Ол соғысқа 18 жасында аттанды. Бұл бәрімізге сол кездегі ортақ Отан үшін күрес еді. Оны бірнеше жылдар өткен соң бұдан да зор ұлт үшін күрес күтіп тұрған еді. Бұл жөнінде сәл кейінірек.
Ол даңқты 8-ші гвардияның Панфилов дивизиясының құрамында Мәскеуден Балтық теңізіне дейінгі аралықта майдан жолынан өтті. Қатардағы сарбаздан гвардия капитанына дейін өсті. Ол Латиф Қожықовтар әулетінің ең кенжесі еді. Жеңіс туы желбірегенде жүрегі атқақтаған оның «Аяулы апа! Біз жеңдік. Сене алар емеспіз. Соғысқа нүкте қойылды. Ең бастысы, біздің сеніміміз бізді жеңіске жеткізді. Бұйыртса, таяуда елде боламын. Қатты қысып сүйдім» деп елге сәлем хат жолдағаны бар.
Жібектің далаға лақтырғаны таза күмістер еді
Алайда, ол ешқашан «Мен соғыстым. Осынша марапат, атақ алдым» деп кеуде қағып мақтанбайтын.
Тіпті, соғыстың болғанын да ұмытып кететін. Оның мінезі тік, бірбеткей еді. Әділетсіздік атаулыға жаны шыдамайтын.
Оның осы мінезін «Қыз Жібек» фильмінде режиссердің ассистенті болған Болат Шәріп былай тап басып танып айтып еді. «Никита Михалков айтқандай, «режиссура ең алдымен мінез, шығармашылық жөнінде сосын айтуға болады».
Қазақ руханияты тарихында «Қыз Жібек» көркем фильмінің алатын орны жөнінде айтсаңыз, әңгіменің ұшы-қиырына жетпес едіңіз. Мұндай ғажайып ғасырда бір туар, не тумас. «Қыз Жібек» фильмі түсіріледі дегеннен ел елеңдескен. Алайда, халықтың соншалықты биік құрметіне бөленген осынау ұлттық классиканы түсірудің қаншалықты бейнетке түскенін де біреу білсе, біреу білмес, әрине.
«Қыз Жібектің» дүние есігі тарихын ашуы қысқаша айтқанда былай.
Сол кездегі «Қазақфильмнің» директоры, қазақ мәдениетінің, оның ішінде киноның дамуына зор өлшеусіз үлес қосқан Камал Смайылов Мәскеуге үш сценарий апарған. Оның біреуін жаратпаған. Бұл жаратпаудың соңы «Қазақфильмнің» бір жылдық бюджетін жұтатып кетіп еді. Бұл ретте Ғабит Мүсіреповтің кино сценарийі «Гәкку» жөнінде әңгімелеген дұрыс.
Жібек пен Төлеген махаббатының тарихын фильмге түсіру ә дегеннен халық қолдауына ие болды. Оны мынадай бір ғана мысалмен дәлелдеуге болады. Фильм түсірілетін жерде ауыл адамдары үйлеріндегі ертеден қалған бар жәдігер, асыл заттарын толассыз алып келіп жатты. Естеріңізде болса, фильмде ат үстінде қуаныштан жүзі қанкөбелек ойнап келе жататын Жібек қолындағы, мойнындағы, білегіндегі сәнді бұйымдарын лақтыратыны бар еді ғой. Бұл заттар жай жылтырақ (бутафория) емес, шын мәніндегі күмістен жасалған әшекейлер еді. Сондай-ақ, әркім де білетін мына бір оқиға да керемет емес пе? Зообақтан аққуларды алып келгенде оларды суға жіберіп, билету қиынға түседі. Оның орнын қазбен ауыстыруды да ойлайды. Ақыр соңында Н.Тілендиевтің «Аққу» күйі орындалғанда аққулардың таранып, билей жөнелгені, біртіндеп жағаға жақындағаны бар.
