Саяхатшы Денис Желнин 2024 жылғы 24 тамызда Алматыдан велосипедпен Эверестке, яғни әйгілі Гималай тауына аттанды. Бұл - оның мұндай ауқымдағы алғашқы сапары. Оған дейін ол ел аумағында Павлодардан Шығыс Қазақстан арқылы Алматыға, Павлодардан Моңғолия шекарасына дейін, сондай секілді өзі үшін кішігірім сапарларға шығып жүрген. Бұл туралы Aqshamnews.kz тілшісі саяхатшымен тілдесіп көрді.
Павлодар тумасы Денис қазір 34 жаста. Кейінгі 4 жыл Алматыда тұрады. Кейіпкердің әсем шаһарға қоныс аударуы да бекер емес. Себебі оның тауға деген ықыласы ерекше. Тауды жақсы көретін Дениске 2024 жылы Гималайға велосипедпен бару ойы келеді. Бастапқыда ойға алған бағыты өзіне де қорқынышты болып көрінгенмен, "шешінген судан тайынбайтынын" алдымен өзіне дәлелдеу үшін белді бекем буып, дайындықты бастап кетеді. Бұл жолда оның таңдаған бағыты - бірыңғай тау арқылы өтетін жондар мен жоталар.
Суретте: саяхаттың алғашқы күндері
"Эверестке дейін велосипедпен жету идеясы саяхатшыны қатты қызықтырса керек. Себебі бұл бағыт бойында әлемдегі ең биік таулы жүйелер орналасқан.
"Сапарымның барлығы дерлік таулы бағытта өтті. Бастапқысы – Тянь-Шань. Бұл – Алматы мен Қырғызстан аумағы. Тянь-Шань таулары айтарлықтай биік тау жүйесіне жатады. Ал Тянь-Шаньнан кейін таулар біртіндеп Памирге ұласады. Памир таулары мен әйгілі Памир жолы – бүкіл әлемге танымал бағыт. Памир таулары одан да биік. Бұл жерде Ленин шыңы орналасқан. Бұл – биіктігі жеті мың метрден асатын шың.Одан кейін Памир біртіндеп Қарақорым тауларына ұласады. Қарақорым – әлемдегі екінші биік тау жүйесі. Бұл аймақ Қытайдың бір бөлігі мен Пәкістан аумағында орналасқан. Қарақорымның басым бөлігі Пәкістанда.
Кейін Қарақорым да біртіндеп Гималайға өтеді. Ал Гималай – әлемдегі ең биік тау жүйесі. Менің маршрутым осының бәрінен өтті", – дейді Денис.
Қырғызстан аумағынан өтіп бара жатқан кез
Бастапқы жоспары бойынша, бұл сапарын ол 150 күнде еңсеруге бел буған. Алайда жолда кездескен табиғи кедергілер, шекаралық шектеулер, ауа райының құбылуы мен биіктіктің әсері бұл сапарды қиындатып, қазір саяхаттың шамамен 420-күніне жеткен.
Тәжікстан аумағы, теңіз деңгейінен 4000 км биіктікте орналасқан, бұзылып қалған велосипед дөңгелегін жөндеу барысы
Қазір Денис Эверестке таяу жерде. Діттеген жерге жетуге бар болғаны 60 шақырымдай ғана қалыпты.
"Жоғарылаған сайын атмосфералық қысым артып, оттегінің мөлшері азая түседі. Сәйкесінше, тыныс алу да қиындайды. Әр басқан қадам ауырлап, тыныс жетіспей, жүрек соғысы жиілейді. Сондықтан осы соңғы 60 шақырымды еңсеру үшін кемінде 10–15 күн қажет болуы мүмкін", – дейді Денис.
Алған бағыт айқын: Эверест қайдасың?
Денис Желниннің сапары Қазақстаннан басталып, Орталық Азия мен Оңтүстік Азия арқылы жүріп өтіп, межеге жетуіне сәл қалды. Жол бойындағы әр елдің өз сынағы, өз қиындығы мен ерекшелігі болған.
Сурет: Памир тауы, Тәжікстан аумағы
"Жүріп өткен жолымды қысқаша айтатын болсам, мен Алматыдан шығып, Бішкекке қарай жол тарттым. Бірақ Бішкекке мен басқа жағынан бардым. Қырғызстанды түгел жүріп өттім. Кейін Тәжікстанға бардым. Тәжікстаннан Қытайға өттім. Қытайда көп болған жоқпын. Қытайдан Пәкістанға автобуспен өттім, өйткені бұл аумақтан жаяу немесе велосипедпен өту мүмкін емес. Пәкістанда Қарақорым тас жолының бойымен Исламабад қаласына дейін толық жүріп өттім.
Сурет: Пәкістанға жеткен кез
Кейін Денис Пәкістаннан ұшақпен Дубайға ұшқан. Дубайдан – Делиге (Үндістан). Делиден қайтадан Пәкістанға, Исламабадқа ұшып барған.
