Қазақ деген ұлт барда Шәмші тірі...

Қазақ деген ұлт барда Шәмші тірі... almaty-akshamy.kz

Бүгін қазақтың ұлы композиторы Шәмші Қалдаяқовтың туған күні



Осыдан 93 жыл бұрын қасиетті Отырар топырағында, қоңыртөбел күй кешкен қарапайым ғана шаңырақта шыр етіп, дүниеге бір сәби келіпті. «Бар байлығым – балаларым» деп білген бақытты әке бұған жүрегі жарыла қуанып, ел-жұртын жиып, ұлан-асыр той жасап, перзентіне «Жәмшид» деп ат беріпті.


Момын жанның сондағы тілегі: «Осы балам Жәмшидтей патша болсын, ұлық болсын» дегенге сайса керек. Сол сәтте көп ішінен бір қария сөз алып, «Балаң бүкіл елдің патшасы болмаса, болмас, бірақ әннің патшасы болуы әбден мүмкін» деген екен деседі...


Кім біледі, тұлпарды тұлғасынан танитын қазақы сұңғылалық сәбидің де жарық дүние есігін ашқандағы «іңгәсінен» өзгеше сыр аңғарған болар. Әйтеуір, ел-жұрты еркелетіп, «Шәмші» атандырған сол перзент жылдар өте келе шынымен де бүкіл қазақ даласын бағындырды: Мұхтар Әуезов айтпақшы, «XX ғасырдың төбесінен тамшылап тұрған мөлдір лирикасымен»!



Шындығында, біздің қазақта көкірегінен шыққан дүниенің бәрі шетінен классикаға айналып, өлмейтін, өміршең мұраға айналған, «үлкен-кіші» демей, жұрттың бәрінің бірдей жүрегіне жол тапқан адам аз. Солай дегенде, Шәмші – екінің бірі, тіпті бірегейі. Қазақтың әулие абыздары санатындағы Ғабең, Ғабит Мүсірепов: «Қазақ өнері мен мәдениетін білгісі келген адам Қастеевтің полотноларымен танысып, Шәмшінің әндерін тыңдауы керек» дегенде соны меңзеген-ау деп ойлайсың.



Ал шынашақтай Шәмшінің жұдырықтай жүрегінен күллі қазақ даласын әлдилеген әдемі әуен, қасиетті саз қалай туды? Бұл жерде де мейірімі түскен пендесін ерекше құдіретке ие ететін Жаратушы күштің әлдебір тылсым сыры, жомарттығы алдыңда бас имеске шараң жоқ.


Асылы, шын жауһар, шын гауһар әсіре әдеміліктен ада, қарапайым келеді. Шәмші де сол қарапайым қалпымен-ақ қазақ елін, қазақ жерін ән болып аялады, ән болып аймалады, ел-жұртының әрбір қаласына, даласына әннен еңселі ескерткіш тұрғызып кетті. Мысалы, Париж Эйфель мұнарасымен, Мәскеу Кремлімен танымал болса, қазақ елінің сол кездегі астанасы Алматы Шәмші әнімен әйгілі болды. Өйткені бұрын-сонды ешкім Алматыға «Бақыт құшағында» сияқты символ жасай алған емес...



Шәмші өмірінен хабарсыз адам композитордың сиқырлы сазға, ерке назға толы әсем әндерін тындап отырып, оны топан су тобығынан келмей, жалған дүниені жалпағынан басып өткен жан ретінде елестетер де. Шын негізінде, әркім өзінде жоғын жырлайды, өзінде жоғын армандайды. Ол туралы Шәмшінің өзі де: «Елдің бәрі менің образымды «Бақыт құшағында» деп ойлайды. Ал менің өмірім «Қайықтағыға» ұқсас. Мен өмір бойы ескексіз қайықта өттім» десе керек.



Мен кейде Шәмшінің аспан тектес әндер туғыза алғанының құпиясы оның адами кірден, пенделік қам-қарекеттен ада бекзат болмысында жатыр ма деп ойлаймын. Бұл ретте, композитордың өнердегі қанаттас інісі Нұрғали Нүсіпжанов та: «Шәмшінің ішкі сұлулығы, мінезі, ақыл-парасаты керемет болатын. Жолдастық «сіз», «бізі» мен азаматтығында иненің жасуындай жалғандық болмайтын. Табиғатынан тектілігі, мәдениеттілігі сондай, ол мейлі үлкен болсын, мейлі кіші болсын, бір адамның сөзін бөлмейтін, бір адамға дауыс көтеріп сөйлемейтін. Жүрегінен шыққан әрбір әні халықтың аялы алақанында тербеліп жүргеніне, елдің өзін соншалықты төбесіне көтергеніне қарамастан, Шәмшінің бір масайрап, желпінген кезін көрген емеспін. Әр уақытта бетегеден биік, жусаннан аласа болып жүретін. Езуінде әдемі ғана жымиған, тәтті күлкісі тұратын...» дегенді айтады.


Тектілігінен ғой, әйтпесе:
Даламенен жүресің, тау асасың,
Көресің биігін де, аласасын.
Кенезең кепкенде бір лай суға,
Кез келген мақұлықпен таласасың...ол – деп Мұқағали айтпақшы, әлдекіммен таласатындай, тайталасатындай жағдай Шәмшінің басында болмады ғой дейсіз бе?.. Бірақ ол өзінің бағасын білді. Нұрғали Нүсіпжанов айтпақшы, «Мен мықтымын!» деген композиторлардың ойына кіріп-шықпаған керемет дүниелер туғыза тұрып та...», кісілігінен, кішілігінен танбай кетті.


