Отырысты ашқан Қазақстан Президенті шикізаттың ұзаққа созылған суперциклы аяқталып келе жатқанын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Шетелдік инвесторлар кеңесінің 33-ші пленарлық отырысы онлайн форматта өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Akorda.kz сайтына сілтеме жасап.
«Қазақстан экономикалық жүйе ретінде тек ішкі инвестицияға, ішкі сұраныс пен шикізат экспортына ғана сүйене алмайды. Еліміз сапалы шетелдік инвестиция тарту үшін мейлінше қолайлы жағдай жасау саясатын жалғастыра береді. Біз өңірдегі және ТМД-дағы көшбасшылық орнымызды сақтауға мүдделіміз», – деді Мемлекет басшысы.
Президент жиынға қатысушылардың назарын өңделген өнімнің экспортын дамыту қажет екеніне аударды. Бұл шикізаттың құбылмалы бағасынан сақтанудың кепілі және ұлттық экономиканың сапалы әрі сұранысқа ие тауар өндіру, сондай-ақ, қызмет көрсету қабілетінің көрсеткіші болып табылады.
Мемлекет басшысы өз сөзінде әлемдік сауданың құлдырауы Қазақстанды да айналып өтпегенін атап өтті. Былтыр еліміздің сыртқы тауар айналымы 85 миллиард АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш, 2019 жылмен салыстырғанда, 13 пайызға төмен.
«Қазақстанның шикізаттық емес тауарларының экспорты 2,8 пайызға ғана төмендеп, 15 миллиард долларды құрады. Биылғы дағдарыс кезінде біз шетелден 18 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция тарта алдық. Былтыр шетелдік компаниялардың қатысуымен жалпы құны 1,6 миллиард доллар болатын 41 инвестициялық жоба іске асырылды. 7 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Бүгінде әлемдік экономиканың қайта қалпына келуіне орай Қазақстан да экономикалық өсімнің қарқынын үдетеді. Үкіметтің болжамы бойынша 3,5 пайызға дейін өсім болуы керек, біз одан да жоғары көрсеткіш күтеміз», – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанның экономикалық моделі экспортты экономикалық дамудың маңызды факторы ретінде қарастырады. Еліміздің өңдеу өнеркәсібінің қосымша экспорттық әлеуеті 10 миллиард долларға, сондай-ақ, қызмет көрсету саласындағы экспорттық әлеуеті де 10 миллиард долларға бағаланады. Шикізаттық емес тауарлар экспортының көлемін 2025 жылға қарай 41 миллиард долларға дейін арттыру орта мерзімдегі мақсат саналады.
«Экспортты қолдау үшін 1,2 миллиард долларға жуық қаржы бөлінді. Осы ретте экспортты дамыту жөніндегі жоспарымыз институционалды тұрғыдан да, қаржылық жағынан да қолдауға ие болды. Сонымен қатар тауар экспорттаушыларды қолдау жүйесін жақсартуға байланысты ұсыныстарыңызды естігім келеді. Азия даму банкінің экспортты қолдау архитектурасын реформалау жөніндегі ұсынысы ерекше назар аударуға лайықты. Цифрлық трансформация, ең алдымен, шағын және орта бизнес үшін сауда шығындарын қысқартады деген оймен келісемін. Осыған байланысты Сауда және цифрлық даму министрлігіне Азия даму банкімен бірлесіп, экспортты қолдау жүйесін цифрландыру жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент әлемде кең қолданылатын экспорттық несиелерді субсидиялау тетігінің Қазақстанда әлі де қолға алынбай отырғанын айтты. Оның айтуынша, ақшаның тауар экспорттаушыларға ешқандай кедергісіз, жедел жетуі және ақылмен, есеппен жұмсалуы маңызды.
«Былтыр Қазақстан алғаш рет 100-ге жуық отандық тауар экспорттаушыны Alibaba халықаралық электронды платформасына шығарды. 4 мыңнан астам қазақстандық тауар түрлерін әлемдік нарыққа шығару мүмкін болды. Шекаралар жабық болған кезде экспорттар легін жабылып қалған дәстүрлі бағыттардан жаңа нарықтарға шығаруға бағыттай алдық», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев сапалы әрі экологиялық таза мал шаруашылығы өнімдерінің экспорты басым бағыттардың бірі болуға тиіс деп санайды. Бұдан бөлек Мемлекет басшысы былтыр транзиттік теміржол тасымалы 17 пайызға артқанын жеткізді. Контейнерлік тасымалдар өсімнің негізгі факторы болды. Мемлекет басшысы Қазақстанның теміржол әлеуетін сақтауды және күшейтуді міндеттеді.
«Былтыр шамамен 900 мың контейнер тасымалданған. Оның 91 пайызға жуығы Қытай – Еуропа – Қытай бағытына тиесілі. Қазақстан Азия мен Еуропа арасындағы құрлықтағы тасымалда негізгі рөл атқаратынын сеніммен айтуға болады. Қазақстан – Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» жаһандық жобасын іске асыруда маңызды әрі сенімді серіктесі. Біз өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделіміз. Кеңестің көптеген мүшелері, атап айтқанда «General Electric», «Марубени», PWC компаниялары, Дүниежүзілік банк көлік-логистикалық қызметтердің, оның ішінде, «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығының халықаралық орталығы қызметінің тиімділігі мен сапасын арттыру мәселесіне назар аударды. Бұл, шын мәнінде, шешімін күткен күрделі мәселе. Үкіметке шекарада, нақты айтқанда, Қорғаста контейнерлер қозғалысының нақты орналасқан жері, жол жүру уақыты, кідіру себептері көрсетілген өтпелі трекинг енгізуді тапсырамын. Ақпараттық жүйе Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да көршілеріміздің арасында құрылатын барлық еркін сауда орталықтарында қызмет етуі тиіс. Қазіргі уақытта көлік қатынасы Үкімет саясатының басым бағыты болып табылады», – деді Президент.
