Бүкіл әлем топырақ пен балшық жеуге үйір
Топырақ пен балшық жеу өзіңді жақсы сезіну мен жас көрінудің бір жолы. Осылай деп ойлайтын адамдар топырақты (кесекті) ерекше тәбетпен, құшырлана жеуді әдетке айналыруда. Бірақ осы әрекеттері арқылы өздерінің денсаулықтарына қауіп төндіріп жатқанынан хабардар ма екен?!
TikTok-та кәдімгі топырақты сүйсіне, тіпті қараған адамның тәбеті ашылардай етіп жеп жатқан видеолардың мыңдағаны түрі тарап жатыр. Олар осы әрекеттері арқылы ата-аналарды балаларына топырақ жеуге рұқсат етуге де шақыруда. Кейбір адамдар топырақ жеу иммунитетке жақсы әсер етеді, тіпті әжімдерді кетіреді деп санайды. Оның пайдасы бар-жоғына бас қатырмай, дымқыл топырақты, сазды, кесекті, тіпті, құрылыста пайдаланатын сылақтың (штукатурканың) дәмін жақсы көріп жейтіндер жетіп артылады. Мұндай біртүрлі тренд қайдан пайда болды, осылай жасап жүргендерге қандай зиян бар және неге көптеген адамдар саз бен балшықтың пайдалы қасиеттеріне сенеді? Бүгін осы тақырыпты өрбітіп көрсек.
«Ылғал асфальт пен дымқыл жердің тамаша дәмі»
«Балаңыздың немесе өзіңіздің ішектеріңіздің жұмысын қалыпқа келтіріп, денсаулығыңызды реттегіңіз келе ме? Онда топырақ жеңіз!». Осы сипаттағы видео-үндеуді әлеуметтік желілерде Стефани Адлер есімді нутрициолог жариялаған екен. Оның жариялаған видео-үндеуін ары қарай жалғастырып қарасақ, шөп үстінде ойнап отырған бір жас шамасындағы бала жерден топырақ алып, оны аузына апарғанын көруге болады. Одан ары «Бір шай қасық топырақтағы микроорганизмдердің көптігі соншалық, Жер бетіндегі адамдардың санынан да асып түседі», - деген нутрициологтың шаттана айтқан дауысын естуге болады.
Бұл жердегі мәселе, топырақты сол күйінде жеуге шақыратын Адлердің жалғыз еместігінде: бүкіл әлемде «балшық диетасын» ұстанатын миллиондаған адамдар бар.
Кесек кемірушілер қатары көбеймесе, азаяр емес. Маркетплейстерде «жеуге арналған топырақ» саудасы қызу өтеді. Урал, Донбасс, Өзбекстан мен Қазақстаннан жеткізілген топыраққа сұраныс ерекше жоғары екен. Сатушылар өз тауарларын экологиялық таза өнім, құрамында пайдалы заттар көп екенін айтып мақтайтын көрінеді. Дейтұрғанмен, сөз соңында топырақтың жеуге арналмағанын айтып, ескерткен сыңай танытатындары тағы бар. Демек, оның денсаулық үшін пайдалы екені де дәлелденбеген болып шығатыны анық. Сатып алушылардың, яғни саз-балшықты немесе кесек жеушілердің қалдырған пікірлеріне қарағанда, олар ескертулерге мән бермейді, болмаса, оны тіпті оқымайтын да болулары керек. Бірақ топырақ жеушілердің көбі өздері тұтынатын өнімге жақсы пікір қалдырады екен:
«Сырты жақсы оралған, бірақ ешқандай дәмі жоқ. Топырақ дәмін сезінгім келген, бірақ ойымдағыдай болмай шықты», «Бұны қайдан қазып әкелетіндеріңізді білмеймін, бірақ өте дәмді!», «Дәмі ылғал асфальтқа келеді, иісін айтсаңызшы!», «Топырақты бірінші рет жеп көруім. Жасыл түріне тапсырыс бергем. Көптен бері былай рахаттанып көрмеппін. Егер қытырлатып бірдеңе жегенді ұнататын болсаңыз, алып жеп көріңіздер» - деген түрлі пікірлер қалдырыпты.
Денсаулық үшін бір қасық балшық
Әлеуметтік желіде топырақ жеу сәнге айналғанына көп бола қойған жоқ. Бірақ бұл трендтің барына біраз болды. 2016 жылы баламалы медицина жақтаушысы, арнайы сертификаты бар диетолог Джош Экстің «Балшық же» деген кітабы біраз дау тудырған еді. Күмәнді әдіс-тәсілдерді жақсы көретін автор топырақтағы микроорганизмдер адам үшін жай ғана маңызды емес, тіпті өмір сүру үшін аса қажет деп санайды. Оның айтуынша, балшықтағы микроорганизмдер тоқ ішек пен бауыр жасушаларын қоректендіреді, зиянды бактерияларды жойып, иммунитеттің қорғаныс функцияларын жақсартады, әжімдермен, безеулермен күреседі, тіпті салмақ жоғалтуға көмектеседі-мыс.
Джош Экс оқырмандарына күн сайын азғантайдан болса да топырақ жеп тұру керектігін айтады. Оның айтуынша, ең тиімді дозасы – 500 миллиграмм, немесе шай қасықтың 1/10-і.
Күнделікті топырақтың осындай бөлігін алу үшін диетолог көкөністер мен жемістерді жумай жеуге кеңес береді. Оларды өсіп тұрған жерінен жұлып алып, сол күйінде жеуге немесе фермерлер базарларынан сатып алуды ұсынады.
