Жаңа кодекс: 2026 жылы азаматтар қандай салық төлейді?..

Жаңа кодекс: 2026 жылы азаматтар қандай салық төлейді?.. Сурет: naryk.kz

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі қолданысқа енеді. Аталған кодекс негізінде салық төлеу тәртібі мен мөлшері өзгереді. Салық жеңілдіктерін алу тәртібі де айтарлықтай өзгеріске ұшырайды. Осы орайда,  ең маңызды өзгерістерге тоқталғанды жөн көрдік.

2025 жылдың басында үкімет салық реформасын қолға алып, Қосылған құн салығын (ҚҚС) 20%-ға дейін көтеруді ұсынған. Кәсіпкерлер уәжін ескерген билік, жарты жылға созылған қызу пікірталастан кейін, 16%-ға тоқтады. Биыл 18 шілдеде президент жаңа Салық кодексіне қол қойды. Заң ережелері 2026 жылдан бастап күшіне енеді. 

Корпоративтік табыс салығы

Қазақстандағы резидент заңды тұлғалар, сонымен бірге, елде қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент заңды тұлғалар Корпоративтік табыс салығын (КТС) төлейді. Мемлекеттік мекемелер ғана салықтың бұл түрінен босатылады.

Салықтың осы түріне қатысты басты өзгеріс: 2026 жылдан бастап республикадағы білім беру мекемелері де КТС төлейді. Оқу орындары осы уақытқа дейін КТС төлеуден босатылып келді. Енді олар 2026 жылы 5%, ал 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап 10% КТС төлейді. Олардың арасында мектептер де бар.

Елдегі заңды тұлғалардың басым бөлігіне 20% мөлшерінде КТС белгіленді. Алайда ойын бизнесі мен банк қызметі (бизнесті несиелеуді қоспағанда) 25% КТС төлейді.

Инвесторларға арналған жеңілдіктер

Қазақстан үкіметі ел экономикасына инвесторларды көбірек тарту мақсатында түрлі салық жеңілдіктерін ұсынып отыр. Соның арқасында олардың кейбірі корпоративтік табыс салығынынан босатылады. 2026 жылдан бастап мұндай жеңілдік түрі көбейеді.

Осы уақытқа дейін Қазақстан аумағында алғаш рет іске қосылатын өндірістік нысандар КТС-тен босатылып келді. 2026 жылдан бастап мұндай нысандар саны еселеп артады. Олар: ғимараттар; құрылыстар; машиналар; құрал-жабдықтар; бағдарламалық қамту. Енді мұндай нысандардың елде бірінші рет салынған-салынбағаны, оның өндіріс еместігі де есепке алынбайды. Мәселен, жеңілдік алатын нысан өндіріс цехы ғана емес, қонақ үй секілді құрылыс болуы да мүмкін.

Қосылған құн салығы

Салық төлеушілер базасына қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша тіркеуге тұрған тұлғалар, сонымен бірге, Қазақстан мен ЕАЭО кеден заңнамасына сай ел аумағына тауар импорттайтын тұлғалар ҚҚС төлейді.

Жыл басында үкімет ҚҚС мөлшерлемесін 20%-ға дейін көтеруді ұсынған. Алайда кәсіпкерлер оған қарсы болып, жаңа Салық кодексінде ҚҚС мөлшерлемесі 16% деп белгіленген.

Енді 2026 жылдан бастап тауар айналымы мен импортқа 16% қосылған құн салығы салынады. Құжатта ҚҚС төлеуден босатылатын немесе мөлшерлемесі төмен бірнеше кәсіп түрі көрсетілген.  2026 жылғы 1 қаңтардан – 5%, 2027 жылғы 1 қаңтардан – 10%:  Дәрілік заттар; медициналық бұйымдар, солардың бөлшектері мен техникалық қосымша құралдары. Отандық мерзімді баспа айналымына 10% төмендетілген ҚҚС белгіленді.

Қосылған құн салығынан босатылатын кәсіп түрлері де бар. Олар: тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және МӘМС аясында, сонымен бірге, үкімет тізіміне енген әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу үшін дәрілік заттарды өткізу және импорттау; орфандық және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу үшін медициналық қызмет көрсету.

Бұған қоса, сауда айналымы бойынша ҚҚС төлеуден босатылатын кәсіп түрлері анықталды. Олар: ішкі туризм бойынша туроператордың қызметтері (қазір тек елге кіру туризмі ғана осы салықтан босатылады); отандық басылым кітаптары, баспа түрінде кітап шығару бойынша қызметтер; археологиялық жұмыстар.

Арнаулы салық жүйесімен жұмыс істейтін кәсіпкерлер ҚҚС төлемейді.

