Үйіңіздің жанындағы дүкендегі, базардағы, тіпті онлайн тапсырыспен келетін өнімдердің ағзаңызға қаншалықты пайдалы не зиян екенін ойлап көрдіңіз бе? Өнімді алған кезде оның қайда, қалай шыққанына және сізге қандай жолмен келгендігіне, құрамы қандай екендігіне мән бересіз бе? Балаңыз мектеп асханасында, оның жанындағы дүкендер мен дүңгіршектерде қандай тағам тұтынады?
Бұл сұрақтар денінің саулығын ойлайтын саналы азаматтың көкейінде жүруі тиіс. Халқымыздың «Ауру – астан», «Ішің ауырса, аузыңды тый», «Ас – адамның арқауы» сияқты өмірлік тәжірибеден алған даналығы бүгінгі күннің ауыр зардабын, одан шығу жолдарын бізге айтып тұрғандай.
XX ғасырда батыс қоғамтанушы ғалымдары айтқан «Тұтынушылық қоғамы» деген феномен біздегі өткен ғасырдың 90-жылдары пайда болған «Жабайы капитализм» элементтерімен бірігіп халқымыздың асқа келгенде көрсеқызарлық сезімін оятты.
«Адамның асқазаны миға қарағанда ақылдырақ, себебі ол өзіне керексізін құсып тастайды, ми болса көрінген нәрсені өзіне сіңіріп алады», – депті белгілі жазушы Шыңғыс Айтматов. Жазушының ойын жалғастыра келе «XXI ғасыр: ас – адамның арқауы болудан қалды» деген қорытындыға келуге болады. Себебі, біз не ішіп, не жеп жатқанымызды білмейміз.
Тұтынушылық қоғамның арбауына түскен жеке кәсіпкерлер қаржылай пайда көру жолына түсті де, тұтынушылар, яғни біз жеп отырған тамағымыздың сапасына емес, бағасына аса мән беруді әдетке айналдырдық. Ал негізі деніміздің саулығына тамақ өнімдерінің сапасы тікелей әсер етеді.
Ет жемейтін қазақ жоқ. Ал бірақ біз Алтын Орда мен Көк базардан ет алатын уақытта сол сиыр, не жылқы, әлде қой етінің осы павильонға қалай келгенін ойламаймыз. Ол төрт түлік қандай жем- шөппен, сумен қоректенді, оның ет павильонына келгенге дейін және онда сақталуы, сөреде тұруында санитарлық нормалар сақталу не сақталмауына мән бермей келеміз. Сондай-ақ, үйге әкелгенде етті қалай сақтау қажет, оның ағзамызға пайда беретіндей сақтау мәселелері де назарымыздан тыс қалып отыр. Міне, осы және өзге де сұрақтарға «тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі» саласы жауап береді.
Бұл жерде тамақ өнімі, оның қауіпсіздігі және оның азық- түлік қауіпсіздігімен қандай байланысы бар деген орынды сұрақ туындайды.
«Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының заңы 2007 жылдың 21 шілдесінде қабылданған. Заңға сәйкес тамақ өнімдеріне шикiзат, тамақ өнімдері, арнайы мақсаттағы тамақ өнiмi, ауызсу, адам тұтынатын тамақ қоспалары және тамаққа биологиялық активті қоспалар, адам үшiн тамақ көздерi болып табылатын жануарлар пайдаланатын азық және азық қоспалары жатады.
Ал қолданыстағы біздің заңнама тамақ өнімдерінің қауіпсіздігіне: «қауіпті фактордың іске асу ықтималдылығы мен оның салдарының ауырлық деңгейінің ұштасуы ескеріле отырып, адам өмірі мен денсаулығына зиян келуімен және тұтынушылардың заңды мүдделерінің бұзылуымен байланысты тамақ өнімдерін әзірлеудің (жасаудың), өндірудің (дайындаудың), айналымының, кәдеге жаратудың және жоюдың барлық процестерінде (сатыларында) жол берілмейтін қатердің болмауы», – деп анықтама береді.
Сондай-ақ, мұнда тамақ өнімдерінің және азық-түлік қауіпсіздігінің аражігін ажыратып алу қажет. Азық-түлік қауіпсіздігі дүкен сөрелерінде және базарларымызда азық- түлік тапшылығын болдырмауды қамтамасыз етсе, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі сол азық-түліктің сапасына мән беріп, адам ағзасына зиянын анықтап оны жоюды көздейді.
«Ауру – астан...»
Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша күніне 1,6 млн адам ағзаға қауіпті тамақ өнімдерін тұтынудан ауырады, күніне 5 жасқа дейінгі 340 бала тамақ өнімдерінен туындайтын аурулардан қайтыс болады. Сондай ақ, адамдар диарея және өзге де онкологиялық 200-ге жуық ауру түріне қауіпті тағамдарды тұтынғаннан шалдығады.
Ағзаға қауіпті тамақ өнімдерін тұтыну тамақтан улануға да алып келеді. Мысалы БҰҰ-ның 2019 жылғы мәліметі бойынша жылына 100 мыңнан астам адам тамақтан уланып, салдарынан жылына 95 млрд АҚШ долларына шығын келеді.
