Кәсіпкер жұмысының қиындауы мемлекеттік кіріске кесірін тигізеді

Кәсіпкер жұмысының қиындауы  мемлекеттік кіріске кесірін тигізеді Сурет Алматы қаласы әкімдігі

Заңсыз өндіріп алынған

Алматылық кәсіпкерлер құқығы 1,7 млрд. теңгеден астам сомаға қорғалды.

Бұл сома заңсыз өндіріп алынған айыппұлдарды қайтаруды, салықтық хабарламаның күшін жою мен мемлекеттік органдардың заңсыз әрекетінен келтірілген залалды өтеуді қамтиды. Осы мәселенің бәрі Кәсіпкерлер палатасы  жанынан тұрақты жұмыс істейтін Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің алқалы қарауына шығарылды. Құқық қорғау органдарының заңсыз әрекетін жою – кеңес жұмысының маңызды бағытының бірі. Туризм және көлік саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлердің құқығын қорғау да маңызға ие.

Алматыда туристерді тасымалдаумен айналысатын кәсіпкерлер қала жолдарында жылдамдықты асырғаны үшін заңсыз әкімшілік айыппұлға ілінді. Бейнебақылау камерасы ескерту белгісі жоқ жерде заңбұзушылықты тіркеді. 2024 жылғы сәуірде күшіне енген ішкі істер министрінің бұйрығына енгізілген өзгерістер қалалардағы автобус пен шағын автобустардың жылдамдығын сағатына 50 км-ге дейін шектеген болатын.  Ал, Алматыдағы Әл-Фараби, Саин даңғылдары, Б.Момышұлы мен ШААЖ көшелерінің кейбір учаскелері тәрізді негізгі магистральдарда автокөліктің барлық түріне сағатына 80 км жалпы жылдамдық тәртібі орнатылды.

Айыппұл туралы хабарлама жүргізушілер арасында дүрбелең туғызып, Алматының туристік саласының дамуына қауіп төндірді. Туристердің трансферін қамтамасыз етуде қызмет көрсетіп жатқан кәсіпкерлердің біріне 3-4 күн ішінде 900 мың теңгеден астам сомаға айыппұл туралы хабарлама түскен. Кәсіпкерлердің өтінішімен Алматы қаласының прокуратурасы полиция органдарының жолдардағы бейнебақылау жөніндегі әрекетіне наразылық білдіріп, 7 000 кәсіпкерге 516 млн.теңгеден астам ақшаны қайтаруға мүмкіндік берді. Бұл жағдай жол қозғалысы ережесін реттейтін заңнамадағы сәтсіз өзгеріс – кәсіпкерлердің жұмысын қиындатуы мүмкін екенінің айқын мысалы.

Заңнамалық шектеу кедергі келтірген

Кәсіпкер Б. Кауменовтың дүкендер желісінде арандату элементі бар бақылау сатып алуын өткізгеннен кейін, қызметтік міндетін бұзған 12 полиция қызметкері анықталып, жазаланды. Сонымен қатар, материалдарды заңсыз рәсімдеген полицейлерге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.

Кеңес қараған маңызды мәселенің бірі – колледждерде бизнес-инкубаторлар құру және жастарды экономиканың нақты секторында оқыту жобасы. «Жас маман» мемлекеттік бағдарламасы аясында сатып алынған заманауи жабдықтар орнатылғанымен, Алматы колледждері оны толық көлемде пайдалана алмайды. Өйткені, заңнамалық шектеу оқу орындары базасында бизнес-идеяларды іске асыруға кедергі келтіреді. Кеңес бизнес-омбудсменге колледждердің кәсіпкерлік қызметін қолдау үшін заңнамаға өзгерістер енгізуді сұрап тиісті хат жолдады.

«Мәселе сәулет, дизайн және инженерия колледжінің алаңында өткен көшпелі отырыста қаралды. Оның мәні: практикалық сабақта металл мен ағаштан жасалған бұйымдар жасай отырып, оқу орны оны сата алмайды. Заңнамадағы бұл әрекет – кәсіпкерлік қызмет. Біз бұл мәселеде колледждер өндірген өнімдерін сата алатындай, ал оқушылар осылайша өндіруші тәжірибесімен бірге, болашақ бизнесмен дағдысын қалыптастыруға, нарық конъюктурасын зерттеуін үйренуге мүмкіндік алатындай заңнаманы өзгертуге бастамашылық жасадық», – деп түсіндірді кеңес төрағасы Бақытбек Бегалиев.

Ден қою актісі шығарылды

ҚР Сыртқы істер министрлігімен инвестициялық келісімшарт жасасқан «TEPLOSTIL» компаниясында да қиындық туындады. Компания жылу панелін шығаратын зауыт салған. Алайда, уәкілетті орган міндеттемесін орындамағандықтан, келісімшартта көрсетілгендей,  уәде етілген жерді ала алмады. Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңес жағдайға араласып, Алматы қаласының прокуратурасы прокурорлық ден қою актісін шығарды, бұл әрекет мәселені шешуге ықпал етті.

