Күн сайын Алматыға 150 мың қоғамдық көлік жолаушысы мен 230 мыңнан аса жеке көлік кіреді
Халықаралық көш-қон ұйымының мәліметінше, бүгінде әлемде 281 миллионнан аса халық бір елден екінші елге қоныс аударады. Жалпы, жаһан жұртының 3,6%-ы жыл сайын түрлі себептерге байланысты қоныс ауыстырады.
ХХІ ғасырда әлем халықтары арасында тек идея, тауар алмасу емес, сонымен қатар азаматтардың білімі мен білігіне орай бір елден екінші елге қоныс аударуы құбылысқа айналды. Бірі білім алып, дағдысын дамыту үшін көшсе, келесі бірі амалсыздан табиғи апат пен еліндегі саяси тұрақсыздықтар себебінен қоныс аударуға мәжбүр. 2022 жылы саяси, әлеуметтік қақтығыстар негізінде қоныс аударуға мәжбүр болған азаматтардың саны әлемде 117 миллионды құраған.
Қалай десек те, бүгінгі таңда азаматтар мобильді, бір елде білім алып, келесі бір елде қызмет атқарады. Бос уақытын үшінші бір елде өткеруде жөн санайтын азаматтар легі артқан. Елімізде ішкі миграцияның үлесі ауқымды өсіп отыр. Ел азаматтарының басым бөлігі Алматы мен Астана қалаларына қоныс аударғанды жөн санайды. Кейінгі жылдары көші-қон есебінен халықтың өсуі шамамен 60%- ды, табиғи өсім 40%-ды құрап отыр. Мақаламызда жаһандық құбылыс ретінде қалыптасқан көш- қон ұғымының бүгіні мен мазмұнын талқылап көрелік.
• Алматы халқының саны бүгінде 2 млн 264,5 мыңнан асады. Ал Алматы агломерациясын қоса алғанда 3,6 млн адам оңтүстік астананы мекен етуде.
• Үкімет бекіткен Алматы агломерациясын дамытудың 2029 жылға дейінгі кешенді жоспарға сәйкес, агломерация құрамына 3 қала, 4 аудан, 31 ауылдық округ, 98 елдімекен кіреді.
• Алматыға келетін азаматтардың 18–20%-ы – оқуға, білім алуға келсе, 30–40%-ы медициналық қызмет үшін келеді. Қалған бөлігі жұмыс жасауға келеді.
БИЫЛ ІШКІ КӨШІ-ҚОН ҮЛЕСІ 47,4%-ҒА АРТТЫ
Биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында Қазақстанға 203 836 адам көшіп келіп, 10 201 адам елден көшіп кеткен. Нәтижесінде миграция сальдосы 10 182 адамды құрады. Бұл көрсеткіш 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, Қазақстанға көшіп келушілер саны 6,5%-ға артса, ал елден көшіп кетушілер саны 19,9%-ға азайған. Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, Қазақстанға келетін және елден кететін негізгі миграция ТМД мемлекеттерімен байланысты болып отыр. ТМД елдерінен көшіп келушілердің үлесі 79,7% болса, ал ТМД елдеріне көшіп кетушілердің үлесі 76,9%-ды құрайды.
Биыл ел ішінде көшіп-қонушылар саны өткен жылмен салыстырғанда, 47,4%-ға артқан. Миграцияның оң сальдосы Астана (52 853 адам көшіп келді), Алматы (26 157 адам), Шымкент (5 948 адам) және Алматы облысы (765 адам) өңірлерінде айқын көрінді.
Алматы – ең ірі экономикалық, мәдени және білім беру орталығы ғана емес, сонымен қатар Орталық Азияда мигранттар үшін ең жайлы қала. Шаһарда көші-қон ағындарының жоғары болуы халық санының өсуіне және инфрақұрылымға айтарлықтай әсер етуде. Ұлттық статистика бюросы мәліметіне сәйкес, 2024 жылғы Алматы қаласының халық саны 2 275 500 адамға жетті. Халық санының өсуі ішкі көші-қон есебінен артып, оң сальдо деңгейі 26 157 адамға жетті. Еліміздегі ішкі миграция салдарынан қаламызда урбанизация үдерісі артып, қала үшін жаңа мүмкіндіктермен қоса, жүйелі шешімді қажет ететін мәселелер қалыптасып отыр.
МИГРАНТТАР ҮШІН ЖАЙЛЫ МЕКЕН
Халықаралық тәжірибеде маятниктік миграция деген ұғым бар. Мәні, көршілес қала азаматтарының күн сайын қалаға жұмыс, оқу, тағы да басқа мақсаттары бойынша келіп, қайта кетуін айтады. Токио, Нью-Йорк, Стамбул сынды қалаларда маятниктік миграция үлесі өте жоғары. Күн сайын миллиондаған азаматтар мегаполиске келіп қайтады. Алматы қаласында соңғы жылдары аталмыш миграция үлесі артып отыр. Бүгінде қаламызға күн сайын 150 мың қоғамдық көлік жолаушысы және 230 мыңнан аса жеке көлік кіреді.
Сәйкесінше, маятниктік миграция мәселесін көршілес қалалармен, облыстармен бірлесіп шешу маңызды. Осы орайда, қала әкімі Ерболат Досаев маятниктік көші- қонды ескере отырып, қаланың күнделікті халқы шамамен 3 млн адамды құрап, қала маңындағы аймақпен көліктік байланыс, су бұру, энергиямен жабдықтау, жұмыс орындарын көбейту бағытындағы жұмыстар өзара әріптестік формада, агломерация форматында жүріп отырғанына ерекше мән берді. Алматы агломерациясын дамыту жоспарында 130 іс-шара өткізу көзделген болса, оның 77-сін Алматы облысы жүзеге асыруға тиіс.
Әлеуметтанушылардың болжамы бойынша, 2030 жылы Қазақстандағы ауыл мен қала тұрғындарының арасалмағы 65%–35%-ды құрайды. Бүгінде бұл көрсеткіш Ресейде – 72%, Беларусь, Украина, Арменияда – 70%, Америкада – 90 пайызға тең екен.Cоңғы 20 жылда ауыл тұрғындарының қала орталықтарына түрлі мақсатта қоныс аударуы қанат жайып отыр.
Алматыда қала халқы санының табиғи өсімі аясында, сонымен қатар ішкі миграция аясында тұрақты түрде өсуі қаланың әлеуметтік экономикалық сипатта даму жолында жұмыс күшін арзандатып, экономикалық белсенділікті арттырып отыр.