Ал «баға білместер» Шәмшіге «композитор» деген атты қимай, алысты. Олардың айтуынша, Шәмшіге «сазгер» деген ат лайық. Ал «композитор» деген атақ алу үшін адам арнайы композиторлық оқуды бітіруі керек екен. Ол да дұрыс шығар. Бірақ бәленбай жыл оқып, арнайы диплом алған сол оқымыстылардың қайсысы Шәмші музыкасымен тендесе алар музыка туғызды?..



Консерватория бітірген сол көп «композитор» мен бір ғана Шәмшінің өзін халық сүйіспеншілігі таразысына салып тартар болсақ, қайсысының салмағы басым болар еді?.. Оны тәптіштеп жатудың өзі артық. Әзірге айтарымыз – қазақ деген ұлт барда Шәмші тірі, Шәмшінің әндері тірі.



 


 Шәмшінің жылауы


Шәмшінің бұл өмірде тартқан тауқыметі аз емес-тін. Әйтсе де оған «Қазақ ССР өнеріне еңбегі сіңген қайраткер» деген атақ берілер ме екен?» деп күтіп жүрген күндердің сарсылдырған азабын айтып жеткізуге тіл жетпейді.


Бұл 1989 жылдың жаз айы болатын. Біз Шымкенттің түбіндегі Ленинск деген ауылда Темірбеков Райымқұл деген музыкант жігіттің үйінде қонақ болып отырғанбыз. Таңертеңгілік газетті қарап отырған Шәмшінің дауысы оқыс шықты.


– Мә! –деді ол маған газетті ұсынып, – мына указды оқы.


Мен қарасам, газетте Шәмшіге «Қазақ ССР-на еңбегі сіңген мәдениет қызметкері» деген атақ берілген указ жарияланыпты. Екеуміз бір-бірімізге жалт қарастық. Сағаттың да тықылы тоқтап қалғандай болды. Жүрегімізде жүретін бір әдемі сарын бар еді, ол да сап тиылды... Ал, ең бастысы, екеуміздің бар үмітіміз бірден үзілді. Әсіресе, Шәмшінікі. Себебі, бар өмірін шығармашылықпен өткізген Шәмшіде не еңбек кітапшасы, не стаж жоқ болатын. Сондықтан да оған зейнетақы тиісті емес-тін. Егер оның композиторлық еңбегі бағаланып, «өнер қайраткері» деген құрметті атақ алса ғана арнайы зейнет ақы алатын. Ал, «үздік мәдениет қызметкеріне» ондай ерекшелік тиіс емес.


– Иә, бәрі бітті... Тынды... – деді Шәмші терең күрсініп. – «Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын» деген екен біреу...


– Апырай неге бұлай етті? Олардың бұл ісі сізді композитор емес, автоклуб бастығы дегені ғой, – деп қалды Райымқұл.


Иә, кім десе, о десін! Әйтеуір, Шәмшіге зейнетақы жоқ. Бүкіл қазақ халқына 35 жыл рухани азық берген Шәмші, енді алпыстан асып, еңкеюге айналған шағында көк тиынсыз қалды деген сөз бұл.


– Дүниеде не нәрсе терең? Қай көл? – деді Шәмші даусы әрең шығып.


– Білмеймін. Мүмкін, Байқал шығар..


– Жоқ, көңіл,– деді Шәмші. – Бірақ сол көлдің шөлге айналғаны жаман... Құдайым, Байкал суала көрмесін.


Мен Шәмшіге жалт қараған едім, есіл ер жылап отыр екен. Екеуміз үш жыл бірге жүргенде мен Шәмшінің шын жылағанын көрген емеспін. Жүрегі нәзік, өзі сезімтал Шәмші оп-оңай көңіл босап, көзіне үйірілген қос тамшыны үзіп тастап отырушы еді. Ал бұл жолы шындап жылады. Әлдекімдердің оңдырмай атқан оғына қолынан бар келгені ғой, көз жасымен жауап берді. Шәмші бала сияқты қорғансыз, кейуана секілді дәрменсіз еді. Сондай адамды жылату адам жүрегіне қуаныш егетін әсем әнді жылатқандай боп сезілді маған...


(Оразбек Бодықовтың Шәмші жайлы хикаяттарынан алынды)


 


БАҚЫТ ҚҰШАҒЫНДА


Өлеңі Т.Молдағалиевтікі


Әні Ш.Қалдаяқовтікі


 


Көзіңнен бір ұшқын,


Ұшты ма білмедім.


Әйтеуір нұр құштым,


Әйтеуір гүлдедім.


Көктемнің бұлбұлы,


Кеудеме қонады.


Құшаққа қыр гүлі,


Толғандай болады.


 


Қайырмасы:


Кел, билейік, кетпе менің қасымнан,


Қызғалдағым, таң нұрымен ашылған.


Сезім, шіркін, ақ жаңбырға ұқсайды,


Алматыда жаңа жауып, жаңа жауып басылған.


 


Әнбісің төгілген,


Жырмысың армандай.


Бір бақыт көрінген,


Жақындап қалғандай,


Жанардың ұшқыны,


Жүректе жанады.


Қолыңның ыстығы,


Қолымда қалады.


 


Күнәсіз шуақпын,


Жаныңа үңілген.


Мен бүгін бұлақпын,


Ілгері жүгірген.


Сүйемін мен күнді,


Көңілді, жалынды,


Сен биле, еркімді,


Әлдиле жанымды. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

18:15

17:37

17:25

17:10

16:47

16:14

15:45

15:33

15:25

15:14

15:11

14:51

13:24

12:38

12:24

12:23

12:18

11:58

11:53

11:48

11:23

10:24

10:07

10:06

09:55