Мемлекет басшысы кеңес мүшелерінің алдында сөйлеген сөзінде Kaspi.kz компаниясының жетістігіне назар аударды. Ол Лондон қаржы биржасында IPO өткізіп, Қазақстандағы ең қымбат жария компания болды. Президент отандық қаржы техникалық қызмет көрсету секторының зор әлеуеті туралы айта келіп, озық технологиясы бар халықаралық компанияларда жұмыс істеген, тәжірибелі қазақстандықтарды тарту бағдарламасын іске қосу жөніндегі «KPMG» компаниясының бастамасын қолдауға шақырды. Бұдан бөлек, Ұлттық банкке, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне және Астана халықаралық қаржы орталығына «Дойче Банктің» ұсынысын зерттеп, Қазақстанда «жасыл инвестициялар» нарығын кеңейту бойынша нақты ұсыныс енгізу жүктелді.
Медициналық қызмет көрсету экспорты саласында Үкімет жеке медицинаны және медициналық туризмді енгізу ісін дамыту жөніндегі «General Electric» компаниясының ұсынысын қарастырады.
«Қазақстан – өзінің ғылыми әлеуетінің арқасында коронавирусқа қарсы QazVac отандық вакцинасын әзірлеп шығарған аз ғана елдердің бірі. Өткен аптада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директорымен кездесу өткіздім. Бұл ДДСҰ QazVac вакцинасын төтенше жағдайларда пайдалануға кеңес беретін дәрі-дәрмектердің тізіміне енгізуді қарастырып жатыр. Біз вакцина көлемін арттыруға және оны шетелге экспорттауға дайын екенімізді атап өткім келеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Шетелдік инвесторлар өз сөздерінде таңдалған тақырыптың маңызы мен өзектілігін атап өтіп, Қазақстанда шикізаттық емес экспортты дамыту және инвестициялық тартымдылықты арттыру жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.
Президент жиынға қатысушылардың Қазақстандағы салық жүйесін одан әрі реформалау жөніндегі ұсыныстарына жауап берді.
«Үкіметке аталған мәселені мұқият пысықтауды тапсырдым. Бұл жерде қарама-қайшылықтар болмауы керек. Тұтастай салық салу жүйесін құрып, әлемдік үрдістер мен жетекші елдердің тәжірибесін мұқият зерделеуіміз қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев кеңес мүшелерінің қалдықсыз жасыл технологияларды енгізу жөніндегі ұсыныстары өзінің осы салада берген тапсырмаларымен үндесетінін айтты.
«Ernst&Young» компаниясының сутегі өндірісі жөніндегі ұсынысын назарға алдым. Бұл, шын мәнінде, «болашақтың жанармайы». Қазақстан энергетикалық держава ретінде оны өндіру, пайдалану және экспорттау технологиясын игеруге міндетті. Бұл бағытта жұмыстар басталып кетті. Мен оны үнемі бақылауда ұстаймын. Энергетика министрлігі мен «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясына жаңадан құрылған Жаңа технологиялардағы құзырет орталығы қызметінің басым бағыттарының бірі ретінде сутегі қуатын айқындауды тапсырамын», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында Қазақстан инвестиция тарту жөніндегі белсенді жұмыстарды жалғастыра беретінін атап өтті. Бұл бағытта жоғары технологиялы тауарлардың және қызметтердің өндірушілері мен экспорттаушылары үшін барынша тиімді әрі қолайлы жағдай жасалады.
Отырыс барысында Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо, Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, «Шетелдік инвесторлардың қазақстандық кеңесі» ассоциациясының басқарма төрағасы Ерлан Досымбеков, Азия даму банкінің вице-президенті Ашок Лаваса, «EY» жаһандық ұйымының клиенттерге қызмет көрсету мәселелері жөніндегі басқарушы партнері Энди Болдуин, «Бейкер Макензи» жаһандық атқару комитетінің мүшесі, «Бейкер Макензи Интернэшнл» компаниясы төрағасының орынбасары Констанц Ульмер-Айлфорт, Камеко корпорациясының президенті және бас атқарушы директоры Тим Гитцель, «Дойче Банктің» Солтүстік және Шығыс Еуропа бойынша аймақтық басқармасының бас атқарушы директоры Йорг Бонгартц, Еуразиялық даму банкі басқармасының төрағасы Николай Подгузов, «ERG» Директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич, «Дженерал Электрик» компаниясының вице-президенті, «Дженерал Электрик» компаниясының Ресейдегі және ТМД-дағы президенті және Бас атқарушы директоры Рональд Джеймс Поллетт, «Лукойл» ЖАҚ президенті Вагит Алекперов, «Marubeni Corporation» компаниясының вице-төрағасы, Директорлар кеңесінің мүшесі Ичиро Такахара, Орталық және Шығыс Еуропа елдеріндегі «PWC» компаниясының партнері, бас атқарушы директоры Ник Кош, Еуропа және Орталық Азия өңірі бойынша Дүниежүзілік банктің өңірлік вице-президенті Анна Бьерде, ТМД-дағы «KPMG» Бас операциялық директоры, Басқарма төрағасының орынбасары Шон Майкл Тирнан сөз сөйледі.