Ғылыми ортада жүрген соң түрлі жобалар қаралып, түрлі тақырыптар қорғалып жатады. Әрине, бәрі есте қала бермейді. Бұрын талқыға түспеген, кездесе бермеген қызықты дегендері көңіл түкпірінде қалып қояды. Сондай бір жұмысты 2010 жылы кездестірдім. «Қазақстандағы ұлттық идеяның рухани-адамгершілік негіздері (әлеуметтік- философиялық талдау)» деп аталатын диссертациялық еңбек. Авторы қаламгер Болатбек Төлепберген деген жігіт екен. Жетекшілері – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетіне қарасты Философия, саясаттану және дінтану институтының сол кездегі директоры, ҚР ҰҒА академигі, философия ғылымының докторы, профессор Әбдімәлік Нысанбаев ағамыз бен философия ғылымының докторы, профессор Бақытжан Сатершинов әріптесім.
Ізденіс нәтижелері
Талқыға түскен диссертация – ұлттық идея мәселесі қазақстандық қоғамдық сананы үнемі мазалап келе жатқан өзекті тақырыптардың бірі. Әрі әлі күнге дейін өзекті. Жұмысты қорғау процесі барысында талқылаулар ұзаққа созылып, қызу пікір алмасу болды. Бейре сми түрде пікір білдірушілер қарасы да қалың еді. Рецензенттер де орынды сын-пікірлер білдірді. Диссертация сәтті қорғалуы үшін ондағы ұғымдар лайықты жұмыс істеуі мен барлық жанама ұғымдар негізгі ұлттық идея түсінігін ашып тұруы керектігі айтылды.
Әрбір кезеңнің ұлттық идеясының өз түсінігі бар. Мысалы, ерте түркі дәуіріндегі Орхон-Енисей жазбаларынан және түркі ойшылдарының ілімдерінен көрінетін, Алтын Орда дәуіріндегі қазақ-ноғай жырларынан аңғарылатын, отаршылдық кезеңдегі қилы заман және зар-заман ақын-жырауларының шығармашылығынан байқалатын, ұлттық ояну кезеңіндегі Алаш қозғалысы мен идеясынан көрініс табатын тәуелсіздік тұсында қоғамдық топтастырушы идеялардан тамыр тартатын ұстындар. Осы кезеңдердегі ұлттық идея ұғымының эволюциясы, яғни логикалық пен тарихилықтың бірлігі аталған еңбектен айқын аңғарылыпты.
Жалпы, жұмыстың теориялық деңгейі жоғары, нақты. Ұлттық идеяны талдаудағы автордың білімі мен ұстанымы маған ұнады. Ұлттың философиялық және саясаттанулық түсінігіне тереңірек талдау жасалған. Өйткені, ұлттық идеяның түбірін ұлт құрайтыны айтпасада түсінікті. Философия тарихындағы ойшылдардың ұлт туралы көзқарастарын көбірек келтіргендіктен де зерттеудің ғылыми қуаты артқан.
«Алаш» идеясы мен қозғалысына Болатбектің жеке әрі мейлінше кең тоқталғаны қызықтырды. Бұл түсінікті де, өйткені «Алаш» идеясын қазақ ұлттық идеясының шыңы деп қарау керек. Бүгінгі күні біз Алаш қайраткерлерінің қалдырған мұрасын түгел игердік деп айта алмаймыз және олардың көзқарастарын жаңаша қайта бағалау – отандық ғылым мен философияның алдындағы кезек күттірмейтін міндеттердің бірі. Өткен ғасырлар мен ағымдағы мыңжылдықтардың тоғысындағы тарихи және әлеуметтік-мәдени ахуалдың көптеген ұқсас белгілері бар, сондықтан да Алаш көсемдерінің көтерген ұлттық идеялары қазіргі кезде де өзекті. Осы тұжырым және басқа да көптеген көкейтесті ойлар зерттеу жұмысында орнықты орын алғаны қуантты. Жұмыс бірнеше, тіпті ондаған жылдар бойғы ізденістің нәтижесі екен.
Жалпы, бұл еңбек мемлекет үшін де, қоғам үшін де, ғылым үшін де сұранысқа ие әрі маңызды, әрі өзекті тақырып екендігі даусыз. Сондықтан ұлттық идеяның адамгершілік-рухани негіздерін әлеуметтік-философиялық тұрғыдан зерттеу маңызды шаруа болып табылады. Зерттеу тақырыбының өзектілігі мен оның ғылыми жаңалығы жалпы еліміздің келешек дамуына қатысты мемлекеттік бағдарламалармен тығыз байланысты.