Қауіпті тамақ өнімдерін тұтынудың адам өміріне зиян екенін түсініп 2018 жылы БҰҰ 7 маусымды «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі күні» ретінде жариялады. Бұл күнді белгілеудің маңызды екенін өмірдің өзі дәлелдеді. 2019 жылдың аяғында Қытайдың Ухань қаласында пайда болған коронавирус ауруы бүкіл адамзатты тығырыққа тіреді. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус теңіз өнімдерін дұрыс тұтынбағаннан пайда болды деген тоқтамға келді.
Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының 2021 жылғы мәліметі бойынша әлемде 6–8 млн адам індеттен қайтыс болған. Бұл сан 2022 жылы 15 млн-ға өскен. Індет әсерінен әлемде адам капиталына толассыз зиян келді. Адам шығынынан бөлек, ауруға шалдыққандардың денінің саулығына кері әсер етті.
Заң бар, тәртіп жоқ
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық- эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметі бойынша өткен жылдың алғашқы 7 айында елде ішек инфекциясынан жаппай уланудың 25 жағдайы тіркелген. Барлығы 461 адам зардап шеккен, оның 101-і балалар. Тамақтан улану жағдайының 22-сі қоғамдық тамақтану орындарында тіркелген.
Комитет мамандарының айтуынша, тамақтан улану мен ішек инфекцияларының негізгі себептеріне жеке бас гигиенасы ережелерін сақтамау, тамақ дайындау технологиясын, температура режимін бұзу, оларды тасымалдау мен сақтау шарттары жатады.
Осы тақырыпқа орай 8 маусымда Еуразия ғылыми- зерттеу институты қабырғасында ғылыми-танымдық іс-шара ұйымдастырылды. «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі әркімнің ісі» тақырыбындағы ғылыми-танымдық дәрісті сала маманы, PhD доктор Лаура АУТЕЛЕЕВА өткізді.
Лаура Төлегеновнаның айтуынша елімізде тамақ өнімдерінің қауіпсіздігіне қатысты қордаланған мәселелер көп. Әсіресе, сарапшы осы саланы бақылауға тиіс мемлекеттік органдардың қызметтерінің бірін-бірі қайталауы, тамақ өнімдерінің экспертизасы жөнге қойылмағандығы және тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ортақ жұмыстық жоқтығы, халықтың ақпараттану деңгейінің төмендігі сияқты мәселелерді атап өтті.
Сондықтан сала маманы тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін бір орталықтан реттейтін және тікелей Президентке бағынатын агенттік құрып оған ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінің ветеринарлық-санитарлық қызметі мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің санитария-эпидемиологиялық бақылау қызметтерін беруді ұсынады. Маманның пікірі бойынша ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінің карантиндік-фитосанитарлық инспекциясының қызметін агенттік ішінде ветеринарлық-санитарлық қызметке беру және агенттік атқаратын жұмысқа академиялық ортадан тартуды ұсынылды.
Сала маманы төрт түлік малдың микробқа қарсы дәрілері ешқандай рецепсіз берілетінін және де ветеринарлық, гормоналдық дәрілер бақылаусыз қолданылатынын айрықша атап өтті.
Сонымен қатар, маман онлайн тапсырыс беру мен жеткізу саласын мемлекеттік реттеу қажет екенін айтады. Расымен қазір экономиканың жаңа саласы қарқынды дамуда. Платформалы экономика және E-commerce салалары қарқынды өсіп келеді. Пандемия да бұл салалардың дамуына оң әсер етті. Қазір Wolt, Glovo, «Рядом», Arbuz, Magnum Go, Instashop, «Дастархан 24» и ForteFood сияқты онлайн платформалардан тапсырыспен азық-түлік, тамақ өнімдерін алмаған адам кемде-кем. Бірақ ондағы тамақ өнімдері мен азық-түліктің сақталуы, дүкен немесе қоймалардан сіздің үйге дейін алып келгенде санитарлық нормалардың сақталуы сияқты өзекті мәселелер қазір бақылаусыз.
Бұдан бөлек, біздің қоғамда энергетикалық сусындардан да деніміздің саулығына қауіп төніп тұр. Қазір энергетикалық сусындар ішу сәнге айналып барады. NielsenIQ компаниясының сарапшыларының зерттеуі бойынша Қазақстанда пандемия кезінде (2020 ж. наурыз – 2021 ж. ақпан аралығы) энергетикалық сусындардан түсетін табыс 42%-ға өскен.
Осы аралықта энергетикалық сусындар бес алкогольсіз сусындар ішінде төртінші орыннан екіншіге көтерілген. Сарапшылар мұның себебін энергетикалық сусындардың жастар арасында танымал болуымен түсіндіреді. Ал энергетикалық сусындардың ішінде Gorilla алдыңғы орында. Оның нарықтағы үлесі 2%-ға, ал сатылым 64%-ға өскен.
Энергетикалық сусын адамға қысқа уақытқа күш береді. Бірақ оның ағзаға зияны көп. Сусынды шектен тыс ішсе оның құрамындағы кофейн жүрекке қауіпті. Ал кофейн мен су құрамындағы қант пен көміртегі диоксиді адамның асқазаны мен бауырына зиян. Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы қарапайым адамға түсінікті ақпараттың жоқтығы да өз алдына бөлек әңгіме. Осы орайда, қазіргі заманғы технологияларды қолданып халыққа түсінікті тілде ақпараттық материалдар жасалынса деген ниет бар.