Ұлттық ойыншықтарға бизнес, ақша көзі ретінде емес, ұлттық идеология тұрғысында қарау керек
Аялдаманы бетке алып келе жатсам, алдымнан көршінің бес жасар қызы шықты. Көзім балаға емес, қолындағы біртүрлі, қызық ойыншығына түсе берді. Әлгі ойыншықтың аяқ-қолы салақтап тұр, көзінің қарашығы шарасынан шығып бақырайып, қып-қызыл ерні құлағына дейін жеткен, тістері де біртүрлі, жиі-жиі орналасқан, сосын үшкірлеу ме, қалай өзі, әйтеуір тартымсыз, тіпті қорқынышты. Көрші қыз әлгіні мойнынан қылғындары ұстап алыпты, жүгіріп барады.
Хаги Ваги мен Киси Миси
Үйден сол шыққаннан Көкбазардан түстім. Сәйкестік пе, әлде кездейсоқтық па, алдымнан тағы бір бүлдіршін шықты, қолында тура бағанағы көршінікіндей тісі ақсиған көкпеңбек ойыншық. «Мені тағы көрдің бе» дегендей мені келеке етіп қарайтындай сол көк құбыжық. Не болса да бала ерекше қуанышты. Еріксіз анасын тоқтаттым.
– Иә, қазір осындай ойыншық трендте дейді ғой. «Әпер, әперіңдерші, балалардың бәрінде бар, мен де ғана жоқ» деп жүргеніне біраз болған-ды. Жалақы түскенде алып беремін деген уәдем бар еді, соны орындап алып бердім бүгін. 2000 теңге тұрады осы қол-аяғы салаңдаған бәле, аты да бар өзінің – Хаги Ваги, – деп күлді жас әйел.
Сенесіз бе, Көкбазардың сол жақ бетін түгел осы ойыншықтар жайлап алыпты. Түсінің тым ашықтығы соншалық, шақырайған күнмен бірге көзді қарып жібереді. Сұраныс көп болған соң тауар да көп болып тұрғаны ғой сонда.
Әлгі Хаги Ваги компьютерлік ойынның персонажы екен. Сосын оның күлгін түсті қалыңдығы – Киси Миси, апельсин түстес – Ван Панк, жасыл түсті – Сили Били, қызыл түсті – Скари Лари, сұр түсті – Грисс Висс және түрлі-түсті Лили Милли деген кейіпкерлері бар. О, тоба, бір ойыншықтың бірнеше түрі бар, балалап алған!
«Поп-ит» және «симпл-димпл»
Балалы үйде ойыншықтардың болатыны ақиқат. Былтыр, есіңізде ме, дүкен, базар біткенді осы «Хаги Ваги» сияқты «поп-ит» және «симпл-димпл» деген ойыншықтар жаулап алып еді ғой. Бұл ойыншықтардағы түрлі-түсті дөңгелектердің үстін саусақпен басқанда, дыбыс шығады. Сосын екінші бетін аударып, дөңгелектерді тағы басып шығасыз. Болды, басқа қызығы жоқ. Бірақ баласы бар үйдің бәрі жаппай сатып алып жатты. Себебі, тик-токтағы жарнамасы жер жарып тұрған болатын. Ал психологтар болса, бұл ойыншықтармен бала өз бетінше жалғыз әрі ешқандай ережесіз ойнаса, бала мақсатсыз бір қимылды қайталай беруді әдетке айналдырады деп дабыл қаға бастады. Дөңгелек ұяшықтары бар бұл ойыншығыңыздың тек екі жасқа дейінгі бүлдіршіндерге пайдасы болуы мүмкін екен. Онда да жанында үлкен адам болуы шарт. Ал антистресс ретінде әрекет етеді деген де бос әңгіме болып шықты. Негізі, бұл ойыншықтардың анықтамалығында аутизммен ауыратын балаларға арналған сенсорлық ойыншық деп жазылған екен. Бірақ оған мән беріп жатқан ата-ана болған жоқ. «Менің де балам елден қалмасын» деп жаппай сатып алып бере бастадық. Сөйтіп, баламыз сол ойыншықтармен ұйықтап, сонымен оянатын еді.
Кейін әлеуметтік желіде біраз ата-ана «Поп-ит» пен «симпл-димпл» деген ойыншықтардың түсін байқадыңыздар ма, ЛГБТ-ның туы түстес, бұл не сұмдық! «Батыстың цивилизациясын аламын деп, канализациясына түсіп кетпейік!» деп дабыл қаға бастады. Сол канализацияның иісі балаларымыздың бойынан шықпаса екен дейміз.
Қара базарда құн бар ма?
Байқасаңыз, бала ойыншықтарының түсі тым ашық, қанық болып келеді. Алыстан-ақ «менмұндалап» тұрған ойыншықтардан сақтанған жөн. Себебі, бояудың құрамында фенол, формальдегид, қорғасын элементтері бар. Бұл заттар адамның жүйке жүйесіне, көз бен тыныс алу мүшелеріне айтарлықтай әсер етеді екен. Бала кез келген нәрсені алдымен аузына салады, сондықтан ойыншық сатып аларда аса ұқыптылықпен қарағаныңыз абзал.
