Бүгінде денсаулығы сыр берген азаматтар арасында тіркелген емхана арқылы салалық мамандарға, ультрадыбыстық зерттеу, КТ, МРТ ғана емес, жоғары технологиялы медициналық көмек түрлеріне жолдама алатындар саны күн санап артып келеді. Ел денсаулығын сақтауда Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының атқарып жатқан қызметін ешкім жоққа шығара қоймас. Жалпы, МӘМС жүйесінің біздің елімізде толыққанды іске қосылғанына биыл бесінші жыл. Жүйенің жұмысы қалай жүріп жатыр? Алматылықтарға медициналық көмек көрсету қарқыны қандай? Осы және өзге де сауалдарымызға МСҚ Алматы филиалы директорының міндетін атқарушы Жанар КЕНЖЕБАЕВА жауап берді.
– Кейінгі кезде жұртшылықтың, әсіресе қоғам белсенділерінің назары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне ауып отырғаны белгілі. Сын да толастар емес. Түсінікті болу үшін, ең алдымен қордың негізгі міндеттеріне тоқталып өтсеңіз?
– Халқымызда «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген сөз бар. Жұмыс жүріп жатқан жерде сын болады, болуы да керек. Елімізде МӘМС жүйесі ең алдымен, халықты сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз етуге деген қажеттілікке байланысты енгізілген болатын. Жалпақ тілмен айтқанда, шығыны көп, бірақ қаражат үнемі жетпей жататын денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың жаңа тетігін енгізіп, өркениетті елдердегі сияқты «мемлекет, жұмысберуші мен жұртшылық» арасында денсаулық үшін ортақ жауапкершілік қалыптастыру қажет болды.
Қор болса әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) және кепілдендірілген тегін медициналық көмек (ТМККК) пакеттері шеңберінде халыққа көрсетіліп жатқан қызметтер ақысын төлеуші оператор міндетін атқарады. Ақы төлемес бұрын көрсетілген қызметтің сапасы мен көлемі, емдеу барысында стандарттардың сақталған-сақталмағаны толық тексеріледі.
Қордың маңызды міндетінің бірі – пациент құқығын қорғау. Осы мақсатта бірнеше кері байланыс каналы жұмыс істеп тұр. Медициналық көмек дер кезінде көрсетілмесе немесе сапасы көңілден шықпаған жағдайда, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, қордың fms.kz ресми сайты немесе 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы шағым қалдыра алады. Барлық шағым міндетті түрде қаралып, дәлелді жағдайларда ертерек шешілуіне атсалысамыз, ал медициналық ұйымдарға шара қолданылады.
– Медицина мекемелері атқарып жатқан жұмыстың тиімділігін арттыру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Қысқаша айта кетсем, қор медқызметті жоспарлаумен және сол қызметтерді медицина мекемелерінен сатып алумен айналысады. Қазір біз осы процесті оңтайландыруға, қызмет көрсететін клиникалар мен емханалар санын арттыра отырып бәсекелестікті күшейтуге күш салып жатырмыз.
Сондай-ақ, МСҚ барлық процесті цифрландырумен айналысады. Атап айтқанда, биылдан бастап қор мен медицина мекемелері арасындағы процестер автоматтандырылды.
Біріншіден, медицина ұйымдары арасында қаржыны бөліске салу процесі автоматтандырылды. Бұл қаржыландыру процесін тездетеді әрі жеңілдетеді. Медициналық көмек түрлерінің ара-жігін ажырату жұмыстары жүргізілді. Қаржыны бөлуде жедел және шұғыл көмек, ана мен бала денсаулығы сынды тағы да басқа басым бағыттар ескеріледі.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, МӘМС пен ТМККК пакеттерін біріктіріп, бірыңғай пакет қалыптастыру жұмыстары кезең-кезеңмен жүріп жатыр. Қазірдің өзінде бірнеше келісімшарттың орнына бір ғана келісім бекітіп, қос қаржыландыру көзінің орнына бір пулды пайдалану жобасы іске асырылуда. Бұл әсіресе, жазудан қолы босамайтын дәрігерлерді қағазбастылықтан арылтуға көмектеспек. Ал пациенттер медициналық көмекті бұрынғыша пайдалана береді.
Екіншіден, қор емханалар мен стационарлар қызметінің сапасын тексеруге арналған мониторинг және постмониторинг жүйесін де жетілдіріп жатыр.
– Мұның бәрі қор мен медицина мекемелері арасындағы қарым-қатынасты оңтайландырады делік. Ал пациенттер ше? Қалай дегенмен де медқызмет сапасына көңілі толмаған ағайыннан келіп түстені шағымдар көбеймесе азайып жатқан жоқ қой...
– Қор жұртшылық пікіріне құлақ түретін мекеме ретінде қай кезде де диалог орнатуға дайын. Сөз басында кері байланыс арналары жайлы айтып кеттім. Түскен арыз-шағымдардың бәрі міндетті түрде қаралады. Қызмет көрсетуден негізсіз бас тартқан, көрсетілмеген қызметті көрсетілді деп жазған емдеу мекемелеріне түрлі айыппұлдар қарастырылған.
