Түркияға көмек: қазақстандық еріктілер Кахраманмараш қаласына 100 қазақ үй тігіп жатыр. Олардың 23-і – 12-16 қанатты салтанатты ағаш үй болса, қалғаны темірден жасалған.
Түркиядағы жер сілкінісіне байланысты Қазақстаннан барған еріктілер 100 қазақ үйді қатты зардап шеккен Кахраманмараш қаласына тігіп жатыр. Түркия билігі ол үйлерге баспанасыз қалған адамдарды орналастырып, жақындарынан айырылған жандарға психологиялық көмек көрсетпек, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. Azattyq Ruhy-ке сілтеме жасап.
Алғашқы отыз үйді 14 ерікті қазақ жігіті «Kilavuzlu mesire alani» ұлттық паркіне тіге бастады. Этноауыл ретінде үйлер толық тігілген соң, Қазақстан халқының атынан қамкөңіл түрік ағайынға ас беріледі. 30 қазақ үй тікелей Түркия билігінің арнайы ұшағымен жеткізілді. Қазақ халқы жинаған қаржыға әртүрлі санаттағы үйлер сатып алынды. Бүкіләлемдік этноспорт қауымдастығының өтінішімен Түркия билігі шығарған арнайы ұшақ қалған үйлерді бүгін Алматыдан Ыстамбұлға жеткізеді. Ары қарай Адана қаласы арқылы көлікпен Кахрманмарашқа келеді. Олардың 23-і – 12-16 қанатты салтанатты ағаш үй болса, қалғаны темірден жасалған.
«Жалпы саны жүзге жуық киіз үй тігіледі. Барлығында қажетті кілем, өзге де жабдықтары толық алынған, жеткілікті. Қалғаны – темірден жасалған сүйекті үйлер. Темірге бекер таңдауымыз түскен жоқ. Біріншіден, арзан. Екіншіден, құралуы тез, 15 минутта 3-4 адам құрайды, байлап отырмайсың. Үшіншіден, Арменияға киіз үй жібергенде, ол жақтағылар қазақы үйдің не екенін білмеген жұрт киізін, уығын өртеген. Бұл көңілге де, жүрекке де ауыр тиеді екен. Ал темірмен ондай нәрсе жасай алмайсың. Осындай себептерге байланысты киіз үйдің темір сүйектісін таңдадық», - деді қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырушы Нұрбек Бекбау.
Оның айтуынша, Түркияға киіз үймен бірге жылыту пештері де жеткізіліп жатыр. Қазақ үйлер палаткаға қарағанда жылы, кең әрі көңілі мұңды, қайғылы жандар өзін баспанада тұрғандай сезіне алады.
«Біз кеше келіп жеттік. Сынап көру үшін өзіміз ішінде ұйықтадық. Әрине, суықтау. Бірақ біздің жүкпен бірге арнайы 61 дана жылыту құрылғысы келе жатыр. Солар арқылы үйді жылытамыз. Түріктердің өздері де «палаткалар суық, жылынбайды» деп жазып жатыр. Соның кесірінен адамдар ауырып қалып жатыр екен. Киіз үй тігуге елімізден 14 адам келді. Бәрі шетінен таңдап алынды. Тимур Сыпатаев сияқты бұрын әскери салада қызмет еткен адамдар, соның ішінде өзін өмір бойы киіз үй тігуге арнаған атамыз бар. Қысқаша айтқанда, сайдың тасындай іріктелген адамдар келді», - дейді ол.
Бұл бастаманы көптеген қазақстандықтар қолдады. Мемлекеттен ешқандай қаржы бөлінбеген. Жеткізу жағын тікелей Түркия жағы мойындарына алған. Қазақ халқы 20 млн теңгеден астам қаражат жинады. 17 млн 300 мың теңгеге 45 киіз үй алынған. Кейін тағы 2 млн 700 мың теңгеге тұрмыстық заттар алынды. Одан бөлек, отандық кәсіпкерлер 50 киіз үй сатып алып, әуежайдың қоймасына жеткізді.
«Түрік еліне көмекке келдім. Жасым 60-тан асса да, Алматыда тыныш отыра алмадым. Көмегімізді соңына дейін береміз. Құдай мұндай ауыр жағдайды басқа бермесін. Қираған үйлерді көріп жүрек ауырды. Жылаған ана, егілген әке, еңіреген бала. Өте қорқынышты, қиын, ауыр жағдайды көрдім. Біздің ниетіміз – түркиялық ағайынға демеу беру, бауырмалдығымызды көрсету, туысқан халық екендігімізді білдіру», - Береген Сыпатаев.
Қазақ үйлер кейін осында біржола қалады. Этноауылда алдағы күндері Кахраманмараш қаласының тұрғындарына тұрақты ас беріледі. Зілзаладан зардап шеккен әйелдер мен балалар қазірдің өзінде тігіліп жатқан қазақ үйлерді айналшақтап, қоныстанатын сәтті күтіп жүр.
«Өте ауыр, айтып жеткізу қиын трагедия. Олар біздің үйлерде тұрып, қазақ елінің жылулығын сезінсін, шаршағанын бассын, қауіпсіз өмір сүрсін. Қазақ үй жер сілкінісі кезінде құламайды, қауіпсіз. Шаңырақ пен уық сияқты қазақ-түрік елі бір, бірліктеміз. Татулығымыз тұрақты. Осындай идеяларымызды да айтып жатырмыз. Олар бізге көмектесу арқылы үй тігуді де үйреніп жатыр», - деді Алматыдан келген ерікті Жарқынбек Ахметсакиұлы.