Заңғар жазушының асыл бейнесін тұлғалаудың үздік үлгісі ретінде қазақ руханиятының алтын қорына қосылды
Отызыншы жылдардың ортасында қазақтың қаймағы болған арыстарымыз, руханиятымыздың көшбастаушылары репрессияға ұшырап, ұлтымыздың болашағына енді қалай қам жасаймыз деген тұста, Құдай қолдап, 1934 жылы Қазақ университеті ашылды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен сталиндік режимнен ғайыптан аман қалған ұлт зиялыларының барлығы, Алаштың бас көтерер азаматтары, қайраткер ұлдары мен қыздары осы білім ордасының төңірегіне топтасты. Олардың миссиясы – ұлтымыздың санасын оятып, болашаққа мықты буын тәрбиелеу еді. Ұлттық ғылым мен білімнің іргетасы осы шаңырақта қаланды. Мұнда әлемдік деңгейдегі ғылымның үздік жаңалықтары бастау алып жатты. Бір ғана ұлтымыздың кемеңгер қаламгері, әлем таныған саңлақ жазушы Мұхтар Әуезовтің отыз жылға жуық табан аудармай Қазақ ұлттық университетінде сабақ бергендігі неге тұрады?! Руханиятымыздың осы қарашаңырағында «Абай жолы» роман-эпопеясын жазып, қазақ фольклорының тарихынан қайталанбас лекциялар оқыды, «Манастану», «Әлем әдебиетінің тарихы», «Алаштану» атты жаңа ғылыми дәрістердің негізін қалады.
Ұстаз бен шәкірт
Әуезовтің алдын көрген, дәрісін тыңдаған, тағылым-тәрбиесін алған қаншама буын қазақ жастары кейін қазақтың қабырғалы қаламгерлері атанды. Олардың ішінде мемлекет және қоғам қайраткерлері қаншама. Айталық, кеше ғана дүниеден озған академик-жазушы, профессор Зейнолла Қабдолов «Менің Әуезовім» атты романында осының барлығын бейнелі тілмен төгілте суреттеді. Мемлекет қайраткері Ә.Кекілбаев кезінде Әуезов тағылымын тереңнен тартып, өз мақалаларында қанша рет толғанды. Әуезов қаламының өз шығармашылығына тигізген игі әсерін айтты.
Мұхаңның сол кезеңдегі өмірінің куәсі болған, жазушы төңірегіндегі орын алған барлық қалың оқиғалардың ортасында жүрген, солардың барлығын көкірегіне түйіп, ой елегінен өткізген жас шәкірт, жазушы Зейнолла Қабдолов бұл тақырыпқа кездейсоқ келген жоқ. Ұлы Мұхаңның бес жыл бойы шәкірті бола жүріп, кейіннен он жылға жуық бір кафедрада қоян-қолтық еңбек еткен жылдарындағы жүрегімен қабылдаған бар оқиғаларды төгілтіп кітап бетіне түсірді.
Кішкене шегініс жасасақ, сонау қиян түбіндегі Доссорда, Ембі – Атырау топырағында дүниеге келген бозбала Зейнолла Қабдолов сол тұста қол жетпес тұлға, ұлы суреткер Мұхтар Әуезовтің өзімен жолығам, сапарлас, тағдырлас боламын деп ойлады ма екен...
Талант көзі ауылда, мектепте жүргенде-ақ ашылды. Аудан, облыс мойындаған ақын бала атанды. Сөйтіп, жазушы, әдебиеттанушы – ғалым болам деген үлкен арман жетегінде жүрген жас талапкер Алматыға бірден ат басын бұрады. Қара шаңырақ, бүгінгі әл- Фараби атындағы Қазақ университетінің филология, яғни қазақ тілі және әдебиеті факультетіне 1945 жылы студент болып қабылданады. Тағдырдың жазуы, осы сәттіліктің өзі сол кезде Мұхаңның тікелей қолдауымен жүзеге асады.
Академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовім» роман-эссесі 1997 жылы «Санат» баспасынан жарыққа шықты. Көлемі 225 беттік роман-эссенің тақырыбы мен негізгі сюжеттік арқауы қазақ әдебиетінің классигі, заңғар жазушымыз Мұхтар Ә уе зо вт і ң ө м і р б а я н д ы қ т а ғ д ы р ы н а , қаламгерлік, ұстаздық қызметінің үлкен бір белесіне негізделіп жазылған көлемді прозалық шығарма.
