Осы күні әлеуметтік желіде кез келген дүниені жариялап, өзгелермен бөлісу қалыпты құбылысқа айналды. Тіпті қажылық сапарында құлшылықтан гөрі контентке мән беретіндер қатары көбейгендей. Қасиетті мекенге жолы түскендер жасаған құлшылықтарын желіде жариялауға асық...
Сурет: әлеуметтік желіден, коллаж
Бұрын «Меккеге барып келіпті» деген әңгіме сирек естілетін. Қазір әлеуметтік желілерді ашсаңыз, қажылықтағы сәтін, Қағбаны айналған кезін, қара тасты сүйген кезде көздеріне жас алғандарын фото және видеомен бөлісіп жатқан әнші-блогерлер жетерлік. Әр сәтін таспаға түсіретін мобилографы қасында. Адамдар тапталып қалатындай жағдайда жапа-тармағай қасиетті тасқа ұмтылғанда әр сәтті таспаға түсіріп алудың өзі құлшылықтан асып түспесе, кем емес. Сонда құлшылықты жария ету – парызды орындау ма, әлде контент жасау ма?
Сурет: әлеуметтік желіден, коллаж
Қажылық – Исламның бес парызының бірі. Мұсылман баласына өмірінде бір рет қажылық жасау – Алланың алдындағы міндет. Десе де, дін мамандары жүрекпен жасалатын мұндай құлшылықтың мақтанға айналып, сырт көзге жария етілуін онша құптамайды.
Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлы бұл туралы былай дейді:
«Меккеге адамдар әртүрлі мақсатпен барады. Кейбірі сағынышпен қайта-қайта барса, ол құпталады. Ал енді біреулер мақтан үшін барады. Бұл дұрыс емес, тіпті күнәға себеп болуы мүмкін. Шамасы жетпей, өз отбасын, айналасын қиындыққа қалдырып баратындар да бар. Мұндай әрекеттер де құпталмайды».
Демек, қажылық – біреуге көрсету үшін емес, шынайы ықыласпен сауап үшін жасалатын ғибадат.
Шымкент қаласы бас имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміровтің де бұл мәселеге қатысты пікірі ұқсас:
«Қазір қажылық сертификатын тойда сыйлап жүргендерді көріп жүрміз. Бұл – игі ниеттен туған әрекет болуы мүмкін. Бірақ қажылыққа баратын адам арнайы дайындықтан өтуі тиіс. Умраға да жиі барып жүргендер көп. Бір барған соң, екіншісінде еңбек адамын немесе жастарды жіберу – үлкен сауап».
Ал белгілі имам Нұрлан Байжігітұлы қажылықтан кейін дін насихаттауға кірісіп, топ жинап, компания ашатындарға алаңдайды:
«Діни үкімді тек арнайы діни білімі бар адам айтуы керек. Қажылықтан соң шариғат мәселесіне араласу – қауіпті үрдіс. Дін – терең ілім. Оны тек маман жеткізуі тиіс».
Қажылық пен умраның айырмашылығы қандай?
Қажылық – зул-хижжа айында ғана өтелетін парыз құлшылық. Ал умра – жылдың кез келген уақытында жасалатын «кіші қажылық». Қос құлшылық бір жерде жасалғанымен, дәрежесі бірдей емес.
Белгілі дінтанушы, теолог, ұстаз Арман Қуанышбаевтың пікірінше, «умра – қажылықтан гөрі, көбіне зиярат сипатты амал». Оның кіші қажылық деп аталуының мәні де осында.
Қажылықта Арафа тауында тұру, Мұздалифада түнеу, Минада бірнеше күн болу секілді рәсімдер бар. Бұл амалдар қажылықты кемінде төрт күнге созады. Ал умра бірнеше сағат ішінде аяқталуы мүмкін.
Қажылықтың «тәмәттуъ» түрінде адам әуелі умра жасап, кейін парыз қажылығын өтейді. Бұл – үлкен сауапқа кенелудің мүмкіндігі.
Қажылыққа бару оңай ма?
Иә, бүгінде қажылыққа жол ашық. Түрлі туристік агенттіктер қызмет көрсетіп, қажыларға арнайы гидтер жол бастап жүреді. Егер 1991 жылы Қазақстаннан небәрі 21 адам қажылыққа аттанса, бүгінде бұл көрсеткіш бірнеше мыңға жетті. Биылдың өзінде 4 500 отандасымыз қажылық парызын өтеген.
Алайда соңғы жылдары қажылық сапарын бизнеске, тіпті алаяқтыққа айналдырғандар да кездесті. Осыдан бірер жыл бұрын Алматыда Kausar Travel компаниясы қажылыққа барамыз деген 57 адамды жолда қалдырғаны есте. Әр қажыдан кемінде 1000 доллар алып, уәде еткен сапарын орындамай, біраз адамды сан соқтырып кеткен еді.
Биыл, қаңтар айында осыған ұқсас жағдай қайталанды. «Жазира Тревел» атты туристік фирма 180 адамды қасиетті мекенге апарамыз деп алдап, ақыр соңында қаражаттан да, қажылықтан да «қақты».
Қажылық құны қанша?
Ғаламтордағы ақпаратқа жүгінсек, кіші қажылық, яғни Умра сапарына «Стандарт» пакет (9-14 күн) құны - 700 мың - 1млн. теңге аралығында. Енді бір туристік фирмаларда бұл баға 2 млн 900 мыңнан басталып, 4 млн.300 мыңнан асады екен. Ал үлкен қажылықтың орташа бағасы 3 млн.теңгеден басталып, 7 млн теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Қажылық – саяхат емес
Қажылықты бизнеске айналдырмау керек. Бұл – дін мамандарының ортақ пікірі. Қажылық – біреуге көрсету немесе мақтан үшін жасалатын саяхат та емес. Сондықтан да оны шынайылықпен, діни сауаттылықпен және жауапкершілікпен атқарған абзал.
Қажылық – бес парыздың бірі. Бұл құлшылықтың сыртқы сәнінен бұрын, ішкі мәніне үңілу маңызды. Жан мен жүрек арқылы жасалған құлшылық қана Алланың разылығына жеткізеді. Ал мақтан үшін жасалған амал – бос әурешілік.