Қаңтар оқиғасы - қоғам мен билік арасындағы диалогты қажет етіп тұр
Билік наразы топпен диалогқа барып, дер кезінде мәселені шешіп отырса, онда қоғам шиеленістің одан әрі асқынуына жол бермейді. Бұл туралы конфликтолог Руслан Ахмағанбетов Almaty-akshamy.kz сайтына берген сұхбатында айтты.
- Алғашқы сұрағымызды қоғам қай кезде шиеленіске барады дегеннен бастасақ?
- Шиеленістің орын алуының себептері өте көп. Оның мәні мен мазмұнына байланысты. Яғни, барлық конфликтілерге бірдей өлшемді қолдана беруге болмайды. Ал енді сұраққа жауапты кешегі қаңтар оқиғасына қатысты тұрғыдан пайымдасам. Конфликті жағдайдың туындауының негізгі себебі ретінде әлеуметтік және экономикалық факторларды айтуда. Бұл аталған салаларда тиімді реформаларды қажет етеді. Мұндай мәселелер тек бізде емес, өзге де елдерде орын алып жатыр. Кейбір энергетикалық ресурстардың өз елімізде бола тұрғанына қарамастан, оның бағасының өсуі өзге де салаларға әсерін тигізеді. Міне, мұндай жағдайларда қоғамдағы наразылық күшейе түседі, оның артуы келесі кезеңге ауысады. Қоғамда әлеуметтік әділетсіздіктің немесе бай мен кедей арасындағы алшақтықтың, демографиялық өзгерістердің орын алуы, жұмыссыздық деңгейі сияқты мәселелері бар орта шиеленіске бейім келеді. Жалпы қаңтар оқиғасы шын мәнінде терең зерттеуді қажет етеді. Қоғам мен билік ортасында диалогты қажет етіп тұр.
- Жанжалға жеткізбеудің жолы, оның алдын алу тұрғысында не айтар едіңіз?
- Ең алдымен оның салдарымен емес, себептерімен күресуді жолға қою қажет. Айтып отырғаным әлеуметтік-экономикалық себептен туған шиеленіс жайлы. Мысалы, монополия орнаған жерде тауар бағалары негізсіз өсе береді, ал қызмет көрсету мен сапа кері кетеді. Бұл елдің наразылығын туғызады. Екіншіден, енді кәсіп бастап жатқандардың нарықтағы мүмкіндіктері төмен болады. Ол кезде кәсіпкерлердің де саны азайып, бәсекені төменгі деңгейге түсіреді. Егер бәсекелестік ашық формада орын алса, онда тауар мен тариф бағасына оң әсерін берер еді. Алдағы уақытта наразылықтың салдарымен емес, себептерімен күрессе шиеленіске жеткізбеудің ең басты құралы болар еді.
- Шиеленіс қандай жағдайда қайталануы немесе жойылуы мүмкін?
- Қоғамдағы қандайда бір шиеленіс пен наразылықтан үрейленудің қажеті жоқ. Біз сияқты кеңестен шыққан елдерде «идеалды» деген бір түсінік қалыптасқан. Шиеленіс – бұл фобия. Яғни, жанжалдан үрейлену. Кез келген жанжалдың себептері болады. Наразылық орын алғанда шерушілермен диологқа барып, мән-жайын анықтап, себебіне үңіліп, ондағы мәселені шешуге ұмтылса, онда қоғам шиеленістің одан әрі асқынуына жол бермейді. Кез келген наразылық сол қоғамдағы шешілуі тиіс мәселелерді айтудың формасы. Ал оны бірі үрей ретінде, ал екінші біреуі қоғамдағы өзекті сұрақтарды білудің жолы ретінде қарайды. Шиеленіс орын алмас үшін қарапайым халықтың мұң-мұқтажына, талап-тілегіне дер кезінде жергілікті атқарушы билік, әкімдер назар аударып, олардың тілектерін тыңдап және сол бойынша нәтижелі жұмыс жасауы қажет. Президент «Естейтін мемлекет» құрамыз деді, соны жергілікті басқарушы органдар іске асыра білуі керек, сонда жанжалдар орын алмайды. Дер кезінде мәселеге құлақ асса, оның шиеленісуіне де жол берілмейді.
- Сұхбатыңызға рахмет!