Мәңгілік ескерткіш
Ұлы Мұхаңның, Мұхтар Әуезовтің алдын көрген, дәрісін тыңдаған, сүйікті шәкіртіне, жылдар өте келе дос-інісіне айналған Зекеңнің таланты, дарыны ұлы суреткердің назарын бірден өзіне аударып, ғұлама ғалымның ұзақ жылдар бойында терең ілтипатына бөленді. Шәкірт Зейнолла Қабдолов та өз кезегінде ұзақ жылдар бойында Ұлы ұстаз еңбегін бір сәтке де көзден таса қылмай, әрдайым Мұхаңның, Мұхтар Әуезовтің әр жанрдағы, әр жылдардағы шығармашылық мұрасын жинаумен, жазумен, зерттеумен, насихаттаумен ғұмыр кешті. Студент жастарға арнап «Әуезовтану» атты арнайы курс дайындап, соны оқытуды өмірінің соңғы сәтіне дейін бірде-бір рет тоқтатқан емес. Осы еңбегінің түйіні ретінде Мұхтар Әуезовтің 100 жылдығына орай қаламгер Ұлы ұстазының рухына бағыштап, өзінің ұзақ жылдар бойы қимас асылындай жан дүниесінде тербетумен, ұштаумен, шыңдаумен келген еңбегін «Менің Әуезовім» атты романына ұластырды.
«...Көрген жерден көзді арбап, көңілді қоса баурап әкететін ғажайып сурет – тағы да айтайын, – Әуезовтің өлшеусіз кең, керіле жарқыраған әжімсіз жазық маңдайы мен төбесінен тайғанай сусып барып самайға ұйлығып қалған – оң шекеде бір уыс, сол шекеде бір уыс – шөкім-шөкім бұлт тәрізді көк мамық шашы. Сократ – маңдай деген болады деуші еді, сол осы екен ғой деп сүйсіндім ішімнен, кеудемдегі күллі дірілмен түйсініп...», – деп алғашқы әсерді суреттеуден басталатын көп қырлы, қымбат дүниесі – роман-эссесі арқылы өзінің ұстазына мәңгілікке қалатын көркемсөзден ескерткіш соқты. Осылайша қаламгердің әрдайым жүрегіндегі асыл бейне ұлы көркем туындының бас кейіпкері болып оқырманға тіл қатты.
Ұлы Мұхаңның ұлы тұлғасы бұл туындыда айырықша әсерлі, терең сөз құдіреті арқылы қазақ жүрегіне жол т артты. М.Әуезовтің ЮНЕСКО көлемінде аталып өткен мерейтойына арналған біртуар дүние болды. Зекең қаламынан шыққан көркем прозаның барлығы, ғылыми-зерттеу еңбектері, бір сөзбен айтқанда, тұтас адамдық, азаматтық, ұстаздық және шығармашылық тағдыры ұлы Мұхаңның суреткерлік әлемімен терең астасып жатты.
Әсіресе, Мұхаңның балалық кезеңі өткен туған жері – Семей, Шыңғыстау, Бөрілі өңірінің суреттемелері, атасы Әуездің, немере ағасы Қасымбектің болашақ жазушыға әсері, ықпалы, Абай және оның ақындық айналасы, Мұхаңа үлгі болған Алаш арыстары, яғни оның ұлттық дүниетанымын оятқан, тарихи тағылым ұсынған ұлы ұстаздары туралы ой- толғамдар, 1920–1930 жылдардағы белең алған тарихи, саяси оқиғалар тізбегі, сол тұстағы әпербақан, асыра сілтеушілердің кесірінен жазушының қудалауға түсіп, азап шеккен кезеңдері, барлығы роман ішінде терең, арналы, бірнеше тарауларды қамтитын әсерлі баяндаулар ауқымында сөз болады.
Әуезов әлемі
Қаламгер лирикалық шегіністер арқылы эпизодтардың барлығын іштей сабақтастыра, жымдастыра отырып, кейіпкері Әуезовтің көзімен жіті қадағалап, жігін тауып, оқиға желісін шығармасының екінші, үшінші, төртінші, бесінші тарауларына енгізіп отырады. Тұтас бір желінің бойында шебер қиюласқан ғұмырбаяндық сюжеттер, авторлық толғамдар қамшының өріміндей жарасым тауып, күрделі тұлғаның бүтін бітімін, тұтас ғұмырын, қайшылықты тағдырын терең поэтикалық аяда суреттеп жеткізеді.
Образбен ойлау, төгілген тіл кестесімен сөйлеу автордың суреткерлік стилін, қаламгерлік қарымын анық аңғартады. Ең бастысы, романның барлық тарауларында сол романның өз кейіпкерлерінің бірі автор – студенттің танымы, көзқарасы арқылы университет ғалымдары мен ұстаздарының өміріндегі көп сырлар, көп шырғалаңдар өте әсерлі баяндалады. Әсіресе, осы оқиғаларды баяндау үстінде, автордың өткір де ұтқыр юморы, кей тұста сарказмға айналып кете баратын, оқырманын селт еткізетін терең сатиралық бейнелеулер ағыны, күлкілі эпизодтар мен адамдардың пұшайман күй кешуі, тағы да басқа тосын суреттемелер оқырманды өзіне тартып, сюжеттік арналарды ширата түседі. Автор тұжырымдағандай, «Мұхтар тағдыры – қиын тағдыр. Өйткені, ол – талант тағдыры. Ал талант жолы қашан да тар, тайғақ. Бірақ осының бір-ақ өтеуі бар: ол суреткер өмірінің нақты деректері оның затты өнеріне көшуі. Ал өмір өнерге көшкен жерден жазушы басталады».