Сурет: Үндістан визасы алдын ала рәсімделмеген соң туристке Дубай арқылы ұшақпен қатынауға тура келген. Велосипед пен басқа жабдықтарды Исламабадта қалдыруға тура келген кез
"Велосипедін күтіп алып, осы жолы Үндістанға өз аяғыммен қайта кірдім. Шекараны екінші рет кесіп өттім. Амритсар қаласына дейін велосипедпен бардым. Ол жерден Гоаға пойызбен аттандым. Гоада бір жарым ай болдым. Сол жерден кейін мотоциклмен жолға шығып, оны сатып жіберіп, қайтадан велосипедке отырдым", - дейді саяхатшы.
Бір қызығы, осы саяхат барысында ол мотоциклды бірінші рет жүргізген және оны үйренуге 3 күн жұмсаған.
"Осылайша, Непалға да жеттім. Бұл елде 700 шақырымдай жол жүріп өттім. Покхарадан Катмандуға барып, кейін Эверест бағытында жолға шықтым. Қазір кішкентай бір елді-мекендемін, бұл жерден адамдар, әдетте, Эверестке дейін тікұшақпен жетеді екен. Ал мен әдеттегідей велосипедпен аяңдаймын", - дейді мақсатына жетуге аз қалған турист.
Шекаралық шектеулер мен ерекше өткелдер
"Жолаушы өз үйінен 40 қадам аттап шыққасын мүсәпір" деген тәмсіл тегін емес. Жол машақатын әбден тартқан турист оның мәнін әбден ұққан сыңайлы. Кей кездері ас-сусыз қалып ,екі күнде бір рет тамақтанған кездері де болыпты. Тау жолдарында бірнеше күн жауын жауып, байланысқа шыға алмай қалған кездерді де басынан өткерген. Тіпті қолындағы бар ақшасын ұрлатып алған оқиғалар да болыпты. Пәкістан шекарасында тексерістен өткенде дорбасындағы шұжық пен жұмыртқаны алып қалып, бос қайтарған оқиғалар да өткен.
Сапар барысында әр елдің шекарасынан өткен кезде әкімшілік шектеулер де сапарын біраз қиындатқан. Соның бірі – Қытай мен Пәкістан арасындағы шекарасы.
"Қытайдан Пәкістанға өз көлігіңмен өтуге мүлде рұқсат жоқ. Абсолютті түрде. Ол - жабық, күзетілетін аумақ. Бар болғаны бір ғана мүмкіндік бар - арнайы автобуспен 200 шақырымдай жол жүру. Сондықтан Хунджераб асуына мен автобуспен көтерілдім, ал кері қайтқанда ғана велосипедпен түстім", - дейді ол.
Сурет: саяхат барысындағы қызықтар
Жолдағы сенімді серік - астыңдағы көлігің
Денис Желнин сапарға барынша дайындықпен шыққан. Десе де, бұл жолда оған серік болған көлігі бәрі ойлағандай су жаңа велосипед емес. Айтуынша, бұл саяхатқа өзінде бұрыннан бар велосипедпен шыққан. Оны OLX сайтынан сатып алғанына тоғыз жыл болған.
"Ұзақ сапар алдында тек тізбегін ауыстырып, қосымша жүк салғыш орнатып, дөңгелектерін тексердім. Болды. Бұл – кәдімгі қарапайым велосипед. Арнайы техника емес", – дейді ол.
Осы қарапайым көлікпен ол ондаған мың шақырымды артта қалдырды.
Ерік-жігер мен шыдамдылық пен табандылыққа үйреткен сапар
Денис Желнин үшін бұл саяхат жай ғана маршрут емес. Бұл - ішкі еркіндікке бастайтын, адам мүмкіндігінің шегін сынайтын рухани жол. Әрбір шақырым, әрбір ел, әрбір шекара - бір тәжірибе, бір сабақ.
Сурет: Мақсатқа жетуге аз қалды, алда - 60 шақырым
"Сапардың мәні - барған жеріңде емес, жолдың өзінде. Әр кездескен адам, әр көрген таулы асу - менің бір бөлшегіме айналды", – дейді ол.
421 күн, ондаған ел, мыңдаған шақырым, велосипед, мотоцикл, пойыз, ұшақ - бәрі бір мақсат үшін: Эверест етегіне жету. Бірақ бұл сапардың ең құндысы - ел көру, жер көру ғана емес, адамның табандылығы мен еркін рухының көрінісі.
Қазір Денис Желнин Эверестке өте жақын. Алда соңғы 60 шақырым бар – ең қиын әрі ең маңызды кезең. Ол бұл жолды аяғына дейін жеткізуге белді бекем буған. Жылдан асқан бұл сапарында оның туған елге, туған үйге деген сағынышы да сыналған. Мақсатына жеткесін Денис елге қарай ұшақпен құстай алып-ұшып жетпек.