Әрбір тұлға балалық шағы болды. Ал бала қашанда есте қаларлық сәт. Ендеше біз білетін танымал тұлғалардың балалық шағы жайлы қызықты деректер:
Физик-теоретик, қазiргi физиканың негiзiн салушылардың бiрi Альберт Эйнштейн де сабақты нашар оқыған. Оның ата-анасы таныстарына баласынан болашақта еш үмiт күтпейтiндерiн айтқан. “Ең болмаса өзiн-өзi асырай алатын жұмыс тапса, жақсы болар едi...” деп ұлының келешегіне алаңдаған көрінеді.
***
Ұлыбританияның белдi де беделдi қайраткерiнiң бiрi Уинстон Черчилль математикадан түкке түсiнбейтiн, сабақты оқымайтын оқушы болыпты.
***
Мультимиллионер, “Virgin Group” корпорациясын құрушы Ричард Брэнсон екi сөздiң басын құрап айта алмапты. Тақтаға шақырған сайын кекештенiп, қызарып шыға келедi екен.
***
Орыс ақыны Владимир Маяковскийдiң де сабақ үлгерiмi нашар болған. Жаман оқығаны соншалық – “Анна Каренинаны” соңына дейiн оқып бiтпеген. Елге танымал ақынның ол жағын өскелең ұрпаққа бiлдiртпеу үшiн ешкiм ауыз ашпаған. Бұл Кеңес одағының жазылмайтын бiр заңы едi.
***
Практикалық космонавтиканың негiзiн қалаушы, ғалым, конструктор, “Восток”, “Восход” ғарыш кораблiн ұшырушы Сергей Королев мектепте сабақты “үшке” оқыған.
***
Антон Чехов гимназияда оқып жүргенде екi рет екiншi жылға қалыпты. Бiрақ онысына қарамай, дәрiгер де, атақты жазушы да болды. Ақын Александр Пушкиннiң де оқу үлгерiмi нашар болыпты. Арифметика сабағында есеп шығара алмай, жылап отырады екен. Атақты орыс химигi Дмитрий Менделеев те сабақ оқып жарытпапты. Тек математика мен физикаға ғана көңiл бөлген.
***
Университетте оқып жүргенде Лев Толстой емтихандардан “бiр” деген баға алған. Бiрақ онысына қарамай, “Әлiппенiң” авторы болды. Мектеп ашты, әлемге белгiлi “Анна Каренина” мен “Соғыс пен бейбiтшiлiк” шығармаларын жазды.
***
Ресей Федерациясының бiрiншi президентi Борис Ельцин 7-сыныпқа дейiн жақсы оқыған. Ал 7-сыныптан кейiн тәртiбi үшiн мектептен қуылған. Ал Ресей елінің президенті Владимир Путин мектепте басқа оқушыларға қарағанда жақсы төбелесе бiлген. Оған немiс тiлiн оқу қиынға соққан. Бiрақ ол кейiн немiс тiлiн жақсы меңгерiп кетедi.
***
Бесiктен белi шықпай жатып әлемге танылған украин қызы Ника Турбина 4 жастан бастап өлең жазған. 9 жасқа толғанда Мәскеуден оның алғашқы кiтабы жарық көрдi. Кiтапқа алғы сөздi жазған ақын Евгений Евтушенко болатын. Турбина Венецияда өткен фестивальде бас сыйлықты жеңiп алады. БАҚ өкілдері “талантты кiшкентай қыз” туралы қадау-қадау мақалалар жаза бастайды. Алайда 16 жасқа толғанда, оның аты-жөнi бұрынғыдай еш жерден көрiне бермейдi. Оқып жүрген Әдебиет институтын да аяқтамай, орта жолдан тастап кетеді. Дарынды қыз бiрнеше рет алкогольден емделедi. Сөйтiп, ешкiмге керегi жоқ ақын қыз 27 жасында өз-өзiне қол жұмсайды.
***
АҚШ тұрғыны Кристофер Ланган төрт жасында тілі шығып, алты жасында кiтап оқиды. Сонымен қатар, мектепте барлық пәннен ылғи “бестiк” алады. Бiрақ университетке түскен соң, “мен профессорларданда көп бiлемiн” деген желеумен оны тастап кетедi. Содан кейiн оның аты өшедi. 1999 жылы бiр кездерi газет бетiнен түспейтiн Кристофердi журналистер тауып алады. “АҚШ-тағы ең ақылды бала” қазiр бiр провинцияда тұрады. Орманшы болып жұмыс iстейдi екен.