Әрине Экстің бұл кеңесі дәрігерлердің гигиена жайлы талаптарына сай келмейді, алайда 2011 жылы Корнель университетінің бір топ ғалымдары топырақта болатын микробтар токсиндерден, паразиттер мен патогенді микрорганизмдерден қорғайтынын анықтады. Шын мәнінде ғалымдар мұның жай гипотеза екенін айтты. Оны кеңірек зерттеу керек, бірақ оның әзірге ешқандай ғылыми негізі жоқ.
Адамдар топырақты не үшін жейді?
Топырақ, балшық, бор немесе күлді жеу ғылыми тілде геофагия деп аталады. Геофагия белгісінің алғашқы жазбаша сипаттамасын Гиппократ екі мың жылдан астам уақыт бұрын жасаған, бірақ адамдар топырақта одан бұрын да жеген. Кейбір халықтар аштықтан азық-түлікке топырақ қосып жесе керек, ал кейбіреулері мұны діни және мәдени себептермен жасапты.
Қазіргі заманғы медицина геофагияны әдеттен тыс нәрсе деп санайды және оны бірнеше психикалық ауытқулардың белгілеріне жатқызады. Алайда, әк немесе топырақ жегісі келетіндердің психикалық денсаулығына байланысты проблемалар болмауы керек. Мұның басқа түсіндірмелері бар. Мысалы, Корнель университетінің диетология кафедрасының профессоры Сера Янг үш мүмкін нұсқаны келтіреді.
1. Ашығу.
2. Ағзада пайдалы элементтердің жетіспеушілігі. Мысалы, темір.
3. Паразиттер, қоздырғыштар мен өсімдік токсиндерінен қорғану.
Янг бірінші гипотезаны себепке жатқызбады, өйткені аш адамдар, әдетте, тамақ қажет болса да, асқазанды топырақпен толтырмайды. Сонымен қатар, бор немесе сазды жеуге деген құштарлық ашыққанын сезбейтін және көп тамақтанатын адамдарда пайда болуы мүмкін.
Янг қоректік заттардың жетіспеушілігі туралы нұсқаның да екіталай екенін атады. Сонымен бірге ол топырақ жейтіндерге анемия диагнозы жиі қойылатынын атап өтті. Алайда Янг бұл геофагияның себебі емес, оның салдары деп санайды. Яғни топырақ немесе сазды жеу анемияға әкеледі.
Зерттеулер көрсеткендей, топырақ пен балшық темір мен калий сияқты қоректік заттардың қанға сіңу процесін бұзады. Бұл олардың ағзаға сіңуін қиындатады. Янг егер адамдар анемияға байланысты топырақты жеуге құмар болса, оны жасөспірімдер мен қарт адамдар жиі жасайтын еді, өйткені олар әдетте қоректік заттардың жетіспеушілігін сезінеді. Бірақ іс жүзінде топырақ жеушілер негізінен олар емес, жүкті әйелдер мен мектеп жасына дейінгі балалар.
Бұл топтардың арасында геофагия өте кең таралған. Диетологтың айтуынша, жүкті әйелдер мен балалардағы топырақ жеуге деген құштарлық оларды паразиттер мен өсімдік токсиндерінен қорғау үшін эволюция процесінде пайда болуы мүмкін. Янг балшықтың (кесектің) улы заттарды тартуға және оларды денеден шығаруға бейім екенін түсіндірді. Алайда, сарапшы бұл қасиетіне қарамастан, топырақты (сазды) қауіпті заттарға қарсы әмбебап зат деп атауға болмайтынын атап өтті. Себебі, мұны растайтын клиникалық сынақтар жүргізілмеген.
Саз-балшық жеудің салдары қандай?
Рединг университетінің (Ұлыбритания) диетология профессоры Гюнтер Кунке егер жейтін саз-балшықтың жағымды әсерлері болса, айтарлықтай емес деп санайды. Ол, біріншіден, олар дәлелденбегенін, екіншіден, кез келген жеуге болмайтын заттарды жеудің ықтимал қауіптері болжамды пайдадан әлдеқайда жоғары екенін түсіндірді.
Топырақтың токсиндерден қорғау қабілеті дәлелденбеген, бірақ оның өзі улы болуы мүмкін екендігі нақты әрі белгілі дүние.
Диетолог топырақта ауыр металдар, өрістерді ұрықтандыратын пестицидтердің қалдықтары, сондай-ақ паразиттердің барлық түрлерінің жұмыртқалары жиі кездесетінін атап өтті. Ол сатушылар «жеуге жарамды топырақты» сатушылар өнімнің тазартылғанына және қауіпсіз екеніне сендіретінін, бірақ солай екен деп, сеніп қалуға болмайтынын ескертеді. «Балшық, саз және бор жейтін заттар емес, сондықтан олар қауіпсіздік талаптарына сай тексерілмейді», — деп ескертті диетолог.
Сонымен қатар, тіпті «таза» және ластанбаған сазды топырақты жеу анемияны тудырады. Бұл тамақ арқылы ағзаға енетін темірдің сіңуіне жол бермейтіндіктен болады. Сондай-ақ, балшық ішекке еніп, іш қатуды, бітелуді және сирек жағдайларда панкреатитті тудыруы мүмкін. Ақырында, стандартты емес тамақтану әдеттері тістерге зиян келтіреді және эмальдың тұтастығын бұзады.
Янг топырық пен саз-балшықты сауықтыру үшін жеудің қажеті жоқ екенін атап көрсетеді, өйткені бүгінде токсиндер мен минералдардың жетіспеушілігімен күресудің қауіпсіз жолдары бар. Алайда, топырақ пен саз-балшықты жеуге деген құштарлықта тұрған таңқаларлық немесе патологиялық ештеңе жоқ екеніне диетолог сенімді, өйткені бұл көптеген адамдарда кездеседі.