Алматыда интернет сапасы жайлы мәселе көтерілді. Интернеттің нашар сапасы онлайн-сервисті пайдаланатын 6 000-нан астам кәсіпкердің жұмысына кедергі туындатты. Жағдайды талдап, прокуратураның араласуынан кейін интернет жылдамдығы нормативке сәйкес келтірілді.

Мемлекеттік кірістер департаменті жеке балабақшаларға берген заңсыз хабарламалар тағы бір өзекті мәселе болды. Тұрғын үйлерде жұмыс істейтін балабақшалар 700.00 нысаны бойынша салық есептілігін тапсыруға міндетті емес. Бұл мемлекеттік кірістер комитетінің ресми түсіндірмесімен расталады. Алайда, кәсіпкерлерге бұл декларацияны өткізу қажеттігі туралы хабарлама  келіп түскен. «Атамекен» палатасы мен прокуратураның араласуының арқасында барлық заңсыз хабарлама жойылып, 400 млн. теңгеге 727 кәсіпкердің құқығы қорғалды.

Шағын кәсіпкерге қолдау қажет

Экономикалық қиындық аясында мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін кәсіпкерлер де біраз әбігерге түсті. Мәселен, Алматы қаласында жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасын жеткізушілер — «Гимнастика для здоровья» ЖК – 819 млн теңге көлеміндегі қолдауға ақыры қол жеткізді. Бұл шешім 1 038 кәсіпкерді қолдауға мүмкіндік берді.

Былтыр Алматы қаласы ӨКП Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесі жергілікті бизнестің мүддесін қорғауға бағытталған орасан зор жұмыс атқарды. Бір жылда  кеңестің 12 отырысы өткізілді, оның екеуі – көшпелі отырыс. Кеңес мүшелері 22 өзекті мәселені қарады, оның 15-і оңтайлы шешілді. Ағымдағы жылдың басынан бастап Кеңестің қарауына мобильді аударымдарды шектеуге қатысты мәселемен микро және шағын бизнес өкілдерінің жаппай өтініші шығарылды. Бұл мәселені Үкімет әлі бекіткен жоқ, алайда Кеңес оны бақылауында ұстап отыр.

«Палатаға «үй маңындағы» дүкендердің иелері жүгінді. Олар мобильді аударымдармен жасалатын төлемдерге шектеу қойылатынына алаңдайды. Бұл мәселені біз назарға алдық, бірақ Парламентте әлі де талқылау жүріп жатқандықтан, біз осы тарапта кәсіпкерлердің құқығына қысым жасалмауын қадағалаймыз», – деп түсіндірді кеңес мүшесі, «Атамекен» ӨКП заң қызметінің басшысы Еркебұлан Бейімбет.

Ветеринарлық клиникалар қорғалады

Сондай-ақ кеңеске «АлПроВет» ЖШС директоры Константин Утеков жүгінді. Заңға енгізілген ережемен кәсіпкер үнемі қолданып жүрген дәрі-дәрмек есірткі категориясына жатқызылған. Енді бұл күнделікті жұмысында қол жетімсіз құралға айналып отыр. Жарты жыл бойы жұмысын толыққанды атқара алмаған ветеринарлық клиника құжаттарды сәйкестірумен айналысқан. 

Алматыдағы шағын ветеринарлық клиникалар ота жасағанда анестезия үшін кетамин және трамадол препараттарына қол жеткізе алмай қалыпты. Заң бойынша препараттар есірткі және психотроптық заттарға жатқызылып, лицензия алу талап етілген. Белгіленген ережеге сәйкес, мұндай препараттарды лицензиялау тек орта және ірі бизнестің заңды тұлғаларына ғана қолжетімді. Алайда, ветеринарлық клиниканың көбі шағын бизнес категориясында. Демек, талап олардың мүмкіндігін шектейді. Бұл ветеринарлық қызметтің қымбаттауына, анестезияның тиімділігі төмен әдісін қолдануға апарады.

Бұл жануарлардың денсаулығына қауіп төндіруде. Кәсіпкерлердің пікірінше, бұл шектеу көптеген ветеринарлық клиниканы жұмысын тоқтатуға мәжбүр етуде. Демек, ветеринарлық клиника қызметкерлері жұмыссыз қалуы да мүмкін. Осыған байланысты ветеринария саласындағы шағын кәсіпорындарға лицензиялауды жеңілдету жолында заңнамаға өзгерістер енгізуді ұсынады. Кеңес мүшелері жағдайды егжей-тегжейлі зерделеп, бизнес-омбудсменге ұсыныстар жіберуге ниетті.

Кеңестің биылға бекітілген жұмыс жоспары ауқымды. Сонымен қатар, жоспардан тыс кәсіпкерлерден түсетін шағымды ұзаққа қалдырмай шешу көзделіп отыр. Бұл да болса палата жұмысына деген сенім артудың белгісі. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

16:34

15:45

15:22

14:23

14:00

13:06

12:13

12:11

12:07

12:05

12:00

11:49

11:29

11:00

10:56

10:50

10:37

10:36

10:29

10:28

10:26

10:25

10:20

10:07

10:05