Кино тобының жұмысы таңғы сағат алтыда басталып, түннің біруағына дейін созылатын. Алқызыл гүлдер, ғажайып табиғат аясында киноэкспедиция мүшелері күніне 30-40 шақырым жаяу жүріп отырған. Лагерьге түнгі он екіде оралысымен, келесі күннің сюжеті, түсірілімі туралы әңгіме қайта басталады. Қожықовтың қаталдығы мен талапшылдығы туралы аңызға бергісіз әңгіменің де тарайтыны осы кез. Тіпті, кейбіреулер ең жүйрік, асау атқа Сұлтан деген атау беріпті. Қысқасы, фильм түсірілмей жатып, ол жөніндегі әңгіме аңыздай тарады. Бір серияға бөлінген 850 мың рубльдің орнына 650 мың рубль бөлініп қысым көрсетілді. Ғабит Мүсірепов сценарийді қысқартудан бас тартты, ал Қожықов кадрларды ықшамдап, басқаша импровизацияға көшті.
20 рет сөгіс беріліпті
Бұл әңгіме Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Қонаевқа жетісімен жедел тапсырма беріліп, киностудия директоры Камал Смайылов қуана-қуана тағы да қосымша 250 мың рубль бөлді. Дейтұрғанмен, үлкен форматты екі сериялы фильмді аяқтау үшін бұл қаражат та жеткіліксіз еді. Ақыр соңында пленканы үнемдеуге тура келді. Фильмді түсіру барысында Қожықовқа 20 рет сөгіс беріліпті. «Қазақфильмнің» әрбір жиыны «Қыз Жібекпен» басталып, «Қыз Жібекпен» аяқталды. Уақыт өтіп барады, кешігу, пленкалар шығыны шаш-етектен кетіп жатыр, т.б. Бүгінгі күннің тілімен айтсақ, осының бәрін продюсердің ерлігіне балаушы едік. Ал ол тұста ұлттық дүние жасау иненің үстінде отырғанмен бірдей еді. Алайда, сол кездің өзінде Сұлтекең Төлегеннің эпикалық кейіпкер екеніне қарамастан шашының қысқа емес, қайта ұзынырақ болуын қалаған. Өйткені, режиссер сондай кескінде кейіпкердің жастар аудиториясына жақындай түсетінін ойлаған және ол ойы дұрыс шықты. «Қыз Жібек» бюджетке екі есе пайда түсірді. Халық оны тік тұрып қабылдады.
«Қыз Жібек» түсіріліп біткеннен кейін Қожықов күйзеліс күйін кешті. Небәрі 46 жастағы режиссердің шашы бурыл тартып, 10 жасқа қартайып кетті. Фильмді монтаждау кезінде инфаркт алды.
Фильмді көркемдік кеңес қабылдар кезінде зал кісіге лық толды. Алғашқы болып сценарий авторы Ғабит Мүсірепов сөз алды. Фильмді түсіруге дейін режиссер мен сценарийші арасында қатаң әңгіме болған еді. Осының бәрін еске ала келе классик қаламгер «естеріңізде болар, мен кезінде фильмді тәуір дегеннің өзінде қолдамаңдар дегенмін. Ал енді бүгін Қожықовтың ғажайып фильм түсіргеніне көзім жетіп отыр» деді. Фильмде режиссердің ассистенті болумен қатар, стенографист қызметін атқарған Болат Шәріпов жазушының осы сөзін қаттап жазып қойыпты.
«Қыз Жібектің» даңқы алысқа кетті. Оны көптеген елдер сатып алды.
Жібектің анасын сомдап, фильмнің суретшісі болған Гүлфайруз Ысмайылова сол күндерді былайша еске алады.
– Бельгия кино институтында «Қыз Жібектің» көрсетілімі болды. Кинодан соң олардың түр-түсі біртүрлі қашып кеткендей көрінді. Асанәлі екеуміз қатты толқыдық. Ол маған жалтақтап қарай берді. Мен «масқара болдық-ау» деп ойлағанымша болған жоқ, сәл паузадан соң барып зал толы көрерменнің қошеметі залды жарып жібере жаздады.