Пәтерді жалға беруге қатысты маңызды өзгеріс: жаңа жылдан бастап тұрғын үй-жайды (пәтерді) сату немесе жалға беру кезінде ҚҚС-тан босату тәртібі күшін жояды. Құрылысы 2026 жылы басталатын нысандарды сату немесе жалға беру үшін ҚҚС төлеу қажет болады. Ал құрылысы жыл аяғына дейін басталған нысандар саудаға түскенге дейін олардың айналымы салықтың осы түрінен босатылады.

Жеке табыс салығы

Мөлшері 8500 АЕК-ке дейін табыс табатын жеке тұлғалар 10% жеке табыс салығын (ЖТС) төлейді. Ал табысы одан (35 096 500 теңге) жоғары кәсіпкерлер үшін – 15%.  Адвокаттар, медиаторлар және нотариустар секілді жеке практикамен айналысатындар 9% ЖТС төлейді.

Дивиденд көлемі 230 мың АЕК-тен (949 670 000 теңге) аспаса – 5%, асып кетсе – 15% ЖТС төленуі керек. Бұған дейін 30 мың АЕК-ке дейінгі көлемдегі дивидендке ЖТС ұсталмайтын. Жаңа Салық кодексінде мұндай ереже жоқ. 2026 жылдан бастап бәрі дивиденд үшін салық төлеуі тиіс.

Жеке кәсіпкердің, шаруа немесе фермер қожалығының табысы 230 мың АЕК-тен аспаса – 10%, асып кетсе – 15% жеке табыс салығын төлейді.

Әлеуметтік салық

Жаңа Салық кодексінде әлеуметтік салыққа қатысты басты өзгеріс – 2026 жылдан бастап әлеуметтік аударымдарға да салықтың осы түрі ұсталады. Бұған дейін мұндай аударымдардан әлеуметтік салық ұсталмайтын. Әлеуметтік салық көлемі – 6%.  Ауыл шаруашылығы өнімдерін өзі өндірушілер үшін белгіленген мөлшерлеме – 1,8%.

Әлеуметтік салық төлейтін жеке кәсіпкерлер немесе жеке практикамен айналысатын адамдар:  өзі үшін – 2 АЕК; әрбір жұмыскер үшін – 1 АЕК. Шаруа немесе фермер қожалықтары әлеметтік салықты: өздері үшін – 0,6 АЕК; әрбір жұмыскер үшін – 0,3 АЕК төлейді. Алкоголь өнімі, коньяк, шарап, сыра және темекіге акциз мөлшерлемесі 10%-ға ұлғайтылды.

2026 жылдан бастап энергетикалық сусындарға да салықтың жаңа түрі енгізілді. Осындай сусындар үшін 2026 жылғы акциз мөлшері – 1 литріне 100 теңге, ал 2030 жылы 240 теңге болады.

Жеке тұлғалар 18 мың АЕК-тен (77 850 000) асатын сомаға автокөлік сатып алса, 10% акциз салығын төлеуі тиіс. Мұндай тәртіптің импортқа ғана емес, ішкі саудаға да қатысы бар. Су және әуе көліктері үшін белгіленген шек – 24 АЕК.

Меншікке салынатын салық

Жаңа Салық кодексінде көлік салығының мөлшерлемелері қайта қаралды. 2013 жылға дейін және кейін деп бөлу алып тасталынды. Енді пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан көліктер үшін 0,7, ал 20 жылдан асса – 0,5 түзету коэффициенті қолданылады. Осылайша салық көлемі 30 және 50 пайызға төмендейді.

Шаруа қожалықтары бір пикап үшін көлік салығын төлеуден босатылды.  Бұған қоса, ағымдағы төлемдердің есебі (салық есептілігі) алынып тасталды.

Жер салығы

Мұнда да ағымдағы төлемдердің есебі (салық есептілігі) алып тасталды.  Қала аумағында орналасқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бойынша салық есептеу нақтыланды. Жер ауыл шаруашылығында пайдаланылса, соған сәйкес төмен мөлшерлеме есептеледі. Ал оған сай болмаса, елді мекен жері ретінде жоғары мөлшерлемемен салық ұсталады. Базалық мөлшерлеме 40 есеге ұлғайтылады.

Мүлік салығы

Төленетін салық көлемі 300 АЕК-тен (1 296 000 теңге) аспаса, мүлік салығы бойынша ағымдағы төлемдер есебі тапсырылмайды. Осы шектен асып кетсе, онда төлем есебін жылына төрт рет, яғни тоқсан сайын және декларация тапсыру қажет болады.

Арнаулы салық режимдері

Қазір 7 арнаулы салық тәртібі бар болса, 2026 жылы солардың үшеуі ғана қалады. Шаруа қожалықтары үшін жаңа заңнамада өзгеріс жоқ – кірістен ұсталатын салық мөлшері 0,5 % болып қала береді. Жалғыз өзгеріс – бірыңғай жер салығының орнына жеке табыс салығы ұсталады.

Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтар үшін арнаулы салық тәртібі енгізіледі. Осындай салық режимімен жұмыс істеп жүрген азаматқа жеке кәсіпкер ретінде тіркелу қажет емес. Бірақ табысы айына 300 АЕК-тен аспауы керек. Жұмыссыз азаматтар үшін белгіленген мөлшерлеме – 4%. Олар жеке табыс салығын төлемейді. Бірақ зейнетақы жинағына, МӘМС-ке ақша аударып, әлеуметтік алым төлеуі керек.

Арнаулы салық тәртібімен жұмыс істеуге болатын қызмет түрлерін үкімет анықтайды. Оған 46 кәсіп бағыты кіреді. АСР қолдану құқығы аяқ киім жөндеу, спорт пен демалыс саласындағы білім беру, мәдениет саласындағы білім беру, білім беру саласындағы басқа да көмекші қызмет, тұрғын үйді жинау, фотосурет қызметі, сұлулық салоны қызметі, мамандандырылған құрылыс жұмысы, такси қызметі, жалдау және жалға беру, компьютерлерді, жеке тұтыну затын, тұрмыстық тауар жөндеу, сонымен бірге өзге де жеке қызметтерде сақталады.

Оңайлатылған декларация

Жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық тәртібімен жұмыс істей алады. Шегі – бір жылға 600 мың АЕК (2,4 млрд теңге). Жұмысшы санына шектеу жоқ. Салық мөлшерлемесі – 4%. Жергілікті мәслихаттар оны 2 пайызға дейін түсіре, 6 пайызға дейін арттыра алады. Осы тұста айта кететін маңызды бір мәселе – жеңілдігі бар салық тәртібін үкімет дайындайтын «Қолдануға тыйым салынған қызмет түрлерінің тізіміндегі» кәсіптерге ғана қолдануға болады.

Жақында Ұлттық экономика министрлігі арнайы салық режимін қолданушылар тізімін талқылауға шығарды. 1111 кәсіп түрінің 795-і салық жеңілдігін пайдалана алмайды. Жоба Ашық НҚА порталында жарияланды.

Тыйым салу тізімі

Салық жеңілдігін пайдалана алмайтындар:  табысы жылына 600 мың АЕК-тен (2, 359 млрд теңге) асатын бизнес субъектілері; басқа компаниялардың үлесі 25%-дан асатын заңды тұлғалар; құрылтайшылары немесе қатысушылары бір мезгілде, АСР-дегі басқа заңды тұлғаларға қатысатын немесе құрылтайшысы болып табылатын ұйымдар; коммерциялық емес ұйымдар; арнайы салық режимін қолданатын заңды тұлғаның құрылтайшысы немесе қатысушысы болып табылатын салық төлеушілер (жеке тұлғалар, жеке кәсіпкерлер); АЭА, «Астана Хаб» қатысушылары; бірлескен қызмет шарты бойынша жұмыс істейтін салық төлеушілер.

Тыйым салынғандар тізбесіне ірі бизнеспен байланысты салалар: өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, жер қойнауын пайдалану, табиғи монополия субъектілерінің қызметі, көтерме сауда, 2000 шаршы метрден астам алаңдағы ритейл, телекоммуникация, интернет пен IT, қаржылық және сақтандыру қызметі, кәсіби агенттік және консалтингтік қызмет, ҒЗТКЖ және тағы басқалары кіреді.

Салық жеңілдігін пайдалана алатындар

300-ге жуық қызмет түрі жеңілдіктерді пайдалана алады. Олар: 2000 шаршы метрге дейінгі алаңдағы бөлшек сауда (дәріханаларды қоса алғанда); тауарларға пошта арқылы немесе интернет желісі арқылы тапсырыс беру арқылы жасалатын бөлшек сауда, желілік маркетинг, сондай-ақ дүкеннен тыс басқа да бөлшек сауда; тұру, тамақтану, тұрғын үйді жалға алу мен көлік қызметі; жеңіл және тамақ өнеркәсібі; жолаушы тасымалы; мектепке дейінгі және қосымша білім беру саласындағы қызмет, медициналық және әлеуметтік қызмет; тұрғындарға арналған тұрмыстық және құрылыс жұмысы; шығармашылық индустрия, спорт, мәдениет; ауыл шаруашылығы.

Министрлік мәліметінше, жеңілдік кәсіпкерлердің шамамен 70%-ына беріледі. B2C-ге бағытталған шағын бизнес АСР бойынша жұмысын жалғастырып, ал ірі қызмет түрі жалпыға бірдей белгіленген режимге көшеді.

 

(Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметі бойынша әзірленді)

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

13:32

12:42

12:30

12:30

12:24

12:16

12:14

11:55

11:51

11:43

11:25

11:08

10:47

10:41

10:38

10:28

10:18

10:04

09:58

09:54

09:49

09:42

09:29

09:20

09:16