Қоғам құндылықтарын анықтайтын мұрат
Ұлттық идея – мақсаттар мен мұраттардың тұтастығы. Ұлттық идея – бұл қоғам құндылықтарын анықтайтын мұрат. Қазақстанда өз еліңді гүлдендіруге, келер ұрпаққа қолайлы жағдай жасауға тырысу ұлттық идеяға айналды. Қазақтың сана-сезiмi өткендегi, қазiргi және болашақтағы – тарихтың толқынында өзiнiң ұлттық «МЕН» дегiзерлiк қасиетiн түсiнуге тұңғыш рет ендi ғана мүмкiндiк алып отыр. Бiрақ бұл мүмкiндiк қана: ол шындыққа, тек қазақтардың ғана емес, барлық қазақстандықтардың жаппай санасына орныққан фактiге айналуы өмiрлiк мәнi бар шындық.
Ұлттық «менді» қалыптастыратын тетiктер мен ықпалдар сан алуан. Оған көшедегi қаптаған жарнамалардан бастап, ендi ғана дүние есiгiн ашқан сәбидiң құлағына естiлетiн ән мен үнге дейiн кiредi. Солардың бәрiнiң басын қосатын, бәрiн өгiздей өрге сүйрейтiн құдiрет Ұлттық Идея деп бiлгенiмiз жөн. Ойы онға, санасы санға бөлiнiп отырған қазаққа ортақ ұлттық идеяны таба қою оңай мiндет емес. Ол әлi күнге дейiн табылған да жоқ. Ал қажеттiгiн отансүйгiш рухтағы әрбiр қазақстандық азамат сезiнiп отырғаны айдай ақиқат.
«Армансыз адам – қанатсыз құспен тең», – дейдi халқымыз. Ендеше, ұлттық идеясыз қала берсек, қанатсыз ұлтқа айналарымыз сөзсiз. Ұлттық идеяны таппайынша, елде жүрiп жатқан реформалар қарын тойдырудың ғана мiндетiн атқарып шығатындай көрiнедi. Ұлттық идеясы жоқ Қазақстанда өмiр сүру қазақтан басқаның бәрiне майдай жағатын шығар, бiрақ түптiң түбiнде өкiнiште қалатыны – қазақтар. Өзiн-өзi жарылқамағанды басқалар ұшпаққа шығарады деудiң еш қисыны жоқ. Көлдей жайылып келе жатқан жаhанданудың табанында жаншылып қалмау үшiн де ұлттық идеяның өзектiгi мен қажеттiгi күн санап артып келедi. Демек, қарап отыруға болмайды.
Қазақстанның тәуелсіздік барысында ұлттың өзіндік бірегейлігі мен елдің мәдени тұтастығы да осы ұлттық идеяны қалыптастырумен байланысты. Жаhандану жағдайында толық тәуелсіздікке жету үшін ұлттық дүниетанымдық қайнарларды қайта қалпына келтіре отырып, қоғамның өзіндік тарихи санасын қалыптастыру керек. Тақырыптың осындай өзектілігі авторды осы бағытта ғылыми зерттеу жұмысымен айналысуға сеп болғаны анық. Жұмыс арнаулы әдебиеттер мен дереккөздерді лайықты қолдана отырып, тарихи-мәдени мұраны, аталған тақырыпқа қатысты қазіргі гуманитарлық білімді мұқият зерттеу негізінде жазылған екен.
Енді Болатбектің еңбегінде зерделенген бұл әрбір ғылыми тұжырымының түйіндері мен қорытындыларының дәйектелуі мен шынайылығына назар салсақ. Автор зерттеудегі негізгі ұғымдарды талдайды, олардың әлеуметтік-философиялық түсінігін береді, ұлттық идеяның қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары мен арнаулы ғылыми әдебиеттердегі сарапталуын зерделейді. Талдау барысындағы жыл сайынғы мемлекеттік маңызды бағдарламалар мен ұлттық жобалар еңбектің негізгі дереккөздерін құрайды. Қазақ халқының рухани және тарихи-әлеуметтік дамуы аясындағы ұлттық идеяның эволюциясын ашу үшін қазақ тарихының әрқилы кезеңдеріндегі ұлттық идеяның көтерілуі пайымдалады. Ұлттық идеяға қатысты Ә.Н.Нысанбаев, Ғ.Есім, М. Құл-Мұхаммед, А.Сейдімбек, М.Қойгелдиев, Х.Әбжанов және т.б. ғалымдардың құнды пікірлерінің маңыздылығына тоқталады.
