Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні аясында Наурызбай ауданы «Тастыбұлақ» шағынауданы аумағындағы саябақта «Алтын адам» тарихи-этнографиялық қолөнерді дамыту республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен экологтар мен антиядролық қозғалыс белсенділері бас қосып, жиылған қауымға еліміздің болашағымен байланысты экологиялық ахуал жайында сөз қозғап, табиғатты, айнала ортаны қорғаудың мән-маңызы жайлы тұщымды әңгімесін айтты.
Мақсат – экологтардың, қоғам белсенділерінің басын қосып, айнала-ортамыздың тазалығын реттеу арқылы тарихи-мәдени құндылықтарымызды сақтауға шақыру. Әлбетте, мұндай тәлім балабақтан бастау алып, мектепте жалғасып, отбасынан өрістейтіні мәлім. Басқосуға келіп, экологиялық ахуалдың түп-тамырынан бастап әңгіменің ашығын айтқандар сапында «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының ардагері Майдан Әбішев, «Табиғат» экологиялық қоғалысының төрағасы Мэлс Елеусізов бастаған экологтар, БАҚ өкілдері, қоғам белсенділері болды.
Сонау тоқсаныншы жылдары «Алтын адам» қоғамдық бірлестігі әлемге әйгілі, еліміздегі ядролық ошақты біржола жапқан «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының әсерімен дүниеге келген қоғамдық ұйым болатын. Бірлестіктің көздегені – рухани жаңғырудан бастау алатын тарихи құндылықты аялап, қастерлеп сақтау. Себебі, бұл өткенімізге, баба-дәстүрге деген адалдығымызды білдіреді. Бұл өзі жан тазалығынан бастау алып, жастардың дүниетанымын жетілдіріп, экологиялық белсенділігін артырады.
Күні кешегі «Қаңтар қырғыны» кезінде Тәуелсіздіктің тал-бесігі саналған Алматының қақ ортасында тұрған еліміздің басты символы – «Алтын адам» монументі маңындағы қоршау, жиектастардың бүлінгенін көрдік. Қаламызда қаншама ғимарат қирап, астан-кестен болды.
Осындай өрескелдік неден шығады? Аталған қырғынның саяси астары – өз алдына, әулекі топтың, жастардың айнала-орта қадірін түсінбеуінен, болғаны анық. Жастарымыз жан-тәні тазалыққа құмар, рухани ерік-жігері мықты, отаншыл болуы керек. Елімізді өркендетуге үлес қосатын жастар тарих құндылығын бойға сіңіруі қажет.
«Ежелгі тарихи құндылықтың алғы сапында «Алтын адамның» тұрғаны анық. Бір кезде тап осы біз тұрған Ақсай өзенінің маңында сақ қорғандары болғанын археолог ғалымдар дәлелдеген. Оны сақтай алмай, «аһ» ұрғанымыз рас. Әлі де болса, осы Алматыға кейіннен қосылған аумақтарда күтімсіз қалған сақ қорғандары барын білеміз. Енді ғана билік тарапынан назарға алына бастағандай. Қоғамдық бірлестіктің мақсаты – осыған қоғам назарын аудару, биліктің көзін жеткізу. Ең болмағанда, сол қалған қорғандарды күтіп, сақтауға міндеттіміз», – дейді «Алтын адам» тарихи-этнографиялық қолөнерді дамыту республикалық қоғамдық бірлестігінің тең төрағасы Серік Қазақпаев.