­дықтан болар, ешкім қолөнермен айна­лысқысы келмейтіні.


– Не нәрсеге уақыт таппайсыз?


– Кітап оқуға уақыт жоқ болып жатыр. Оқушы, студент кезімізде кітапты кітапха­надан шықпай, күн құрғатпай ауыстырып тұрып оқушы едік. Сол кездерді сағына­мын.


"Аlmaty-akshamу", №87, 22 шілде, 2023 жыл

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

09:38

09:35

09:05

08:58

08:49

08:05

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40