Жоғарыда айтқандай, еңбектегі ерекше айтар, көңіл тоғайтатын жаңалық – «Алаш» идеясының мазмұны мен мәнінің ашып көрсетілуі. Алаш қозғалысының көрнекті өкілдері – Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабай, М.Дулатұлы және т.б. алашшыл қайраткерлердің өмірі мен шығармашылық қызметтері, жүргізген күрестері мен қайғылы тағдырлары арқылы өрнектейді. Алаш идеясының заңды жалғасын автор одан әрі сабақтайды. Кеңестік дәуірдегі қазақ халқының басына келген антропогендік апатты бағамдау және тоталитаризмге қарсы ұлттық рухтағы жастар қозғалысының, 1950–1980 жылдары заңды түрде әділет мекемелерінен тіркеуден өтпеген жас буын өкілдерінің қоғамдық және саяси ұйымдары, партиялар мен топтары-ның – Қарағандыдағы жастардың ЕСЕП («Елін сүйген ерлер партиясы»), Павлодардағы «Жас ұлан» бірлестігінің, Алматыда құрылған «Сары-Арқа» тобының, «Жас қазақ», «Тайшұбар» және Мәскеуде оқып жүрген қазақ студенттерінің «Жас тұлпар» ұйымының қызметін, Хасен Қожа-Ахмет, Махмет Құлмағамбетов, Азамат Жәкібаев тәрізді диссиденттердің әрекетін, сондай-ақ «Желтоқсан» оқиғасы сынды құбылыстарды талдайды.
Болатбек Төлепберген еңбегінің қорытындысында: «Қазақ халқының рухани мәдениеті мен тарихи санасын жаңғырту барысында әлемдік жалпы адамзаттық рухани құндылықтармен қатар, қазақ халқының да философиялық мұрасын игеру қажет», – деген тоқтамға келеді. Жаhанданудың ұлттық рухани мәдениеттерге ықпалын, елімізге тән даму ерекшеліктерінен мінсіз саяси үлгі құруды бүкіл дүниежүзілік трендтермен ұштастыруды, ұлттық идеология құру мен отаншылдық рухты егуді талдау арқылы дәйектеледі.
Соны әрі жаңашыл түйіндер мен тұжырымдар жасаған
Автордың еңбегінде сараланған әрбір ғылыми тұжырымының түйіндері мен қорытындыларының жаңалығы бар. Өйткені, ұлттық идея туралы, оның мәні мен мазмұны жөнінде бұқаралық баспасөзде де, арнаулы әдебиеттерде де көп сөз болды, дегенмен олардың зерттелу деңгейін автор өз ұстанымы бойынша талдайды. Ал халқымыздың тарихи және мәдени дамуы барысындағы ұлттық идея ұғымдарының жетілуі рухани-адамгершілік тұрғыда еңбекте алғаш рет арнайы зерделенген.
Басты жаңалық – «Алаш» идеясын қазақ ұлттық идеясының даму тарихындағы ең маңызды да өзекті етіп көрсетудегі автордың ойлары мен пікірлері тың екенін атап өту керек. Осы Алаш идеясының заңды жалғасы кеңестік кезеңде тыйым салынып келген ұлттық бағыттағы қозғалыстар мен ұйымдардың жасырын саяси әрекеттеріне қатысты көпшілікке белгісіз болып келген мұрағат материалдары мен қызықты мәліметтер келтіріліп, сараланады. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақыттағы Қазақстандағы ұлттық идеялар туралы көп айтылып, ұсынылып, жазылып, туындаған түрлі пікірталастар жеткілікті таразыланған. Автор ғаламдасу жағдайындағы ұлттық мәдениет пен төлтума құндылықтардың сақталуына байланысты соны әрі жаңашыл түйіндер мен тұжырымдар жасаған.
Болатбек Төлепберген аталған еңбегін Философия, саясаттану және дінтану институтында сәтті қорғаған соң, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің арнайы комиссиясына Астанаға шақырылып, екінші рет өз жұмысының жаңалығын дәлелдеп берд і . Кандидаттық диссертациясын «Ұлттық идея – тәуелсіздік тұғыры» атты кітап етіп шығарып, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, саясаттанушылар қатысуымен пікірталас ұйымдастырды. Ұлттық идея бағытында жазған бұдан кейін де жиырмаға жуық кітабы жарық көрді. Таңдап алған тақырыбын теориялық тұрғыдан таразылап қоймай, оны іске асырушы практик ретіндегі жұмыстары өз алдына. Қоғамдық ұйым құрып, Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен бірқатар ұлттық жобаларды жүзеге асырды.
ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығы мен Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері, ҚР Мәдениет қайраткері, философия ғылымының кандидаты, «Шалқар» радиосының директоры, білікті ұйымдастырушы, қарымды қаламгер Болатбек Төлепберген ініміздің қазақтың ұлттық идеясын ұлықтау жолындағы ісі берекелі, ғұмыры мерекелі болсын деген тілек қосамын!
«Аlmaty-akshamy», №11, 9 ақпан