Ай сайынғы табысы 40 рубль ғана болды
Міне, елді осындай қошеметке бөлеген фильм режиссер тағдырын басқа арнаға бұрып жібереді деп кім ойлаған. Ол бұдан кейін 15 жыл бойына мұндай форматтағы фильм түсірген жоқ. Бірде дыбыс режиссері Қадыржан Қосайға «менің ай сайынғы табысым 40 рубль ғана» деп мұңын шағыпты.
«Оның үстінде бір дұрыс костюмі де болған жоқ. Мемлекеттік сыйлықты тапсыру кезінде ескілеу костюммен келді», – дейді Қадыржан Қосаев.
Осынау мәртебелі сыйлықты ол да, отбасы да қажетіне жарата алмады. Керісінше, фильмге кеткен пленканың шығынын толтыруға жұмсалған. Жұмыссыз жүрген күндері жазған сценарийлер «Қазақфильмнің» тақырыптық жоспарларына енбеген. Бұл мәселеге біржақты жауап беруге де болмайды. Бәлкім, «ой, оны қайтесіңдер, ол эпикалық фильмнің режиссері ғой» деген жауаптар да берілген болуы мүмкін. Ал эпикалық фильмдерге қазіргідей ол кезде де аз ақша жұмсалмайтын. Сондай-ақ, оның тік мінезі де көп адамға, әсіресе басшыларға ұнай қоймайтын.
Сұлтан Қожықовтың соңғы жұмысы әйгілі палуандар Қ.Мұңайтпасов пен И.Поддубный туралы еді. Әу баста сериал етіп жасалмақшы болған бұл туындының тағдыры да тығырыққа тіреліп, жолы қиын болды. Қажымұқан рөліне алынған Ә.Бекболатов пен Д.Золотухинді (И.Поддубный) олимпиада мектебіне француз күресін үйренуге жібереді. Алайда, оны ақшаны орынсыз пайдаланып жатыр деген желеумен тағы да «Қыз Жібектегідей» әңгіме өрбіткісі келгендер болды. Десек те, ол бұл фильмде өзінің ойға алған мақсатын жүзеге асыра алмады. Дұрысы, жүзеге асыртпады. Оның мақсаты – Қажымұқанның әлем алдындағы ұмытылмас сом бейнесін жасау еді. «Қыз Жібектей» фильм түсірген даңқты режиссердің атына бұл оңай соқпады. Ол сол биіктен түспеуді ойлады. Бірақ жүйе оның даңқын бүркей алмаса да, биігінен құлата алмаса да өз деңгейін білетін оған бұл фильмде одан да жоғары биікке шығу керек еді. Бірақ оған жол берілмеді. Әрине, жүрекке салмақ түсті.
1988 жылдың 10 наурызында сұрапыл суреткер Сұлтан Қожықов 65 жасқа толды. Ертесіне өмірден озды.
Биыл 95 жасқа толатын біртуар режиссердің әп-сәтте сылып тастайтын соқырішектен өмірден озғанын еске алсақ, өзегің өртенеді. Оның үстіне, жедел жәрдем қызмет көрсетуден бас тартқан дейді. Кім білсін?! Ол да мүмкін ғой.
Р.S. Қазақтың бүткіл шығармашылық элитасын жұмылдырып, «Қыз Жібектей» фильм түсірген адамға да жер басып жүру оңайға соқпаған болар. Дейтұрғанмен де, қолда барда қадірін білмегеніміз де рас. Бірақ бұның бәрі адами өкініш болғанымен, ұлт үшін еш өкінбейсіз. Өйткені, «Қыз Жібек» қалды, Қожықов қалды ғой. Алтыннан ескерткіш қоятын адамның бірі осы ғой. Ал қазіргі күні біз «Қыз Жібекті» түсіре алар ма едік. Міне, мәселе қайда жатыр? Атыс-шабыс, қан жоса триллер, экшн көріп отырмасымызға кім кепіл?!