«Тағзым» - жаңа дәуірдегі тағдырымызды анықтау.
Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин Алматы шаһарында ашылған «Тағзым» атты мемориалына байланысты өз пікірін ортаға салды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Арғы кеңестік дәуірді, бергі тәуелсіздік дәуірін айтпаған күннің өзінде, Алматы - ежелден тамырын тереңнен тартатын, тау-тасы, топырағына дейін сөйлеп жатқан ұлы шаһарымыз. Міне, кейінгі отыз жыл еншілеп берген біздің Алматы - азаттығымыздың алтын бесігі деген киелі ұғыммен ұлт жадында жаттала бастады.
Осы жылдың басында орын алған қаңтар оқиғасы сол алтын бесігіміздің басына ғана емес, Алаш жұртының басына қайғы бұлты болып үйіріліп, қабырғамызды қайыстырағанын қалай жасырамыз. Бұл оқиғаға мемлекеттік тұрғыдан, халықтық немесе ұлттық тұрғыдан қарасақ та, біздің ұлы шежіре-тарихымызға енген қасіретті күндер. Кеше Алматы төрінде «Тағзым» атты мемориал ашылды. Оның салтанатты ашылуында сөз сөйлеген Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев іргелі кешеннің сол ел ішін бір сәтте теңселтіп тастаған қаралы күндерді ұмытпау, одан сабақ алу және келер ұрпақтың қайталамауы үшін ашылғанын атап өтті.
«Тағзым» өткенімізден сабақ беретіндей, қатемізді, жіберген "әттеген-айларымызды" көз алдымызға тағы бір мәрте әкелетін және ұлт ретінде, ұрпақ ретінде бізге ұятымызды бекіте бастайтын, екіншіден, қайғы-қасіретімізден қорытынды шығаратындай, намысымызды қамшылайтындай әдемі бір архитектуралық кешен болып шығыпты. Біз мұны көріп отырып, кешегі қаңтар қасіреті кезінде жасаған қателіктерімізді танимыз.
Алматының әр тасы, әр көшесі осыған дейін қалай тарих болып, тұлғалардың тағдыры болып сөйлеп, кешегі ауыр күндердің көзіндей болып, тіл қатып отырса, мына «Тағзым» жаңа дәуірдегі тағдырымызды анықтау, бағытымызды белгілеуге, бірігіп отырып жаңа сипаттағы жаңа қоғамда қалай жасау керек деген сауалдарға жауап табуға көмектесетін тың кешен деп ойлаймын. Тіпті, ерте дәуірдегі Күлтегіннің, кешегі Бұқар жыраудың, Төле бидің, Қаз дауысты Қазыбек бидің, бертіндегі Алашорда көсемдері Әлихан Бөкейханов, Мұхтар Әуезовтің, күні кеше қатарымызда жүрген ақиық ақын Мұқағали Мақатаев сынды тұлғалардың қашап жазылған ұлағатты сөздері отаншыл ұлттық ұрпақты тәрбиелеуге және артыңа бұрылып қарап отырып, алдыңдағы жолыңды адаспай табуға көмектесетін кешен болды бұл.
Бұл кешегі «Қаңтар оқиғасының» ғана қасіретін еске салып қоймай, өзімізді тануға жетелейді. Бұл поэтикалық ұлттың өз мүмкіндігін өзі бағалауға бағыттайтын үлкен мағыналы туындының дүниеге келгенін аңғартады.
Сондықтан айбыны мықты, айдыны кең, тамыры терең, тұрпаты бөлек халықтық рухтағы мемориалдық кешен үлкен-кішіге ой салары сөзсіз.