Елімізге келетін ойыншықтардың 70 пайызын Қытай өнімдері құрайды екен. Көпшілігінде, дәлірек айтқанда, 90 пайызында ешбір құжат жоқ. Сондықтан мұндай ойыншықтар көбіне кісі аяғы қалың жүретін базарларда сатылады. Шыны керек, баламызға бір сәттік қуаныш сыйлау үшін оның сапасының сын көтермейтінін біле тұра, мән бермей жатамыз. Әрине, дүкендердегі сапалы деген қымбат ойыншықтарды сатып әперуге бәрінің қалтасы көтере бермейді. Дегенмен де, баланың қауіпсіздігін де ұмытпаған абзал.
Тез жалықпасын десеңіз...
Демалыс күндері үйге сіңлімнің балалары келеді. Сонда сандық түбінен өсіп кеткен ұл-қызымыздың бұрынғы ойыншықтарын шығарамын. Үш балақай қызығып тұрып ойнайды кеп. Бала болғасын кетерлерінде өзімен бірге алып кеткісі келеді сол ойыншықтарды. Мен болсам «Үйлеріңе барғасын бұл ойыншықтың қызығы басылып, бәрі аяқтарыңның астында өз ойыншықтарымен бірге босқа шашылып қалады ғой. Одан да үйде қалсын, мен қайта жинап қояйын. Сосын келесі келгенде қайтадан қызығып ойнайтын боласыңдар» деп көндіремін. Расымен де, келесі келгендерінде әлгі ойыншықтармен жаңа көргендей қызығып, беріліп ойнай бастайды.
Иә, мамандар да ойыншықты балаға ауыстырып беріп отыру керектігін айтады. Себебі, бір ойыншықтан бала жалығып кетуі мүмкін. Ескі ойыншықты тығып тастап, уақыт өткеннен кейін көз алдарына қайта шығарсаңыз, баланың қызығушылығы қайта оянады.
Жасы ескерілгені абзал
Бала ойыншықпен өседі. Сондықтан балаларымыздың қандай ойыншықпен, нендей ойын ойнап жүргеніне мән бергеніміз жөн.
Бұрын, жас күнімізде балаға туа салып ойыншықтар сатып әкеле беретінбіз. Қызығып. Ойыншықтардың баланың жасына лайықтап алу керектігіне аса мән беріп жатпайтынбыз. Тіпті, жөргекте жатқан сәбиге батарейкамен ұшатын ұшақтар да, токпен жүретін көліктер де алып беріп жатамыз. «Өскенде ойнайды» деп қоятынымыз бар әуелі. Ал ол ойыншық сосын балаң өскенше сынып, қирап бітетін.
Егер балаңыз 3–5 жас аралығында болса, тым ұсақ емес құрастырмалы ойыншықтар әперген дұрыс екен. Біріншіден, балаңыз оны аузына салып, жұтып қоюы мүмкін. Екіншіден, өте кішкентай бөлшектерді құрастыруға баланың қабілеті жете қоймайды. Құрастырмақтар баланың ақыл-ойын дамытуға ауадай қажет.
Әлгі айтқан құрамында пропеллері бар тікұшақтар, сондай-ақ, басқа да ойыншықтар жасөспірімдерге арналған. Кішкентайлар мұндай ойыншықтарды қалай қолдану керектігін біле білмейді. Сондықтан жұмыс істеп тұрған пропеллердің арасына саусағын сұғып алуы мүмкін. Ойыншық қарулар да жас балаға зиян. Оны қолданған кезде балалар атуға болатын қашықтықты сақтай бермейді. Ақырында бала өзінің не өзгенің бетін немесе көзін зақымдап алып жатады. Сондықтан ойыншықтардың бала жасына лайықты таңдалғаны абзал.
Ұлым және ұлтым үшін!
Бір өкініштісі, қазақ балаларына ермек болар ұлттық ойыншықтарымыз көп болмай тұр. Болған күнде де қолжетімсіз. Балақайларымыз әлі күнге түр-сипаты түсініксіз құбыжық мульткейіпкерлермен, вампир-қанішерлермен, түрлі роботтармен ойнап жүр. Қазақ баласы қашан қазақы ойыншықтармен ойнайды? Жауап жоқ.
Айтпақшы, осыдан бірнеше жыл бұрын Шымкентте тұңғыш рет ойыншық шығаратын цех іске қосылған болатын. Жақсы жұмыс істеп жатыр деседі. Бүгінде онда балаларға арналған жүк көліктерінің модельдік ойыншықтары, баланың өзі де отырып айдай алатын «Талакар» ойыншық көлігі, құрастырмалы ойыншықтар шығарылады. Ең маңыздысы – ойыншықтардың еліміздің санитарлық-эпидемиологиялық нормаларының барлық талабына сай. Ойыншықтарды жасауда пайдаланатын шикізіттар токсикологиялық жағынан қауіпсіз, балалардың денсаулығына ешқандай зияны жоқ дейді мамандар. Бағасы да қолжетімді.
Дегенмен, ұлттық ойыншықтарға бизнес, ақша көзі ретінде емес, ұлттық идеология тұрғысында қарау керек шығар, бәлкім. Сонда «ұлым үшін» деген бізге сол бала «ұлтым үшін» деп қарайтын болады.