Алайда, түсіп жатқан шағымдарға келер болсақ, оның бәрін шешуге қордың құзыры жете бермейді. Мысалы, пациенттер консультативті-диагностикалық қызметтерді көп күтетінін айтып шағымданып жатады. КТ/МРТ, анализдерге қатысты мәселені жаңа клиникаларды жұмысқа тарту арқылы шешуге болады. Бірақ халыққа ауадай қажет болып отырған салалық маман тапшылығын қор шеше алмайды. Медицина ұйымын дәрігерлермен, соны үлгідегі қондырғылармен қамтамасыз ету деңгейі шалғай өңірлерді айтпағанда, Алматы сынды мегаполисте де өзекті мәселенің бірі болып отырғаны жасырын емес.
Жалпы, әр емханада пациенттерді қолдау қызметі бар. Құқығы аяқ-асты болған пациент мәселесін емханадан шықпай, сол қызметке жүгіну арқылы шешсе болады. Егер мәселе сол жерде шешілмесе, қордың жоғарыда көрсетілген байланыс арналары арқылы өтінім қалдырған дұрыс.
– Жекеменшік клиникалар жайлы айтып қалдыңыз. Қазір қормен жұмыс істейтін жеткізушілер арасында жеке бизнестің үлесі қандай?
– Жекеменшік клиникалар мемлекеттік емдеу мекемелерімен арада өзара бәсекелестік орта қалыптастыруға көмектеседі. Сонымен қатар, мемлекеттік клиникаларға түсіп жатқан жүктемені азайтуға ықпал етеді.
Қазір Алматы қаласы бойынша қормен 215 медицина ұйымы жұмыс істейді, оның 124-і – жекеменшік. Кейінгі бес жылда жеке бизнес көрсететін қызмет ауқымы да едәуір артты деуге болады.
Бүгінде жекеменшік клиникалар жалпы практика дәрігерлерінен бастап барлық салалық мамандармен, консультативтік-диагностикалық қызметтермен, ЭКО, гемодиализ, ПЭТ, КТ, МРТ аппараттарымен, медициналық реабилитация саласындағы соны қондырғылармен жабдықталған.
– Елімізде мемлекет тарапынан сақтандырылатын азаматтар бар. Ал жарна төлеуден бас тартатындар бар ғой?
– Дұрыс айтасыз, елімізде 15 жеңілдік санаты бар. Оған әлеуметтік жағынан аз қамтылған 11 миллионға жуық адам кіреді. Олар мемлекет тарапынан сақтандырылады.
Сонымен қатар, елімізде МӘМС-ке бірде-бір рет жарна аудармағандар бар. Олардың көбі «экономикалық белсенді» дейтін топқа жататын, 18-40 жас аралығындағы азаматтар. Олар дәл қазір медициналық көмекке зәру емес болуы мүмкін. Бірақ біздің елдегі сақтандыру моделі ортақ жауапкершілікке негізделгенін ұмытпаған жөн.
Біз дәрігерге қаралып емделмесек те, туыстарымыз, балаларымыз, қарт ата-анамыз медициналық көмекке міндетті түрде жүгінеді. Біреуге мүлде көмек қажет болмауы мүмкін, ал енді біреу денсаулығына байланысты құны бірнеше миллион тұратын отаны қажет етеді. Осындайда науқас төлеген жарна мөлшері таразыланып жатпайды, медициналық көмек қажет жерінде тиісінше көрсетіледі.
Тағы бір мәселе, 2025 жылдан бастап жағдайы төмен, айлық табысы төменгі күнкөріс шегіне де жетпейтін азаматтарды сақтандыру жергілікті атқару органдарының мойнына жүктелмек. Қазір жоба Үкімет қарауында жатыр.
– Сондай-ақ, халықтың табысына орай, МӘМС-ке белгілі бір пайыз бойынша ақша аударып отырады. Осы орайда, аударымды белгілі бір, нақты сомада төлейтіндей өзгертуге болмай ма?
– АҚШ, Германия сияқты елдерде жарна көлемі табыстың 10-20 пайызына дейін жетіп жығылады. Бізде жұмыскерлер айлықтан 2 пайыз, жұмыс беруші өз қалтасынан әр жұмысшы үшін 3 пайыз аударады. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар ай сайын 4250 теңге төлейді. Яғни бір жылда олар 51 000 теңге төлейді.
Егер біз әр адамды өзінің жинақтаған қаражатына ғана емдейтін болсақ, оның жинаған ақшасы ештеңеге жетпес еді. Мысалы, пневмонияны емдеуге кететін шығын 160 мың теңге, босандыру 100 мың теңге, аортокоронарлық шунттау кем дегенде 3-5 млн теңге тұрады. Яғни біреу дәрігерге мүлде қаралмауы мүмкін, ал біреуге 4-5 млн теңгенің операциясын жасау қажет болуы мүмкін.
Егер бізде жинақтау жүйесі болса, азаматтар медициналық қызмет ақысын өзі жинаған қаражаты есебінен төлей алмас еді. Ал ортақ жауапкершілікке негізделген жүйеде қаржы ортақ шоттан алынады.
Тағы бір ескеретін мәселе, сіз дәрігердің көмегіне жүгінбесеңіз, төлеген ақша жоғалып кетті деген сөз емес. Ол сіздің жақындарыңызды немесе ауруханада жатқан басқа отандастарымызды емдеуге жұмсалады. Қазақстанда белгіленген сақтандыру жарналарының мөлшері қолжетімді деп айтуға болады.
– Сұхбатыңыз үшін рақмет!