Әдебиет тарихындағы үлкен жаңалықтардың, іргелі сөздің әрдайым көш басында, қайнаған ортасында жүретін Мұхаңның тағдыры ауыр, азапты болғанын, жазықсыз жапа шегетін, күйзеліске түсетін күндерінің көп болғанын қайта көз алдымызға елестетеміз. Аталған романдағы кейіпкерлердің әрқайсысының өзіндік болмыс-бітімі, кескін- келбеті, ішкі жан дүниесі, барлығы нақты оқиғалар үстінде көрінетіндіктен шығарма сюжетіндегі арналар іштей жымдасып, астасып, тұтаса келе бас кейіпкер Мұхтар Әуезовтің тұлғасын жан-жақты ашуға қызмет етеді.
Ұлы суреткердің тағдырындағы елуінші жылдардың басында қайта басталған шырғалаң, қудалау, саяси қуғын-сүргін, барлығын автор өмірдегі шынайы көріністер арқылы, адамдар тағдыры арқылы терең аңғартады. Мұхаңның атақты «Абай» романы үшін басы дауға қалып, көреалмаушылар мен қызғаншақтардың, солақай сыншылар мен асыра сілтеушілердің талауына қалай түскені, қаламгердің осынау азапты күндер мен түндердің барлығын жүрегінен өткізетіндігі романда тарихи оқиғалар арнасында ашылады.
Қайталанбас көркем мұра
Мұхаңдай қалам қайраткерінің басынан өтетін сан түрлі оқиғаларды, тағдыр белестерін сол жылдардағы қазақ әдебиеті төңірегінде өткен әртүрлі тарихи, саяси-әлеуметтік жағдайларды бір-бірлеп, сатылай, саралай отырып, асықпай-аптықпай баяндайтындығы қаламгер шеберлігінің арқасында оқырманға өте әсерлі жеткізіледі. Осы орайда жазушы өз романында Әуезов басындағы шырғалаңды төмендегідей суреттейді: «Әуезов жиырмаға жетпей, отыздан өтпей әуезовтігін танытты. Бас-аяғы он жылда, өзгелерін өз алдына қойғанда, сөз өнерінің інжу-маржаны секілді үш көркем туынды берді. Алайда, амал қанша сол үш туындының үшеуі де еңбектің зейнеті емес, бейнеті болып шықты: «Еңлік- Кебектен» кейін ескішіл Әуезов, «Қарагөзден» кейін ұлтшыл Әуезов, «Қилы заманнан» кейін алашордашыл Әуезов сыннан-сынға ұшырап, соққыдан-соққыға жығылып, ақыр аяғында қасқа маңдайына «халық жауы» деген қара таңба басылды да, қамауға алынды. Одан отыз екінші жылы жария баспасөз бетінде «жаздым, жаңылдым» деп Ашық хат жазып әрең құтылады».
Мұхтар Әуезовтің ұзақ та, ұлан-ғайыр шығармашылық сапарын, суреткерлік ерен еңбегін автор әр тарауда қиялай соғып, әңгіме арқауына айналдырады. Осы беттерден Мұхаңның жеке пендешілік тіршілігі де, отбасы, ошақ қасы тіршілігі де, ағайын-туыс, дос-жаранға қатысты мол өмірдеректік суреттеулер де өз орнымен, өз кезегімен көз алдымыздан өтеді. Олардың бірде-біреуі де Мұхаңның
өміріне қатыссыз айтылмайды. Хакім Абай жырлағандай, «соқтықпалы», «соқпақпыз» ғұмыр кешкен, қазақ руханиятына қайталанбас көркем мұра қалдырған суреткер қаламгердің тұтас тұлғасымен роман соңында оқырман қимай қоштасады. Осылайша роман-эссенің күллі эстетикалық әсері, көркемдік күші Мұхтар Әуезовтің өз туындыларымен қатар жарыса биіктей береді, биіктей береді.
Мұхтар Әуезовтің өмірден өткеніне де алпыс жыл толыпты. Мұхаңның асыл арманы туған елінің тәуелсіздігі еді. Бүкіл ғұмырын, күллі шығармашылық тағдырын осы жолға арнады. Алаш арыстарының арасынан атылып кетпей, алмағайыпта, елінің бағына аман қалды. Бүгін тәуелсіздігіміздің отыз бір жылдығы және саңлақ суреткер, ғұлама ғалым, әлем мойындаған заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығының қатар келіп жатқандығы қасиетті тарихи сәт. Осының қадірін білуіміздің мән-маңызы айрықша.