ffin.kz

Сапалы өмір сүру ортасын қалыптастыру керек – әлеуметтанушы

Сапалы өмір сүру ортасын қалыптастыру керек – әлеуметтанушы Cурет: Almaty-akshamy.kz

Қайырымды қоғамды нығайтуға әр адам жауапты


Билік қарапайым халықпен қарым-қатынас орнатпаса, қоғам арасында наразылық көңіл-күй деңгейінің өсуіне әкеп соғады, деп есептейді әлеуметтанушы Айтуар Коспаков. Ол бұл туралы Almaty-akshamy.kz сайтына берген сұхбатында айтты. 



- Қоғам неліктен агрессияға барады? Не жетпеуі мүмкін? 


- Менің ең бірінші айтатыным бұл «Агрессия - агрессияға әкеп соғады». Қандай-да бір топқа/адамға  күш көрсету, ешқандай дұрыс шешімге немесе мәселені шешуге әкелмейді. Егерде  билік қарапайым халықпен қарым-қатынас орнатпаса, жылдар бойы қордаланған мәселелерін шешпесе, оның бәрі қоғам арасында наразылық деңгейінің өсуіне әкеп соғады. Мысалы, Орталық Азия істері жөніндегі Оксус қоғамдастығының  Central Asia Protest Tracker мәліметтеріне сәйкес, 2019 жылдан бастап Қазақстан аумағында наразылық акцияларының саны екі есе артқан: 2019 жылы 230-дан аса, 2021 жылы бірінші жартыжылдығында - 550-ге жуық. Осының барлығы жылдар бойы жиналған әлеуметтік теңсіздіктің әсері. 
Жалпы халықтың деңгейіне назар аударып қарасақ көретініміз: әлеуметтік-экономикалық жағдайы бойынша: тұрғын-үй мәселесі, жалақы көлемі, жемқорлық пен әділетсіздіктің өсуі, сапалы медицина мен білім және әлеуметтік қажеттіліктерге қолжетімділікте үлкен айырмашылықтары бар топтарды көре аламыз. 


- Қандай жағдайда адам шектен шығады?


- Әлеуметтік психологияда «масса» немесе «тобыр» психологиясы деген ұғым бар және мамандар оны зерттеп, талқылауда. Митинг немесе бейбіт шереуіл болсын, ол адам тобының «массаның» бір орында жиналуы. Осындай кезде, жеке қатысушы топ тарапынан ықпалға не қысымға түсуі мүмкін және эмоциялық қалпі өзгеріп, шектен шығатын әрекеттерге әкеп соғуы мүмкін. Бұның барлығы топ арасындағы көңіл-күй, топ көшбасшысының ықпалымен, адамдардың жиналған мақсаты мен мейірімді не құрметті қарым-қатынастың болуымен тығыз байланысты.


- Тәртіпсіздікке қоғамның кез-келген қарапайым мүшесі бара ма әлде қоғамның бір арнайы тобы ма?


- Мысал ретінде, Алматыда 5-6 қаңтар күндерінде болған дүкен, сауда-сауық орталықтарын тонау мен зақым келтіру жағдайын алсақ, онда бейбіт митинг пен қоғамдағы қарбаласты пайдаланып, өздерінің жеке мақсаттарын көздеген тонаушылар тобын көріп отырмыз. Саралау барысында туындайтын сұрақ: тонаушылар тобы қатысушысының әлеуметтік портреті (сипаттамасы) қандай? Тонаушылар тобының пайда болуы немесе адамдардың топ мүше ретінде енуі - түпкі тамыры әлеуметтік-экономикалық даму деңгейімен байланысты деп ойлаймын. Себебі, ауыл мен қала аймақтарының арасындағы маңызды салалар бойынша айырмашылықтары, білім деңгейінің/сапасының төмендеуі, жұмыссыздық мәселесінің артуы, жалақы деңгейі, оның құнсыздануы, азық-түлік бағаларының жылдан жылға өсуі, тұрғын-үй бағасының артуы және оның қолжетімсіздігі және т.б. мәселелердің ықпалы осындай топтың туындауына әкеп соқты. 


- Жалпы қазір неліктен қатыгездік, жауыздық, өмірге реніш көп деп ойлайсыз? Оны қалай дұрыстауға болады?


- Оның барлығы, бірінші себептен адам өмір сүру деңгейі мен сапасына және өмірге қанағаттануына байланысты деп есептеймін. Мысалы, зерттеушілер ғылыми тұрғыда өмірмен қанағаттану деңгейінің, қоғамдағы агрессия, қатыгездікпен байланысы бар екенін тұжырымдайды. Екіншіден, қоғамдағы құндылықтар адам бойында атап өтілген: қатігездік, жауыздық және т.б. қасиеттердің қалыптасуына әкелуі мүмкін. Сол себепті, мемлекетке халықтың өмір сапасын арттыру және құндылықтар жүйесінің қалыптастыру бойынша жұмыс атқару қажет. 



- Мейірімді, қайырымды қоғам келбетінен айырылмас үшін не керек?


- Қоғамды қалыптастырушы - жеке адам және әрбір адам қоғам мүшесі болып табылады. Адам бойында отбасы институтынан қалыптасып келе жатқан құндылықтар жүйесі - болашақта қоғамда қандай құндылықтардың басым болатынына ықпалы зор. Сол себепті, әрбір отбасы мүшесі: ата-ана, әжесі мен атасы, ағалары мен апалары және туған туыстары өсіп келе жатқан балаға үлгі болып, тұлға ретінде қалыптасуға оң әсер беретін өмірлік құндылықтарды насихаттау қажет. Бұл дегеніміз, балаға тәрбие беру, әрбір адамға құрмет көрсету, білім алуға ынталандыру және салауатты өмір салтын насихаттау, ата-ана мен баланың арасында сау коммуникация орнату және т.б. болып табылады. Егерде, осындай бағытта жұмыс атқарылса және әрбір әлеуметтік институт: мектеп, ЖОО, жұмыс орындары осыны өз деңгейлерінде жалғастырып жатса - мейірімді, қайырымды қоғам нығая түседі деп ойлаймын.


-Әлеуметтік көңіл күйді қалай тұрақтандыруға болады?


- Ең бастысы мемлекет тарапынан жақсы, сапалы деңгейдегі өмір сүруге қажетті ортаны қалыптастырып, оның әрі қарай дамуына, адамдардың тікелей өміріне ықпалын етуіне қолдау көрсету деп ойламын. Өмір сүруге қажетті орта дегеніміз ол тұрақты экономика, мемлекеттік институттардың халықпен сапалы қарым-қатынасы, әр деңгейде өмір сүріп жатқан халықтың мәселелерін шешуі, қоғамның билік процессіне интеграциялануы және т.б.


- Әңгімеңізге рахмет!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51