№ 202 мектеп-гимназия ұжымы мен оқушылары, сондай-ақ олардың ата-аналары Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалалар мен жасөспірімдер театрында мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері, ақын, жазушы Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» туындысының сахналандырылған қойылымын тамашалады.
Бұл шараның алдында мектепте дәстүрлі түрде өтетін «Кітап оқу» байқауына (мұғалімдер, оқушылар, ата-аналар арасында өтетін жарыс) аталған туынды таңдап алынған болатын. Осы шараның басы-қасында жүрген гимназия басшысы алдымен шәкірттерінің шығарманы оқып, талдап, түйсінуіне қажеттілікті қаперге алып, театрлық қойылымды да көрген жөн деп шешкен еді. Театр залын білім ұжымының 500-ге жуық көрермені толтырып тастады.
Қойылым басталар алдында мектеп басшысы Болат Жанайханұлы туынды авторымен таныстырып, шығарманың бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселені көтергеніне тоқталды. Ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, балалық шақтың бақыты жайында сөз қозғап, жас көрермендердің рухани азық алуына тілегін қосты. Қойылымға автордың арнайы келіп, бірге көруі көрермен қауымға ерекше әсер берді.
Сахнадағы Ақоштың тағдыры... Меніңше, жас көрерменнің көбі өмір жайлы, оның құндылығы турасында толқып отырғандай көрінді. Ал, ересектер біразы өткен күндерін еске алып, көз жасына ерік бергендей ме дерсің. Расы сол, сахнадағы кейіпкерлердің шынайылығына басымдық берген актерлер жас көрермен жүрегіне жол тапты деп білемін. Шеберлік деген осы. «Соңы немен бітер екен?..» деген сауал саналы көрерменнің ойын жанарынан оқытқандай.
Анасына деген мәңгілік сағынышын айтқан сахнадағы Ақоштың үні әр баланың жүрегіне жетті, білем. Қойылым соңында көрермендер орындарынан тұрып, ұзақ қошемет көрсетті. Ақберен Елгезек сахнаға шыққан сәтте оқушылар дүр сілкінді. Мынадай қиын тағдырға мойымай, әке есіміне лайық азамат болып алдарында қасқайып тұрған азаматқа қуанды. Автор: «Менде қазір бәрі жақсы. Ешқашан мойымаңдар!» деген кезде пәк көңілдер ақынға разы болды. Оқушылардың авторға деген сауалдарын алдағы кездесу кезінде қойып, нақты жауап алатынына да сенімдіміз.
«Мына қойылым көрермен-шәкіртке нендей ой салды?» дегенге келсек, бүгінгі қоғамдағы мәнді мәселенің беті ашылғаны байқалады. Жеткіншектер жүрекке деген мейірімді өзі ғана бере алатынын біліп, айналаға жылулықты өзі төге алатынын түйсінгендей. Қойылымға барған көрерменнің ұтқан тұсы да осы. Мұндай әдеби-мәдени шараны ұйымдастыру арқылы ұлттық әдебиеттің орта буын өкілі мен оның бір туындысының қаншама оқырман жүрегіне жол табуына себепші болғандаймыз», – дейді Әуезов ауданындағы № 202 мектеп-гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сапаркүл Лесова.