Соңғы жылдары қоғамда дін тақырыбы қызу талқыға түсуде. Көп дискуссия қазақ халқының дәстүрлі діні болып табылатын ислам төңірегінде өрбуде. Мұндай дискуссия Алматы қаласында да жүруде. Мысалы, жақында ғана әлеуметтік желіде көшені жауып, намаз оқыған бір топ азаматтардың видеосы тарап, қызу талқыға түсті. Ата Заңымызда біз зайырлы мемлекет орнатамыз деп жазылған. Осыған орай дінтанушы Әл-Фараби Нұрбекұлы БОЛАТЖАНМЕН сұхбаттастық.
– Әл-Фараби мырза, зайырлы мемлекет дегеніміз не?
– Қазақстан Республикасының діни саладағы саясатының ең әуелі қағидаты, ол – зайырлылық, яғни діннің мемлекеттен бөлек болуы. Демек, дін мемлекеттің ісіне кіріспейді, ал мемлекет дін ісіне кіріспейді. Еліміз өзін зайырлы мемлекет ретінде орнықтыратыны ҚР Конституциясының 1-бабының 1-тармағында жазылған. Зайырлылық қағидаты ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңында толығырақ түсіндіріледі.
Әрине, зайырлылық деген ол атеизм деген ұғым емес. Зайырлылық – дін бостандығын, діни бiрлестiктер арасында өзара төзушілік пен құрметтеу қатынастарын орнатуға жәрдемдесуді білдіреді. Жалпы, зайырлылық ұлттық қауіпсіздік кепілі болып табылады.
– Әлеуметтік желілерде бір топ азаматтардың жолды бөгеп намаз оқыған видеосы тарады. Осыған қатысты не айтасыз? Бұл зайырлылыққа қайшы емес пе?
– Әуелі мәселенің заңнамалық аспектін айтып кетейін. Бұндай әрекеттер ҚР Конституциясы мен қолданыстағы заңнамасына қайшы келеді. Қазақстан Республикасының 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңынан үзінділер келтіре кетейін:
«3-бап. Мемлекет және дін:
7. Ешкімнің де өз діни нанымдары себептері бойынша Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген міндеттерін атқарудан бас тартуға құқығы жоқ».
9. Дін мен діни бірлестіктердің мемлекеттен бөліну қағидатына сәйкес діни бірлестіктер:
3) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауға мiндеттi.
15. Дінді және діни көзқарастарды пайдалана отырып, мемлекеттік органдардың қызметіне қасақана іріткі салуға, олардың үздіксіз жұмыс істеуінің бұзылуына, елдегі басқарушылық деңгейін төмендетуге әкеп соғатын шешімдерді қабылдауға және іс- әрекеттер жасауға жол берілмейді».
Демек, мешіт, шіркеу, басқа да ғибадатхана болсын, оның қызметі мемлекеттік органдардың жұмысына бөгет жасамауы және азаматтардың құқығын бұзбауы керек.
Діни аспектке келсек, жалпы, Құранда өзге адамға хақсыз зиян келтіру, шектен шығу, озбырлыққа тыйым салынған (харам): «Расында, менің Ием ашық және жасырын шектен шығушылықтарға, күнәға, құқықсыз қысымшылыққа, Алла ол жайында ешбір бұйрық түсірмеген нәрсені Оған серік ретінде қосуларыңа және білмейтін нәрселеріңді Аллаға теліп айтуларыңа тыйым салды!», – делінген. (7 сүре 33 аят).
«... ол жақсы нәрселерге рұқсат беріп, жаман нәрселерге тыйым салады...» (7 сүре 157 аят).
Демек, мұсылман діні ешкімге зиян келтірмеуге үгіттейді. Мұсылман дәстүрінде «нағыз мұсылман өзгеге тілімен де, қолымен де зиян келтірмейді» деген түсінік бар екенін де қоса кетейін.
– Алматыда діни саясат қалай жүзеге асуда?
– Меніңше, Алматы қаласы еліміздің діни саладағы саясатын ең тиімді орындайтын өңірлердің бірі. Қала аумағында заңнама шеңберінде діни саясат саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орган «Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы» КММ болып табылады. Басқарма қарамағында Алматы қалалық діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша ақпараттық- түсіндіру тобы құрылған. Бұл топ әртүрлі нысандарда дәріс оқиды. Одан бөлек, басқарманың жанында «Кеңес беру және оңалту орталығы» және «Дін мәселелерін зерттеу жөніндегі орталық» жұмыстарын атқарады.
Сонымен қатар, Алматы қаласында 2017 жылғы ақпан айында «Діни бірлестіктер көшбасшыларының клубы» құрылған. Ол клуб конфессияаралық ынтымақтастық пен келісімді нығайтуда елеулі рөл атқарып келеді. Клуб жұмысы аясында Алматы қаласының діни көшбасшылары бейресми кездесулер өткізіп, бірлесіп әртүрлі шараларға қатысады. Клубтың алғашқы жетекшісі болып заң ғылымының кандидаты, профессор м.а., полиция полковнигі, терролог Кәкімжан Мұратжанұлы Бишманов қызмет атқарды. Қазіргі таңда «Діни бірлестік көшбасшылары клубы» жобасын тиімді іске асырып жатқан еліміздің өңірлері көшбасшыларының бірі – Алматы қаласы.
Алматыда іске асырылған ендігі бір мазмұнды жобалардың бірі – religionmap.kz сайты. Бұл сайтта Алматы қаласында неше діни ғимарат, діни әдебиеттер тарату орны және намазхана бар екені және қайда орналасқаны белгіленген. Сонымен қатар, Алматы қаласының діни өміріне қатысты басқа да ақпараттар келтірілген.
– Шаһардың діни келбетін саралап көрсек...
– Алматы қаласы көпконфессиялы өңір болып табылады. Қазақстан аумағында 18 конфессия тіркелсе, Алматыда оның 17-сі бар. Тек меннониттердің ғана тіркелген діни бірлестігі жоқ.
Қазақстан аумағында келесі конфессиялар тіркелген:
1. Ханафи құқықтық мектебі (мәзһабы), матуриди сеніміндегі (ақидасындағы) сунниттік ислам («Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы» республикалық діни бірлестігі түрінде көрсетілген);
2. Православие (Мәскеу Патриархаты Орыс Православ Шіркеуінің Қазақстан Республикасындағы митрополиттік округі, Орыс Православ Ескіғұрыптық Шіркеуі және Армян Киелі Апостолдық Православ Шіркеуі түрінде көрсетілген);
3. Католицизм;
4. Інжілдік-лютерандық шіркеу;
5. Інжілдік мәсіхші-баптистер шіркеулерінің одағы;
6. Меннонизм;
7. Методистік шіркеулер;
8. Елуіншілер шіркеулері;
9. Пресвитериандық шіркеулер;
10. Жетінші күн адвентистерінің шіркеуі;
11. Жаңа апостолдық шіркеу;
12. Ехоба куәгерлері;
13. Буддизм (вон-буддизм және тибеттік ламаизм ағымдары түрінде көрсетілген);
14. Яһудилік («Хабад-Любавич» хасид қауымы түрінде көрсетілген);
15. Кришнаизм (индуизмнің бағыты, «Халықаралық Кришна санасы қоғамы» түрінде көрсетілген);
16. Бахаизм;
17. Иса Мәсіхтің Соңғы күн әулиелері шіркеуі (мормондар);
18. Мунның Бірігу шіркеуі (муниттер).
Сұхбаттасқан
Пердехан ШӘМШИЕВ.